Ол менсіз, жоооқ… мен онсыз өмір сүре алмайтын халге жеттім. Тым аянышты. Бірақ, үйреншікті жағдай болып кеткендей. Күнделікті жұтып жүрген ауам да, тамағым да сол , тіпті бірге ажырамай ұйықтайтын болып кеттік. Бір күн оның есігінен қақпай қалсам, жан-дүниесіне бойламай өзіме біраз болсын бостандық сыйлауға тырысайын десем де, жүрек құрғыр іздеп тұрады. Мен оған байлаулы болып қалған сындымын һәм кез-келген жерден тамақ тімсіп іздеп жүрген кішкентай күшіктеймін. Осындай бір тәуелділікке ұрынып жатқаныма қарамай, өзім ғана емес қасымдағы жандардың да осы халге душар болуына себеп болып жүргендеймін.
Ал, енді осы досымның беріп жатқан пайдасынан қарағанда зияны артып бара жатқандай. Алайда, оны көзі шел болып бара жатқан тәуелді ұрпақ әліде болсын аңғара алмай жүр. Аңқаулығымыздың арқасында ұлттық тәрбиеміздің, бар уақытымыздың , құндылықтарымыздың бір тармағын осыған әкеліп байлап тастағандаймыз. Қазір, сол күрмеуді шеше алмай әуіре-сарсаңға түсіп жатырмыз. Мен ғана емес сізде өзіңізді оның кішкентай бөлшегі ретінде сезінуге мәжбүр болып жүрсіз. Себебі, ортақ досымыздың күнделікті жағдайымен хабардар болып, тыныс-тіршілігімен танысып отыру дағдыға айналды. Адамнан жақын болып кеткен қандай дос бұл деп ойлап отырған боларсыз?
Ол –ҒАЛАМТОР. Оның терезесінен мен тек шектеулі дүниелерді ғана көріп дағдыландым. Бұл тек менің басыман өтіп жатқан жағдай емес, ол жалпы ғасыр індеті болып кеткендіктен бар пенденің мойнына түскен қыл арқан. Ғаламторды мойнымызға тор етіп салған адамдардың еш кінәсі жоқ , соған еріксіз келісіп жүрген пенденің үлкен қателік жасағаны анық. Әрине, еш пайдасы жоқ дүние деп үзілді-кесілді айтуға да болмас. Алайда, біздің қоғам осы ғаламтордың пайдалы жағынан гөрі пайдасыз жағына басымдық берді. Қашанда жақсы емес, жаман дүниелерге құштар болып тұратын әдетімізге салынып кеттік. Әр адам өз игіліне жарайтындай дүниені алып жатса, онда ғаламтор арқылы мына әлемнің көкжиегін кеңейтіп, тынысымызды тарылтпаушы едік. Біз керісінше, кері қарай кетіп барамыз.
Ғаламтордың табалдырығын көзін тырнап ашқан сәбиден бастап, қолына таяғын ұстаған кәрі ата-әжелерімізге дейін аттап жатыр. Ешқандай шектеу жоқ. Өзіміз қалай кәсіби тұрғыдан сауатты және тиімді қолдануды білмей жатсақ та, көппен көрген ұлы той деп, ел бастаған көшке қарай ілесуге асықпыз. Батыстың бар қазынасын сарқуға құштарланып, ғаламтордың ішінде өзгенің жат мәдениетіне тамсанып, таңданып , еліктеп атой салып жүрміз.
Күнделікті денсаулыққа келіп жатқан зиянның ұшан-теңіз екенін жақсы аңғара аласыз ба? Сонда да, шешінген судан тайынбай, тәуекелдің жел қайығына ілесіп алып, ғаламтордың ғаламатын білуден еш қашқақтамаймыз. Күні бойы сайын далада сайран салып , асау тайды үйретіп жүрген ұрпақты емес, ұялы телефонның құлағында ойнап жүрген ұрпақтың өсуіне ризамыз.
Ғаламторға сыйлап жатқан денсаулығымның бір бөлшегін ешкімде маған қайтарып бере алмасы анық. Көз жанарымның майын тауысып жүрген, омыртқамды бүкірейтіп майыстырып жүрген, бойыма салмақ қосып, ойыма сергектің бермей жүрген жақсы да болсын, жаман да болсын дос деген атағы бар ғаламтордың түбінде өз денсаулығымма үлкен соққы болып тиеріне еш күмәнім жоқ.
Құм сағатта сырғып жатқан уақыттың белінен басып, еркімнен тыс болса да жартысын оған сыйлауға мәжбүр етуде. Әрине, ол маған уақытыңды аламын деп айтқан жоқ. Өзімнің осыған еш қарсылықсыз көнгеніме таңым бар. Күнделікті екі-үш сағатымның еншісіне жармасып жүрген ғаламторды құрдымға жібергім келіп-ақ тұрады.
Интернеттен алып жатқан білімді ешқашан ескірмес адал досымз кітаппен таразыға қоя алмаспыз. Кітаптан алған білімнің құнын ешқандай өзге бір дүние бізге бере алмайды. Себебі, кітап ол үшін меннен ешқандай ақы талап етпейді. Бар болғаны талап пен сабырдың мықты болуы керек. Ал, кітапқа бас ұрудан ат тонын ала қашатын біз сияқты ұрпақтың ғаламтордан алып жатқан шала да жалған дүниеге жақын болып тұратын жарты білімінен зиялы ұрпақтың тәрбиеленетіне өз басым күмән келтіремін. Біз осы жолды дұрыс көрдік. Өз білім көкжиегімізді ғаламтордың терезесінен ары асырмай-ақ, өтірік –шыны белгісіз болып тұрсада , алған мәліметімізді күнделікті қажетімізге жарата береміз. Мектептегі әріпті жаңа үйреніп келе жатқан баладан бастап , ізденуге емес, ғаламтордан оқып үйренуге қарай бағыт сілтеудеміз. Осылай бет түзеп, білімді ғаламтордың құпиясынан артық көре алмаймыз.
Ғаламтор жайлы айтқанда тек жаман жақтарын көретін себебім, қоғамда жаға ұстататын жағдайлардың барлығы дерлік осы арқылы тарап, өз уытын шашып жатқан жоқ па?
Адам денесін түршіктірер жағдай орын алса, ғаламтордың бетінен түспей, жалпақ жұртқа жар салады. Жақында орын алып жатқан қоғамдық дерт болып кеткен «Синий кит» ойынының түп-тамыры осы ғаламтордың өзінен бастау алды емес. Ар жағында үлкен бір саясат жатпасына кім кепіл? Өзі аз ғана халқымыздың қатарын, адам санасына кіріп шықпайтын індетпен улап, азайтқысы келеді. Амал қанша, осы індетке бой ұсынып, беріліп кетіп жатқан жастарымыздың да қатары аз емес. Күні-бойы әлеуметтік желілерде отыратын ұрпақтың жаны жараланса, көңіліне кірбін түссе болды бар жұбанышты беті ғана жылтырап тұратын ғаламтордан іздейтіні таң қалдырады. Қайсар да өр, табанды да жігерлі қазақтың ұрпағының осыншалықты төмен қарай құлдырап кетуіне кім кінәлі ?
Ол әрине, тұсаусыз кеткен ғаламтордың бізге беріп жатқан теңдесіз сыйы…
…Ғаламтор және мен. Мен бар болғаны оның асырап алған баласы сияқтымын. Жан-жағыма жалтақтап, қай мемлекет керемет бір дүние ойлап шығарып , бізге береді екен? Қай елдің өнімін пайдаланып, тәуелді болады екенбіз деп күтіп жүрміз. Аңқау қазақтың аңғалдығына салынып кеттік. Неліктен өзіміздің ғаламтор желімізді жасап, алпауыт мемлекеттермен иық тіреспейміз. Оған біздің қауқарымыз әбден жетеді. Сол кезде ғаламтор өз ұрпағымыз үшін, халқымыз үшін пайдалы да өнімді дүниеге айналатын болады. Себебі, өзіміз жасаған дүниені пайдалы да тиімді ету өз қолымызда. Бұл болашақта кезек күттірмес мәселе.
Мен және ғаламтор. Алғашқы парағы ашылғанда елеусіз және пайдалы да керемет бір дүние көрінетін ғаламтордың ішіне жасырып жатқан өткір жүзі осыншалықты мықты болады деп кім ойлаған? Мен оны өзіммен қатар қойып, күнделікті жұтып жүрген ауамның сол екенін мойындайды деп кім ойлаған?
Қазіргі қазақтың жұбанышы мен қуанышы , айырылмас досы, бар ғұмырының жазылып жатқан жарты парағы ғаламторды өмір бақи өзімізге тор қылып алмайық…
Мәлімет ашық ақпарат көздерінен алынды