Қарапайым сүю (мәселен үйден шығарда қоштасу секілді) жаиз болады. Ал шәхуатпен (құмарлықпен) сүю жаиз емес. Жүніп болу қауібі бар болса сүю мәкрух болады. Сүйгенде жүніп болса оразасы бұзылады және қазасын ұстауы керек болады. Малики мазһабында ораза кезінде әйелін сүю харам болады.
Ғұсыл – жүніптік жағдайдан тазару. Сондай-ақ, ғұсыл ел аузында «бой дәрет» деп те айтылады. Әйелдер етеккір немесе босанғаннан кейін келетін қан тоқтаған соң да ғұсыл құйынуы парыз.
Денені толық жуып, тазалануды ғұсыл құйыну деп атайды. Мұсылман жұма намазына, екі айт намаздарына барар алдын ғұсыл құйынып шығуы сүннет болып табылады. Алайда, сонымен қатар, міндетті түрде ғұсыл құйыну қажет жағдайлар бар. Олар:
1. Ұйықтап жатқан немесе ояу адамның (ер кісі және әйелдің) бойынан ләззатпен ұрықтың шығуы.
Үмму Салим пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп:
– Уа, Алла елшісі! Әйел баласы да ұйқыда ер кісі секілді түс көреді, бұл жағдайда ғұсыл құйынуы міндет пе? –деп сұрады.
– Құмарлық сезеді ме? –деді.
– Болуы мүмкін! – деді.
– (бойынан немесе киімінен) ылғалдық көреді ме?
–Болуы мүмкін!– деді.
–Ондай болса, ғұсыл құйынсын,-деп жауап берді.
Кісі ұйқыда жатып түс көрсе, алайда киімінен белгісін таппаса, ғұсыл құйыну парыз емес. Ал, ешбір түс көрмей, бірақ оянғанда киімінен белгі көрсе, ғұсыл құйыну шарт болады.
Ал, науқастық немесе басқа да салдар себепті, ешбір құмарлықсыз кісі бойынан ұрық шығатын болса, ол зәр болып есептеледі. Мұндай жағдайда тек дәрет алу қажет.
Сондай-ақ, ұйқыдан тұрып дәрет алып, намазын оқып болған соң киімінен жүніптік белгісін көрсе, ғұсыл құйынып, намазын қайта оқиды.
2. Ерлі-зайыптылар жыныстық мүшелері жанасса.
Айша анамыз (р.а.) бұл жайлы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Ұшы ұшына енсе, ғұсыл уәжіп болады» деген сөзін риуаят етеді.
Ер кісі мүшесінің басы әйел жатырына енсе, оған да, әйелге де ғұсыл құйыну міндет. Мұндай жағдайда кісінің бойынан шәуһат шықса да, шықпаса да мүшесі әйелдің жатырына енгендіктен, ғұсыл құйыну екеуіне де уәжіп болады.
3.Әйелдің етеккірі (хайыз) және босанғаннан кейінгі қан келу кезеңі (нифас) біткеннен кейін ғұсыл құйынуы парыз.
Құранда: «...қашан олар нақ тазарса...»,-деп әмір етілген. Әбу Ханифа Омар және Ибн Масудтан (Алла тағала екеуінен де разы болсын) риуаят етеді: хайыз (етеккір) – қаны тоқтаған әйел. Әйел етеккірден соң ғұсыл құйынбайынша, хайыз болып есептеледі.
Муъаз (р.а.): «Босанған әйел бір жұмадан соң тазарғанын көрсе, ғұсыл құйынып намазын бастасын,-деген.
Мәліметтер muslim.kz сайтынан алынды.