0 дауыс
545 көрілді
Сайрам шайқасының сардары кім еді?

Осы күнге дейін не себепті аталмай келген?

Қандай деректер кездеседі?

1 жауап

0 дауыс
 
Жақсы жауап

Кеңестік дәуірде солақай саясаттың салдарынан аты аталмай келгені болмаса, Тілеу Айтұлы тарихта қалған және өзінің батырлығымен, билігімен ерекшеленген тұлға. Түркістанда Тәукені хан сайлауға қатысқан би әрі батыр, Күлтөбеде сөз алған белгілі ер, Сайрам шайқасының сардары.

Тілеу ұрпақтарының ішінде қазақ тарихында орын алған тұлғалар да жетерлік. Ал Тілеудің өзі – халқы үшін қырғын соғыста ерлігімен көзге түсіп, қасиетті Түркістанда, Қожа Ахмет Йассауи кесенесінде қазақтың ел билеген хандары мен билерінің, батырларының қатарында жерленген есімі ерекше тұлға. Есім, Тәуке, Абылай хандар, Қаз дауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек батырлар жерленген зират тізімінде «Шекті Тілеу батыр Айтұлы 1630-1684 ж.ж.» деп жазылған. Түркістан қаласында Тілеу және оның баласы Жолдыаяқ, немере інісі Қалдыбай хан Қабақұлы атында көше бар.

Алдымен Тілеу Айтұлының арғы бабаларына тоқталайық. Жақан Дәуренбекұлы мен Сансызбай Құттыбайұлы 1992 жылы Алматы қаласындағы «Рауан» баспасынан кітап етіп шығарған «Алты ата Әлім» атты шежіреде мынадай деректер айтылады. Жаманақтың (Шектінің шын аты) үлкен ұлы Шыңғыс жылқы қайырып жүріп, өлім халінде талықсып жатқан балаң жігіттің үстінен шығады. Аузына су тамызып, есін жиғызады. Шыңғыс бала тауып алғанын хабарлап, оны сүтке шомылдырып, асықты жілік ұстатып, өзіне бала қылып жеке үй тігіпті. Балаң жігіт өзінің аты-жөнін, шыққан тегін айтпапты, ел ішінде Мәку атала бастапты. Оған Зеріп атты ақылды қызды алып береді, бірақ жігіт көп ұзамай дертке ұшырап, қатты науқастанады. Жігіт ауру меңдей бастағасын, Шыңғысқа бар шындығын айтады. Өзінің атының Қалу екенін жасырмайды. Әкесінің аты Сирақ екен. Сирақтың әкесі атақты Ноғайлының Мұса ханы екен. Оның бәйбішесінен Сирақтан басқа Орақ, Мамай, Алшағыр туған. Тоқалдан Мұса ханның жеті баласы болады, үлкені Ысмайыл екен. Мұса хан өліп, орнына Орақ хан болып тұрғанда Ысмайыл бастаған жақтастар Орақты айламен өлтіртеді. Ысмайыл хан болу үшін енді Орақтың ұлдары Қарасай, Қазидан құтылуды ойластырады. Сөйтіп жүргенде алыс жұртта ілім іздеп оқудан қайтып келе жатқан Орақтың үшінші ұлы Айдынділмаш елге жақындағанда, жас Қалуды ертіп, Ысмайыл алдынан шығады. Жол үстінде Айдынділмаштың садағын алдап түсіріп, оны Қалуға беріп өлтіртеді. Енді Қалуды өлтіру үшін Қырымнан жаугершіліктен қайтқан Қарасай, Қазиға хабар жібереді. Қалу өзінің алдауға түскенін біліп және кінәсын түсініп, басының ауған жағына кете береді. Ол кезде Ноғайлы елімен Кіші жүздің елі қоңсылас жұрттар ғой. Міне, осы Қалуды Шыңғыс тауып алған.

Өз басынан кешкендерін айтып берген Қалу өлім алдында жатып, әйелінің жүкті екенін, егер ұл туса, атын Бөлек деп қоюды аманат етеді. Сөйтіп, Қалу Зеріпке үйленгеннен кейін алты айдан соң қайтыс болады. Зеріп босанғаннан кейін баланың атын Бөлек қояды, өзіне тең көріп, Жаманақтың бір ұрпағы деп қабылдайды.

Мұндағы Мұса хан, Орақ, Мамай, Қарасай, Қазиға қатысты халықта «Мұса хан», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази» атты жырлар бар.

Сол Бөлектен Айт және Бұжыр деген екі бала туады. Айттан Тілеу мен Қабақ, Бұжырдан Назар мен Шүрен тарайды.

Алтын Орда ыдырап, бірнеше хандықтарға бөлінгенде Тілеудің арғы атасы Мұса хан Ноғай Ордасын, ал інісі Жаңбыршы Астрахан хандығын билеген. Енді Мұса ханның арғы тегі кімдер? Мұхаметжан Тынышбаевтың 1925 жылы Ташкент қаласында шыққан «Қырғыз-қазақ халқының тарихына материалдар» атты еңбегінде Мұса ханның арғы тегі Едіге екенін тайға таңба басқандай көрсетеді. Ал әйгілі Қ.Жалайри, М.Тынышбаев, ноғай жазушысы И.Қапаев, татар ғалымы Усманов және басқалардың еңбегіне сүйенген Мұқтар Құл-Мұхаммед те осылай тұжырымдаған.

Тілеу батыр Айтұлы тарихта қандай ісімен қалды? 2001 жылы шыққан «Ақтөбе» энциклопедиясында былай деп жазылған: «Айтұлы Тілеу. (1630, қазіргі Ақтөбе обл. — 1684, Сайрам қ.) белгілі би, әрі батыр қолбасшы. Мыңдаған санды ел Тілеу есімімен аталады. Алаш жұртына әйгілі Мөңке бидің әкесі. Күлтөбеде әз Тәукені хан сайлауға, Сұпы Әжіні пір сайлауға қатысып, ұсыныс жасап сөйлеген. … 1681-1684 жылдары қазақ тағдыры талқыға түскен Сайрам соғысына 17 мың қол жинап, қасына баласы Жолдыаяқ, інісі Қалдыбай батырларды ертіп, бастап барып қатысқан сардар және сол соғыстың даңқты қаһарманы. 1684 ж. Сайрам қаласын қорғаудағы шешуші ұрыста өзі де, Жолдыаяқ батыр да опат болған. Екеуінің де сүйегі Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне жерленген. Есімдері кесенедегі ескерткіш тақтада жазулы…»

Энциклопедияда жазылғандай, Тілеу батыр Сайрам шайқасының хас батырларының бірі болған. Ал Сайрам шайқасы не шайқас? Сайрам қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы аумағында болған қала. 1943 жылы шыққан «Қазақ ССР тарихы» кітабында Сайрам соғысы туралы айтылған. 1957 жылы «Қазақ Мемлекеттік Баспасынан» шыққан «Қазақ ССР тарихында» да жазылған. Онда былай делінген: «XVII ғасырдың 80-жылдарында жоңғар феодалдарының қазақ жерлеріне жорықтары бұрынғыдан бетер зор көлемде қайтадан қозды. Жоңғар феодалдары Оңтүстік Қазақстанды және Сырдария бойындағы сауда қалаларын, сонымен қатар ең маңызды керуен жолдары өтетін территорияны да басып алуға тырысты. Халдан (1671-1699) деген жоңғар хунтайшысы 1681-1685 жылдары Оңтүстік Қазақстанға бірнеше рет шабуыл жасады. Сайрам қаласын қиратып кетті. Бай аудандар тып-типыл болды». Міне, осы ғана. Ал бұл соғыстың қазақ халқы үшін қандай мәні бар еді? Онда кімдер ерлік көрсетті? Қазақ хандары қандай әрекеттер жасады? Бұл сұрақтарға жауап жоқ. Өйткені кеңестік империяға қазақ хандарын, батырлары мен билерін, байлары мен бағландарын айту ұнамайтын. Бірақ жазбаша мұра қалмаса да, арабша, парсыша сауаты бар ата-бабамыздың тарихы көзі ашық, көкірегі ояу, жады мықты ұрпақ арқылы бізге жетті.

Жазушы әрі тарихшы Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» деген еңбек жазғаны белгілі. Бұл еңбекте билікке жеткен Ғалдан-Бошықты жаугершіліктен, шапқыншылықтан әлсірей бастаған жоңғарлардың басын біріктіріп, күш жинағандарын жазады. Қытаймен елші алмасады, Ресеймен арада тыныштық орнатып, алыс-беріс, сауда ісін ұйымдастырады. Әкесі Бақтұр қонтайшы қалыптастырған «дала заңын» жаңғыртып, толықтырады. Ойрат әскерін от қарумен жарақтау ісін жүйелі түрде жолға қояды. Бүкіл жоңғар жұртын қолына алған Ғалдан Бошықты 1678-1679 жылдары Шығыс Түркістанды бағындырады. Ал 1681 жылы Ғалдан-Бошықты хан бастаған жау Жетісуды көктей өтіп, Шудан, Таластан асып, Арысқа жетеді, қазақтың қалың ортасындағы Сайрам қамалын қоршайды. Алғаш ала алмайды. Алайда 1684 жылы жазда жоңғарлар Сайрамды басып алады. Сайрамды алғанымен жоңғарлар да әлсірейді. Қазақ даласына әлі де ене түсуге күштері келмейді. Қазақ Ордасының астанасы Түркістанды басып алуды кейінге қалдырады. Осы шайқаста ерлікпен қаза болған Тілеу Айтұлы баласы Жолдыаяқпен бірге Түркістанда игі жақсылардың қатарынан мәңгілік орын тебеді.

Сайрам шайқасына кірер алдында, қиын-қыстау кезеңде хандар мен батырлар, жайсаңдар бас қосқан Күлтөбеде Тілеу батыр сөз алып, халықты жаудан қаймықпауға шақырып, жігерлендіреді. Бұл туралы сол заманның әйгілі жырауы:

Үш Ана Күлтөбеде жиналғанда,

Сөз тапқан атам Тілеу ойланбай-ақ, – деп жырлап кеткен екен.

Ал ХІХ ғасырдың әйгілі шайыры Сарышолақ:

Атамыз Қара Тілеу – бидің соңы,

Сұлфәзі, Қосым қожа – пірдің соңы.

Сөзімнің жоқ қатасы,

Қабыл болған батасы,

Күлтөбеде сөз алған,

Тілеу – елдің атасы, – деп шалқыған.

Бұл жерде айта кету керек, 1680 жылы Салқам Жәңгірдің бел баласы Әз Тәукені хан сайлағанда және Сұлфәзіні пір сайлағанда Тілеудің де қатысқаны мәлім етіліп тұр.

Ата-бабамызды құрмет тұтқан, олардың ерлік істерін қастерлеген халықпыз ғой. 2000 жылы Түркістан қаласының 1500 жылдығы аясында Тілеу, Жолдыаяқ батырлар есіміне көше беру туралы ақтөбелік азаматтардан ұсыныс жасалды. Түркістандық бауырлар қарсы болмады. Ал осы көшенің ашылуына Астана, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау және басқа қалалардан көптеген қонақтар келді.

Сол сапарда қилы-қилы қиянды оқиғаларға толы тағдыр сахнасындағы тарихи тұлға Тілеу мен Жолдыаяқ бабаларымыздың аруағы аспандады. Еңсесі биік, өресі жоғары бүгінгі ұрпақтар асыл текті атамыз Ер Тілеудің жатқан жерін іздеп, киелі Түркістанға барды. Тәу етті. Құрбандық шалды. Ас берді. Тарихтың белгісіз болып келген, бүркемеленген парақтарын ашты. Жете танысты. Ұғынды. Сайрам деген соғыстың не екенін білді. Мән-маңызын түсінді.

Қанды қылыш арпалыстан Әз Тәуке хан қалжырап, халық берекесі қашып қазақтың тағдыры шешілер кезеңде, елдің елдігі, ердің ерлігі сыналар тұста 17 мың қолды бастап барған қолбасшы есімі Тілеу бабаны мәңгі ұмытпайды. 2000 жылы өткен шарада академик Мұрат Жұрынов: «Қалмақтар Жетісудан бастап көзіне көрінгенді қыра-жоя отырып, Сайрам қаласына тірелді. Осы тұста қазақ даласының батысынан қол бастап келген Тілеу бабамыз елдің болашағы үшін шейіт болды. Егер осы бабаларымыз болмаса, олар елді қасық қанын аямай қорғамаса, қазақ халқының болашағы не болар еді? Ал егер жау Сайрамды алса, Түркістанды алса, не қалар еді қазақта? Қазақ Сырдан асып, Иран-Парсыға сіңіп кетер ме еді? Ұлт тағдыры шешілер кезде тарихта бір шешуші кезеңдер болады. Міне, осы бір шешуші кезеңде Тілеу батырдың алатын орны ерекше дер едім,» – деген. Тілеу дейтін ауыл болды. Бұл да назар аударар еді.

Батыр Тілеудің мерт болған тұсын филология ғылымдарының докторы Жұбаназар Асанов халық аузындағы әңгімелер бойынша былай деп жазады: «Сайрам түбінде үш жылға созылған текетірес соғыста шебер қолбасы Тілеудің абыройы артып, атақ-даңқы жауына үрей тудырады. Дүрбін-Ойрат Қара Тілеуден көп зәбір шегіп, маңдайлары тасқа тіреледі. Мықты деген талай батырлары осы жерде көз жұмды. Бірақ қалмақтар саны жағынан көп және қарулары сай еді. Сондықтан осындай теңсіз жойқын ұрыста Тілеу батырдың қасиетті қаны ат жалынан асып, қара жерге төгілді. Мұны естіген Қалдыбай мен Жолдыаяқ ұрыс салып, қатар ұмтылады. Олар жолындағыны ығыстырып жетемін дегенше батырдың денесін қалмақтар қоршап, шеп құрады. Шежірелердің айтуынша, әулие атамыз елден шыққанда інісі Қалдыбайды оңашалап: «Мен осы сапардан қайтпаспын, сақ боларсың, өз қолыңнан қоярсың», — деп өсиет еткен екен дейді. Аға алдындағы борышына адал Қалдыбай басын тігіп, топқа түседі. Бірге ұмтылған Жолдыаяққа: «Ту сыртымнан ешкімді жіберме», — дейді. Қарымы қатты Қалдыбай алмас қылышпен (қылышының өткірлігі соншалықты — ауада қалықтап келіп түскен шәйі орамалды турап түседі екен деседі) алдындағы жауды жапырып отырады да, Жолдыаяқ ту сыртынан дұшпанды маңайлатпайды. Жан беріп-жан алысқан айқаста ағайынды қос батыр жаудың қолынан Тілеудің сүйегін алып шығады». Алайда әкесінің сүйегі мен Қалдыбайды қорғап жүрген Жолдыаяқ жарақат алады. Көп ұзамай қазақ сарбаздарының ортасында сол жарақатынан қайтыс болады.

Көнекөз қариялардың айтуынша, Тілеу батыр осы соғысқа барар алдында әйелі Сұлу майданға шықпай-ақ, жолын кейінгі жастарға беруді өтініпті. Ал енді Сұлу кім? Сұлу – қырғыздың қызы. Бір себептермен еліне белгілі Ақкісі деген басшысы бар қырғыз ауылы Алатаудан көшіп келеді. Қалың қазақтың ортасынан орын тебеді. Ақылды, дана Тілеу құдығын береді. Бір күні Тілеу жолай атын суарып алу үшін Ақкісінің ауылына соғады. Келсе, бір құнан атан құдыққа түсіп кетіп, соны Ақкісінің Сұлу деген қызы шығарып алмақ болып жатады. Сұлу да қайратты болғаны ғой. Ат үстінде тұрған Тілеу арқанның бір ұшын ұстап, тартып шығарыпты. Атын суарып болып өз жөнімен жүре беріпті.

Тілеудің қайратына сүйсінген Сұлу: «Ойпырмай, ерткені иттің сырттаны екен, мінгені аттың тұлпары екен, өзі жігіттің сұңқары екен», – депті.

Тілеу кейінірек Ақкісінің қызына құда түсуге адам жібереді. Бірақ Ақкісі: «Бізді кірме деп басынғаны ма, әлде Тілеу құдығын бұлдап отыр ма», деп ашуланыпты. Сонда қыз жеңгелері арқылы: «Әкем рұқсатын берсін, Тілеу жігіттің сұңқары екен», – депті. Сол Сұлудан алты алашқа аты мәлім би һәм әулие Мөңке туған.

Қазақстанға белгілі ақын Ертай Ашықбаев «Мөңке бидің мәңгілігі» деген мақаласында былай деп жазады: «Әбілқайыр, Нұралы хандардың оң тізесін басқан би, Асан Қайғы үрдісін жалғастырушы көреген, дана ойшыл, философ, ірі қоғам қайраткері, болжампаз, жырау Мөңке би осындай болғанда, оның әкесі кім еді? Әкесі Тілеу мың сан рулы ел есімін алған, Күлтөбеде Әз Тәукені хан сайлауға, Сұпы Әжіні пір сайлауға қатысып, сөз алған белгілі би, батыр, Сайрам соғысының қаһарманы, қолбасшы Тілеу еді».

Қаһарман Тілеу — кейінгі ұрпақтың мақтанышы, айбары. Желеп-жебеушісі. Ақын Нұрпейіс Байғанин Қазақбаймен айтысқанда:

Тілеу, Қабақ мың айдап,

Қай жауынан сүрінді?

Оқпен атып шіркейді,

Мергендігі білінді.

Алысқанмен алысып,

Әділдікке жүгінді.

Сөзбен егеп, Қазеке,

Шығарма сыртқа түгіңді, — деп, әрі мақтана, әрі сес көрсете сөйлейді.

Халық аузында батырлығы Қара Тілеу, адами сұлулығы, табиғи ерекшелігі Адамның сұңқары деген атпен қалған Тілеу батырдың Есіркеміс, Әлдеберді, Жолдыаяқ, Жақсымбет, Мөңке атты балаларынан өрген ұрпақ баба атын ардақтап, құрмет көрсетіп өсіп-өнуде.


http://turkystan.kz/tarih/7387

...