Бағдарлама бойынша биылғы жылы 2050 арнайы грант бөлінді. Оның ішінде 19 педагогикалық мамандықтарға 7 жоғары оқу орны (ЖОО) үшін арнайы 1050 грант, 23 колледжде білім алушылар үшін 35 мамандық бойынша 1000 грант бөлінді. Сондай-ақ, бағдарлама бойынша грант иегерлері стипендиямен, өңірлерге бір рет барып қайту жолақысы және жатақханамен, жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі. Ал, колледждерге түскендерге 3 мезгіл тамақ және оқу киімі қаралған.
– Арнайы гранттарға қатысуға шектеу бар ма? Кімдер қатыса алады?
– Бірінші кезекте бұл мүмкіндікті жоғарыда аталған өңірлердің биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысып, әртүрлі деңгейде ұпай жинаған барлық бітіруші түлектер, сонымен қатар кешенді тестілеуден өткен колледж түлектерінің де, мектепті бұрынырақта бітірген жастарға да пайдалануына толықтай мүмкіндік бар. Жоғары оқу орнына құжаттар тапсыру кезеңінде 4 оқу орнын таңдауға мүмкіншілік бар екендігі белгілі, алайда осы таңдаулар арасында төменде көрсетілген 7 оқу орнын таңдаған жағдайда арнайы бөлінген 1050 гранттың үміткері бола алады. Бір емес, төртеуге дейін арнайы грант беретін мамандықтарды таңдауға болады. Шекті ұпайға (50 ұпай) жетпеген бітірушілерге колледждерге тапсыруға және шығармашылық емтихандар арқылы қабылданатын мамандықтар бойынша грант иегері болу мүмкіндігі бар. Ал шекті ұпайға яғни 50 балл жинамаған, әрі бейіндік пән бойынша 7 балдан аз алған студент ЖОО-ға конкурсқа қатыса алмайды. «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша барлық оқу орындарына құжаттарды қабылдау комиссиясы жұмысы мен шығармашылық емтихандар Қызылорда қаласында өткізіледі. Жоғары оқу орындарға құжат қабылдау мерзімі 31 шілдеде аяқталады. Нәтижесі 8 тамызда шығады деп жоспарлануда. Ал колледждерге құжаттар 20 тамызға дейін қабылдана береді. Сол себептен ЖОО-ға грант иеленуге үміті ақталмаған түлектер техникалық колледждерге түсуге қосымша бағын сынап көруге болады.
– Қазіргі кезде колледжден гөрі ЖОО-ға түсуге құмартатындар көбейді. Колледж білікті маман дайындауға қауқарлы ма?
– Қазіргі таңда еліміздегі ең соңғы технологиямен жабдықталған өндірістерде жоғары білімді мамандарға сұраныс 15%-ды құрайды. Қалған 85%-ға орта техникалық білімі бар мамандар қажет. Ал сол сұранысқа ие мамандықтардың көпшілігін колледждер дайындап келеді. Мысалы: тау-кен технологиясы, темір жол, байланыс, көлік және коммуникация секілді өзге де салалар бар. Елімізде қазір автомобиль зауыттары көптеп ашылуда, осы зауыттарда колледж түлектері көлік құрастырушылар болып жұмысқа орналасуда. Осы көрсеткіштерге қарап-ақ, сұрағыңызға жауап алуға болады.
– Құжаттарды қабылдау комиссиялары қай жерде орналасқан?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, «Серпін–2050» бағдарламасына қатысатын 7 жоғары оқу орнының және 23 колледждің Қызылорда қаласында өкілдіктері бар. ЖОО өкілдіктер Абай даңғылы, 66 үй, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде орналасқан. Жоғары оқу орындары өкілдері аты-жөні және байланыс телефондары 1-қосымша тізімде көрсетілген. Құжаттарды қабылдау комиссиясы да осы оқу орнының №5 оқу ғимаратында қабылдайды. Байланыс телефоны: 8 (7242) 23-53-92, 27-44-28. Барлық 23 колледждің қабылдау комиссиялары Қызылорда политехникалық колледжінде орналасқан. Тел: 8 (7242) 22-85-43, 21-20-40, Жібек жолы көшесі, 12 үй.
– Ал бағдарлама аясында колледждерге де бөлінген гранттар тізімін оқырмандарымызға айта кетсеңіз...
– Мемлекеттік бағдарлама бойынша анықталған колледждердің және оларда бағдарлама бойынша таңдалынған мамандықтар тізімі, оның біліктіліктері бойынша мемлекеттік тапсырыстың көлемі төменде 2-кестеде келтірілген.
– Қабылдау комиссиясы жұмысына көңілі толмай наразылық білдірушілер табылса, кімге, қайда шағымдануға болады?
– Бұл бағдарлама іске асырылу мемлекеттік деңгейде бақылауға алынатыны сөзсіз. Себебі, ерекше әлеуметтік қоғамдық орны бар. Бұл қысқамерзімді жоба емес, биыл бастамасы ғана. Мен басқарып отырған Республикалық үйлестіру кеңесі балалардың оқуға түсуінен бастап, сол аймақтарға жеткізіп, оқу процесін жоғары сапада жүргізуін талап ету, әлеуметтік жағдайлары, спорт, мәдени шараларын қажетті деңгейде ұйымдастыруын бақылауды жүргізеді. Қандайда болсын арыз-шағымдарды қарауға дайынбыз. Бағдарламаның арнайы www.serpin-2050.kz сайтына жазуыңызға болады. Немесе менің жеке атыма хат жазамын десеңіздер e-mail: *Emails are not allowed* электронды адресіне жолдаңыздар.