Халық шаруашылығын қалпына келтіру кезінде жүргізілген жаңа экономика саясаты тұсындағы қилы-қилы оқиғалар мен әр алуан күрес-тартыстар, шын мәнінде, “Дауылдан кейін” романында көркемдік шешімін тауып, жазушы тарихи бір кезеңнің картинасын алға тартты. Көптеген әңгіме, очерк, бірлі-екілі роман, повесть бой көрсеткенімен жаңа экономика саясаты тұсындағы ел өмірі, көркем шығармада ашық алаң тәрізді болып көрінетін еді. Ғабиден Мұстафин “Дауылдан кейін” романында осы бір оқиғаны әр тараптан қамтыған да, революциядан кейінгі кезде болған күрес-тартыс, ұлы өзгеріс, зор жаңалықтар бір-бірімен жалғаса суреттеліп, тарих шежіресінен көркемдік түйіндеу жасаған.
Романдағы Жұмабек Ералин, Алексей Федорович осы бір игі істі өз қолдарына алған. Бұл жолда көлденең тұрған кедергі де, ер төзімін сынға саларлық небір қиыншылықтар да аз кездеспеген-ді. Ұлан-байтақ кең сахараны билеп, төстеп келген би, болыс, бай-феодалдар бас көтеріп, ырық бермеуге айналған. Міне, осыны жазушы Мақыш, Малқар, Шәкен төңірегінен көріп, сол бір кездің шындығын типтендіре суреттейді.
Осыған орай, романның сюжеттік желісі таптар тартысына құрылады да, ұнамды герой күрес, тартыс үстінде танылады.
Шығармада екі-ұдай, екі жар болып келетін, таптар тартысы типтік жағдайдың аясында алынады да, бір-біріне бетпе-бет келген шақтарда характерлер өзіндік өзгешелігі, өзіндік даралығымен айқындала түскен.
Осы салада романның оқиғасын қоюлап, бір эпизодтан екінші эпизод туындап отырады да, қаһармандар қақтығысы жиілеп, ұнамды, ұнамсыз бейнелер топ-топқа бөлініп, жеме-жемге келгенде бірін-бірі іздеп табады. Бұл бағдарда жазушының ұстаған позициясы ашық бояуын тауып, мүдде-мақсаттары жағынан қаһармандар әлеуметтік-таптық қайшылықтың ішкі сырын түйген.
Осы бір жайды терең бағдарлайтын суреткер ауыл ішінде қым-қуыт, қиян-кескі талас-тартыстарды өрбітіп, ушықтырып отыратын. Малқар мен Шәкендердің бір пердесін ашып, бірді-бірге соғып, ел тыныштығын бұзып жүретін Жақып пен Шөген әрекеттерін жіліктеп шағып, сендіре суреттейді.
Романның түйіні шындық. Кең сахараның қиян бір түкпірінде болып жатқан талас-тартыстан үлкен оқиға өрбіген. Малқар болыстың ел ішіне салған лаңы бүкіл ауылды қамтыған. Қос тазысын ертіп, ақбоз атпен таң сәріден аңға шығып өзімен өзі болып жүрген Аман да осы лаң-жанжалдан тысқары қалмайды.
Роман оқиғасының өзекті арқауы болып, басынан аяғына дейін қатысатын бас герой – Аман. Алғаш ол ел ішіндегі дау, жанжалдан бойын аулақ салып, аң аулаудың қызығымен ғана жүретін.
Аман аң аулаудың қызығына батып жүрген кездерде талай дүние өзгеріп, талай дүние жаңарып, ауыл кедейлікті қолға алып та үлгерген-ді. Аман, міне, осылардың бәрінен тыс, өз қызығы өзімен болып, жүріп жатқан бір жан.
Осы бір көріністерге байланысты сыншылар тарапынан Аман және оның қарсыластарының төңірегінде әр қилы пікірлер де болды. Оның бірінде Аман шықпаған образ десе, енді бірінде, осы романның басты геройы бар ма, бар болса ол кім деген сұрақтар да қойылды. Әрине, бұл ойланатын да, ойландыратын да жайлар.
Әдетте бас геройдың іс-әрекеті қоғамдық орта, әлеуметтік мәселелердің төңірегінен алынып, болып жатқан оқиғаға бірден қоян-қолтық араласса, ол сияқты геройдың тағдыры да күрес, тартысы да қауырт басталып кетеді де, өзінен көз жаздырмайды. “Дауылдан кейінде” Аман ондай емес, ұзақ уақыт ойланып, толғанумен жүреді де, өмір өзгерістерін жіті барлай алмайды. Өз геройын байтақ қазақ даласының аса бір алыс түкпіріндегі ауыл өмірінен алып суреттейтін жазушы шындықтан тыс кетпей, Аман характерінің қалыптасу заңдылықтарын эволюциялық жақтарынан алып дәлелдеп, біртіндеп жетілдірген.
Аман сыры тым тұңғиық, сол себепті де ауыл ортасында ол жөнінде әр түрлі болжам, әр қилы пікірлер тараған. Біреулер Аманды “жуас”, “момын” десе, енді біреулері “момын” дегенше жаман десейші деп өзара таласып жатады. Соның барлығы да Аманның жүріс-тұрысына риза емес. Ел болып, жұрт болып, жаңалыққа бет қойып, ендігі өмір тек біздікі ғана емес пе деп, белдерін бекем буып жатқанда Аман бәрінен де бейхабар тәрізді.http://adebiportal.kz/kz/retailing/view/410