Қазақстанда Орал тауының оңтүстік бөлігі - Мұғалжар тауы орналасқан. Тау Жаманқаланың (Орск) тұсынан басталып, солтүстіктен оңтүстікке қарай созыла орналасқан, ұзындығы - 450 км, ені 30 км, орташа биіктігі 450-500 м. Ең биік нүктелері - Үлкен Боқтыбай (657 м), Айрық (633 м). Тау Орал тауының жалғасы болып табылады. Ол экзогенді процестер әсерімен мүжіліп, аласарған таулардың қатарына жатады
Жер бедері мен құрылысы
Мұғалжардың пайда болу жолы да, жер бедерінің құрылымы да Орал тауына ұқсас. Одан айырмашылығы шығыс беткейлері көлбеу, батыс беткейлері жарқабақты келеді. Тау батыс, шығыс болып екі жотаға бөлінеді. Оларды Біршоғыр ойысы бөліп жатыр. Мұғалжар - герцин қатпарлануында пайда болған палеозойлық таулы өлке. Олар, негізінен, магмалық, метаморфтанған және ішінара палеозой мен мезозойдың әр кезеңінде нығыздалған шөгінді жыныстардан тұрады. Мұндағы тау қатпарларының тегістелуі Сарыарқаға ұқсас. Оның жер бедерінің қалыптасуына да жыныстардың жас шағының құрамы мен эрозиялык, денудациялық процестер әсер еткен. Батыс Мұғалжар таудың бас жотасы саналады. Ол солтүстіктен оңтүстікке карай биіктей беретін тау тізбегі. Айрық пен Үлкен Боқтыбай тұсында едәуір биік көрінеді. Одан оңтүстікке карай біраз аласарады да, Жамантау тұсында Атжақсы өзенінің жоғарғы ағысында тік жар болып бітеді. Таудың бұл бөлігі порфирит, кварцит, девонның кристалды тақтатасы, әктас, карбон мен пермнің құмтастары сияқты жыныстардан түзілген. Батыс Мұғалжардың биік шыңдары осы жыныстардың ең қатты шөгінділерінен түзілген. Шығыс Мұғалжар батыс бөлігіне қарағанда тұтас көрінбейді, жеке-жеке аласа таулардан тұрады. Және оңтүстікке ұзаған сайын аласарып, қырқа, жалдарға үласады. Бұл Сарыарқаға ұқсас толқынды кырат болып көрінеді. Ол кембрийге дейінгі кристалды тақтатастан, порфириттен, диабаздан, т.б. жанартаулы жыныстардан, силурдың метаморфтанған тақтатасынан түзілген.
Пайдалы қазбалары
Мұғалжар тауының қойнауы никель, кобальт, хромит, мыс, қара және сирек металға бай. Кемпірсай өңірінде Хромиттау, Никельтау кен орындары ашылған. Біршоғыр бойында көмір кені бар. Осы маңдағы бор дәуірінің аяғында пайда болған мергельді әктас цемент өндірісіне пайдаланылады. Оңтүстік Мұғалжар құмынан шыны жасалады.
Климаты
Климаты құрғақ, континенталды, өзімен іргелес Жазықтарға ұқсайды. Дегенмен аласа болғанымен тау жүйесі ауа қозғалысын бөгеп, өз маңын 1°-2°С-ка болса да салқындатып тұрады. Жылдық жауын-шашынның орташа мөлшері 300 мм. Жазы ыстық, кейде 38°С -қа дейін көтеріледі. Қысы боранды, аязды, кейде -40°С-қа дейін төмендейді. Мұғалжар тауынан соғатын суық жел бар, кейде ол дауылға ұласады.
Су қоры
Мұғалжар өңірінің климатының құрғақтылығына ондағы жер беті суларының тапшылығы әсер етеді. Таудан бірқатар өзендер (Жем, Ырғыз, Ор, Тобыл, Талды) ағып шығады. Бірақ олардың көбі су қорын қар суынан жинайды да, жазда тез тартылып қалады. Керісінше, онда жер асты суының мол қоры табылған. Қазір ауыз су есебінде де, шаруашылық үшін де жер асты суы пайдаланылады.
Өсімдіктері мен жануарлары
Мұғалжардың батыс бөлігі боз, бетеге мен селеу өсетін қиыршық тасты, ашық түсті қара қоңыр топырақты болып келеді. Суайрықтары мен ойыстарда құмайт топырақ молдау. Онда негізінен селеу, көде, жусан өседі. Жер бедері күшті тілімденген ойыстарда ақ және қара жусандар тобына жататын өсімдіктер кездеседі. Сайлардың жоғарғы беткейлерінде қараған, тобылғы, жабайы шие мен әр түрлі бұталар, өзен бойларында терек, қайың, емен, тал өседі. Мұғалжардың ұсақ шоқылы құрғақ даласында қара қоңыр топырақ қалыптасқан. Онда дала мен шөл зоналарына тән өсімдіктер жамылғысы қалыптасқан. Сортаңданған қара қоңыр топырақ жамылғысында бетегелі, үлпілдек селеу, көкпек шығады. Егер Мұғалжардың батыс беткейінің біраз бөлігі егіншілікке пайдаланылса, шығыс бөлігі тек мал жайылымына ғана пайдаланылады. Жануарлары да дала, шөлейт, шөл зоналарына тән аң-құстардан тұрады. Дала мен тау аңғарларын ақбөкен, жабайы шошқа, қоян, қарсақ, қасқыр, түлкі, сарышұнақ, аламан тышқаны мекендейді. Өзен-көлдерінде аққу, қаз, үйрек, қырда безгелдек кездеседі.
Мәліметтер kk.wikipedia.org сайтынан алынды.