0 дауыс
1.1k көрілді
Қазақстан жастары қаншалықты саяси сауатты?

1 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап

ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ САЯСИ САУАТТЫ МА?

Саясат. Бір қарағанда ауқымды әрі тым терең дүние. Көп адам саясатты сөз етуден қашады, мұның себебін «Мен саясаттан аулақпын, менің саясатқа қатысым жоқ!» деген уәжбен түсіндіреді. Бірақ, иә, бірақ бұл – қоғамдағы кез келген адам соншалық сауатты болмаса да, хабардар болуға тиісті тақырып. Неге? Себебі, қарапайым шаруаның өзі жайылымдық жерін, егіншінің өзі егістігін заңдастыруға міндетті. Баспаналы болғысы келмейтін жан жоқ, ол да түрлі Заңдардың негізінде меншіктеледі. Сіз мектеппен шектеліңіз, мейлі, білім аласыз, емделесіз, саяхаттайсыз, үйленесіз, бала тәрбиелейсіз, жұмыс жасайсыз, зейнетке, тағысын тағы. Қысқасы, сізге қатысты дүниенің бәрі де ең алдымен сол саясат шеңберінде електен өтіп, іс жүзінде қабылданады. Жә, тақырыпқа тұздық болсын дедік, саясаттың әр адам үшін маңызын айқындап алдық, енді негізгі ойға көшелік. Әр қоғамның басты күші, айнасы десек те болады, ол – жастар. Бұл тұрғыда әлемнің екінші ұстазы Әл-Фарабиден артық айтқан адам болмаған болар: «Сен маған жастарыңды көрсет, менің еліңнің болашағын айтып берейін». Ал ел болашағының бетпейнесі болатын жастар жоғарыда сөз еткен саясатта қаншалықты білімді? Осы тақырып төңірегінде оқырмандарымыздың ойын білмекке бет алған едік. Сонымен, Қазақ жастары саяси сауатты ма? Саяси сауатты деп кімді айта аламыз?

Руза БЕЙСЕНБАЙТЕГІ – жеке кәсіпкер:
Қазіргі кезде жастардың саяси сауатты болуы күйіп тұрған мәселе десе де болады. Өйткені әр көзі ашық қазаққа белгілі жайт – Отанымыз бір қауіпті өтпелі кезде тұрғандай. Жер, тіл, тарих мәселелері әр отансүйгіш жасты бей-жай қалдырмасы анық. Өзім кеңес заманында, «Желтоқсан» көтерілісіне қатысты "ояндым". Өзімнің кім екенім, қоғамда қазақтың орны қандай болу керек екені сол кезде көп толғантты. Қазір де, жастарды күн тәртібіндегі (тафталогиямды кешіріңіз) күйіп тұрған проблемалар оятуы бек мүмкін.
Саяси сауатты адам бірінші кезекте елде не болып жатқанын қадағалау керек деп ойлаймын және әлемде сондай жағдайларға байланысты қандай оқиғалар болып жатқанын, көрші елдердің, басқа да, құдай сақтасын, елге қауіп төндіретін мемлекеттердің бізге қатысты саясатын да бақылап, соларға қатысты азаматтық позициясын білдіре білуі керек деп есептеймін.

Жанат ҰБАЙДОЛЛАҚЫЗЫ – педагог, заңгер:
Менің ойымша, қазақ жастары саяси сауатты емес. Әрине, саяси сауатты мамандық алған жастар бар, жалпы, жастар саясаттан өте алыс. Саяси тұрғыдан сауатты болу үшін көп оқу керек. Біздің жастарымыз саяси талаптамалар немесе мәліметтер жасаған жағдайда жалпылама үстіртін сөздермен шектеледі. Саяси мәлімдеме жасағанда немесе саяси талаптар ұсынғанда сол тақырып бойынша егжей-тегжейлі зерттеп, барынша жан-жақты талдап барып мәселені қозғау керек шығар. Әйтпесе, отқа түскен көбелек секілді күйіп жатқаны. "Қандай халық – сондай күш" деп бекер айтылмаған. Саяси сауатты және білімді халықпен билік барлық уақытта санасып отырады.

Сауле АЛИПОВА – мемлекеттiк кызметкер:
Қоғамдағы қазіргі жастарымыздың саяси сауаттылығына күмәнім жоқ. Себебі өзім сондай білміді әрi жаңашыл жастармен жұмыс жасаймын. Саяси сауатты деп, әрине, көзi ашық, білімді және тәрбиелі жасты айтар едім. Дұрыс тәрбиеленген адам қай жағынан болса да білімдіден асып түсер тірлік жасайды. Саяси сауатты жас ең бірінші өз құқығын білу керек.

Дәулет СЕРІКБАЙ – жеке шаруа:
Саяси сауатты жастар көп қой, бірнешеуін айта кетейін, мысалы: Еділ Мәкен, Амандық Дәулетбекұлы сияқты жастарды айтар едім. Олар саяси сауатты әрі белсенді, әділетсіздікке жаны төзбейді, ел үшін шырылдайды да жүреді, елде бәрі жақсы болса екен дейді, одан басқа жаман ниеттері жоқ деп ойлаймын. Нұрсерік Жолбарыс, Жарқын Түсіпбекұлы сияқты жігіттерді де саяси сауатты деп айта аламын. Олар биліктің сойылын соғып отыр деп ойламаймын, олар да елге үлесін қосқысы келеді, музей саласында, ақпарат саласында қызмет етіп жатыр. Олар үкімет жасаған бағдарламаларды өз салаларына тиімді пайдаланады. Айтары бар, идеялары бар жігіттер, яғни саяси сауатты деп осындай жастарды айта аламын. Ал сайлау кезінде аттандайтын партиялар студент жастардың өз ойын айтуын шектеп отыр деп ойлаймын. Олардың өз ойы бар азамат болып қалыптасуына кедергі келтіріп отыр. Жалпы, әр адам өз құғығын білуі керек деп есептеймін.

Гүлім ОРАЗБАЙ – Қарағанды кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы: 
Жоқ, мүлдем. Саяси ғана емес, грамматикалық сауаты да жоқ басым бөлігінің. Саяси сауатты деп, ең болмағанда, Заң оқыса - түсіне алатын адамды айтар едім.

Ғабиден ЖӘКЕЙ – тарихшы, Ғ. Мүсірепов қорының төрағасы:
Қазақ жастары, әрине, саяси сауаты жоғары деп ойлаймын. Қазір 21 ғасыр – теxнология, инновация ғасыры. Саяси сауатты деп өз құқығын, тариxын, білімін, мәдениетін білетін, ұлтына, туған жеріне, Отанына деген ұлттық руxы бар адамды айтар едім. Әр саяси сауатты жастың бойында өз елін, жерін қорғауға деген сүйіспеншілік, ата-бабамыздың күреспен, ақыл, жігерімен қорғап, бізге қалдырған асыл мұраның бәрін келер ұрпаққа аманаттау міндетін жүрегімен сезіне алатын қасиет болуы керек. Қалғанын Алла өзі береді!

Иә, сонымен солай дедік, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – саяси сауатты жастар қоғам үшін аса қажет. Бәрінен де әлсіз қасиет – жауын жауса, өз жемтігінің жайынан өзгені ойламайтын індегі тышқанның бойындағы бейтараптық, бейқамдық. Қоғам дегеніңіз «олар» емес, «мен», «сіз»-ден басталып, «біз»-ден құралады. Қоғам үшін әр адамның үні қымбат, ал ол үннің сауатты шыққаны – сол елдің көсегесін көгертіп, алға жетелейді. Үні зор, үні зор шығуы үшін саяси сауатты, қоғамдағы әр іске атүсті қарамайтын, озық ойлы, ертеңгі елдің тұтқасын ұстар, жалынды жастарымыз көп болғай! Біздегі тілек сол ғана. 
Дайындаған: Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ

...