0 дауыс
12.5k көрілді
Тың және тыңайған жерлерді игерудің кезеңдері, нәтижелері мен салдарын анықтаңыз.

1 жауап

0 дауыс

Тың жерлердің игерілуі 1954 жылы басталды. 1954 жылы наурызда КОКП Орталық Комитетінің пленумында «Астық өндіруді арттыру, тың және тыңайған жерлерді игеру» туралы қаулы қабылданды. Тың игеру, астық өсіретін егістік көлемін арттыру, негізінен, Орал мен Сібірде, Солтүстік Кавказ бен Қазақстанда жүргізілді.

1954 жылы Кеңес Одағында 13,4 млн. гектар жаңа жер, оның ішінде Қазақстанда 6,5 миллион гектар жер игерілді. 1956 жылға қарай КСРО-да егістік көлемін 28–30 миллион гектарға жеткізу көзделді. Тың жерлерді игеру ісі ерекше қарқынмен, асығыс түрде жүргізілді. 1955 жылы 9,4 миллион гектар жер жыртылды. Ал жоспар бойынша 7,5 млн гектар жер жырту көзделген болатын. Тың жерлердің игерілуі жүргізілді:

  • Ақмола, Солтүстік Қазақстан;
  • Қостанай, Көкшетау;
  • Торғай;
  • Павлодар облыстарында.

Тың жерлерді игеру мақсатында Қазақстанға көптеген жұмысшылар келді. 1953–1958 жылдар аралығында совхоздар мен колхоздарға 266,6 мың механизатор, 1954 жылы Ақмола облысына тың игеру үшін 20000-ға жуық адам келді. Тың игеруді жеделдету мақсатында көптеген шаралар қолданылды. Басқа өңірлерден тың игеруге келгендерге көптеген материалдық жеңілдіктер жасалды. Тың игеруге келген әр адамға 150–1000 сом аралығында бір реттік көмек берілді. Бұдан басқа да материалдық, азық-түлік т. б. көмектер берілді. Тың игеруге келгендер ауыл шаруашылық салығынан босатылды.

1954–1959 жылдар аралығында Қазақ КСР-де тың және тыңайған жерлерді игеру мақсатында 20 млрд-қа жуық сом жұмсалды.

Тың игерудің пайдасы.Тың игеру Қазақстанда ерекше қарқынмен жүргізілді. Қазақстанда егістік жерлердің көлемі артты. Астық өндіру көлемі жөнінен Қазақстан одақта 2-орынға шықты. Соның арқасында Қазақстан Орта Азия мен Сібірді, Оралды астықпен қамтамасыз етті. Тың игеру жылдарында Қазақстан көп ұлтты, интернационалдық елге айналды. Қазақстан жерінде көптеген тұрғын үйлер, құрылыстар, мәдени обьектілер салынды. Он мыңдаған шақырым жолдар төселді.

Тың игерудің салдары.Көптеген жылдар бойы тың жерлерді игеру партия көрегендігі, Мемлекет жеңісі ретінде дәріптеліп келді. Ал оның көлеңкелі жағы туралы ештеңе айтылмады және айтылуы да мүмкін болмады.

Ең алдымен Қазақстанға тың және тыңайған жерлерді игеруге келгендер арасында арамтамақтар мен қылмыскерлер де болды. 1954–1955 жылдарда Қазақстанға келген 650000 тың игерушінің 150000-ы ғана механизатор болды. Нәтижесінде көптеген тәртіп бұзушылықтар, қылмыстар етек алды.

Тың игеруге байланысты совхоздарға көбінесе тозған, бүлінген тракторлар мен комбайндар, ауыл шаруашылық техникасы жіберілді.

Экологиялық жағдай күрт нашарлады. Аса көп территория жыртылып, нәтижесінде көп жерлер тіршілікке жарамсыз болып қалды. Топырақ эрозияға ұшырап, жердің құнарлылығы азайды.

Мал шаруашылығының дамуы артта қалды. Миллиондаған гектар жерлер жыртылғандықтан, малдың жайылымы, жемшөп дайындайтын жерлер азайды. Мал шаруашылығының шығынға ұшырауынан ет, сүт өнімдерінің көлемі де азайды.

Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері аяққа тапталды. Тың игерушілер арасында қазақ халқының ұлттық намысын қорлайтын теріс пікірлер тарады. Тың игеру жылдары қазақ халқының салт-дәстүрлері, мәдениеті, ұлттық руханияттары ескерілмеді. Қазақ мектептері, балабақшалар, қазақ тіліндегі газет-журналдар азайды. Қазақ тілінің қолданылу аясы тарылды. Тың игеру жылдары келген 2 миллионға жуық басқа ұлт өкілдеріне берілген артықшылықтар қазақ халқын менсінбеушіліктің көрінісі болды.


http://www.tarih.spring.kz/kk/history/postwar/history/

...