0 дауыс
2.9k көрілді

Орта тас ғасырының ерекшелігі

1 жауап

0 дауыс

Мезолит (мезо… және грек. lіthos – тас) — орта тас ғасыры, палеолит пен неолит аралығындағы тас дәуіріне жататын кезең. 

Мезолитте мамонт, мүйізтұмсық сияқты ірі және табын болып жүретін аңдар жойылып кетті. Жеке жүретін бұғы, қабан секілді аңдарды қуып жүріп аулау қажеттігінен аңшылар садақ пен жебені ойлап тапты. Садақ аңды алыстан атуға мүмкіндік берді. Сондықтан мезолит дәуірінің басты жаңалығы садақ пен жебе болып есептеледі.

Бұл дәуірдің үлкен жаңалығының бірі — ұзындығы 1-2 см ұсақ жаңқа тастан жасалған құрал (микролит).

Археологтардың қазба жұмыстары кезінде мезолиттік ескерткіштер аз табылды. Қазақстан аумағында 20-дан астам мезолиттік тұрақ белгілі. Бұл дәуірде аңшылар бір жерде ұзақ мекендемегендіктен, олардың баспаналары да тұрақты болмады. Мезолит дәуіріндегі адамдар үнемі жайылымдарын ауыстырып, өрістеп отырған аңдардың соңынан ілесіп көшіп жүрді. Аңшылар Ертіс, Есіл, Тобыл, Торғай, Жайық өзендерінің бойын мекендеген.

Мезолиттік баспаналар тұрақты болмады. Баспаналар жеңіл қос секілді, ағаштан айқастырыла құрылып, үстінен аң терісі жабылатын. Есіл өзені аңғарынан қабырғалары терең көмілген, көлемі 40-60 шаршы метр болатын осындай баспана табылды.

Б.з.б. 8 мыңжылдықта күн жылынып, қолайлы климат орнады. Мұндай жағдайда жылы үй салу аса қажет болмады.

Палеолиттің соңы мен мезолиттің басында үлкен табиғи-климаттық өзгерістер жүріп жатты. Жер бетін басқан алып мұздық еріді, қазіргіге ұқсас өсімдіктер мен жануарлар түрлері қалыптаса бастады. Мезолит дәуірі б.з.б. 12-5 мыңжылдықтар аралығын қамтиды.

Ғалымдар мезолит дәуірінің ерекшеліктері ретінде жануарларды қолға үйрету мен дәнді дақылдар өсіруді айтады. Терімшіліктің дамуы алғашқы қауымдық егіншілікке алып келді. Адамдар жерге жабайы өсімдіктер еге бастады. Аң аулаудан мал өсіру қалыптасты.

Мезолит заманында рулық қауым күшейді. Қауым үш топқа бөлінді: қариялар, ересектер, балалар. Балалар тобынан ересектер тобына өту бағыштау ғұрыптары (инициация) арқылы жүзеге асырылды. Ұлдар аң аулаудан, садақ атудан, ал қыздар үй шаруасынан, тамақ дайындаудан сынақ тапсырды.

Егіншіліктің шығуы әйелдер еңбегіне байланысты болған. Алғашқы егіншілер жерді таяқ қазғышпен қопсытты, кейін қайланы, үшкір тас бекітілген тесені ойлап тапты. Егінді оратын тас орақты және дәнүккішті жасады.

Мәліметтер ашық ақпарат көздерінен алынды.

...