0 дауыс
4.6k көрілді
Қазіргі заманда дос деген кім? Жолдас деген кім?

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап

Шертпе күйдің шебері Тәттімбет: «Достық екіге бөлінеді. Бірі - адал достық, екіншісі - амал достық» деген екен. Осы сөздің тереңіне үңілдім, ой таразыға өлшеп салдым. Жауабын тапқандай болдым, бірақ бүтін бе екен, бөлшек пе екен, бағасын көптің көкейімен бағамдауға бекіндім.

Дос дегенді жеңіл-желпі қарау, оңай орайға салу қисынсыз. Өте жақын әрі тығыз байланыстың байламы. Бәлкім, арадан қыл өтпейтін, ештеңе бөгет бола алмайтын, ғұмыр  келбетінде қасыңнан табылып, жеке басынан сені артық көретін адамға тән рухани жақындастық шығар. Әлде, өлімге де бас тігетін, өмірде де жаныңа нәр себетін жанашыр ма екен? Сірә, досы үшін ешнәрседен де аянбайтын адам болар. Олай болса, шамалап шешімін іздеп көрелік.

Ия, дүниедегі ең ұлы сезімдердің бірі – достық. Алайда осы ауыр жүкті кім көтере алады?  Меніңше, адал дос – ата-анаң! Туылған күннен өле-өлгенше сенің тілеулесің, жанашырың, тіпті балам деп жанын отқа да, суға да салатын сақа кісілер солар. Бір ғана мысал. Қай әке-шешенің де ең осал жері - баласы. Сол үшін тұтқынға да түседі, басын өлімге де тігеді.

Ал, енді амал достық туралы. Ол – өзіңнің бірге туған, бір бүйрегі бұрып тұратын бауырларың. Саған тілектес, ниеттес жандар. Бір ғана айыбы бар, қай туысың да өз баласына  барынша беріледі, бақсақ, бауырын да жек  көрмейді. Өйтпеске амалы жоқ. Өріс бірге, бөліс басқа деген осыдан шыққан. Жалпы, әйел жолда, бала белде, олардан бауыр артық дейтін ұстаным көненің көзіндей бірен-саран болар, алайда баласын биік ұстау барлық азаматқа тән жағдай.

Қызық енді басталды. Сонда басқалар дос емес пе деген сауал туындайды. Жоқ, олар жолдас. Қоғам қайраткері Ғафур Мұхамеджанов айтқандай, мұндай санаттағылар жолдан қосылған дегенді білдірмейді, ол да саған жақын, сырлас, жанашыр болады. Дегенмен ата-анадай адал досы үшін жан бере алмайды! Жан тәтті!

Кейбіреу майдан даласында жаралы досын жау қолында тастап кетпей, басын өлімге тігіп, қиын-қыстаудан алып шыққан досты қалай атаймыз деген пікір айтуы мүмкін. Дұрыс. Келісемін. Бірақ бұл жерде патриоттық сезім жоғары тұр.

Тағы бір тура мысал. Жігіттің жары өмірлік серігі ғой. Өлшеулі ғұмырдың басым бөлігі жарының жанында өтеді, бір жастықта қартаяды. Ауырсаң, қиналсаң, қасыңда болатын, ас-суыңды, киім-кешегіңді дайындап, ұрпағыңды көбейтіп, оны өсіріп, сенің қызметтік, өмірлік қағидаларыңды қолдаушы - асыл жарың. Сол жарың күйеуін не дейтінін білесің бе? Жолдасым дейді. Демек, жаныңдағы жарыңның өзі жолдас десе, басқалар да жолдас емей не?

Қимастық, сыйластық қарым-қатынасты дос, туыс, бауыр секілді санатпен сабақтауға болады. Бірақ әрбірінің өз салмағы бар. Мен өз түйсігімді, түсінігімді, өз бағытымды ұсындым. Сіздер не дейсіздер?

Толығырақ: http://halyk-gazeti.kz/index.php?option=com_content&view=article&id=3644:2015-01-29-04-53-39&catid=10:2011-11-18-09-11-48&Itemid=10

...