Шәңгерей Сейіткерей ұлы он сегізінші
ғасырда Еділ мен Жайықтың арасында қазақтың Ішкі ордасының ірге тасын
қалаған атақты Бөкей ханның шөбересі, орданың соңғы әміршісі Жәңгір
ханның немересі. Ол 1847 жылы Батыс Қазақстан облысының қазіргі Жәнібек
ауданында Нарын құмының бір пұшпағы – Жаңақұс деген жерде аса ауқатты
ақсүйектің отбасында өмір есігін ашқан.
Былайынша, өзі айтқандай, «Ай белгілі ақ
мешіт, алпыс бөлме, жүз есік көк сарайда бұл пәниге мүше» боп енген.
Бес жасында әке-шешеден бірдей айырылып, жетім қалғанмен атадан қалған
мол дәулеттің арқасында, жоқшылық дегеннің не екенін білмей, шалқып
толқып өседі. Оны ақының өзі де жасырмай, бір өлеңінде:
Бел будым жетімдікке бес жасымда,
Алайда дәулет құсы бар басымда
Көп жылға ата-аналы болады екен,
Жас жетім ата дәулет арқасында.
Ата-анаң өліп, мүлкі болса мұра,
Көп болар жалпақтаушың өз қасыңда, – деп ашық айтады.
Болашақ ақынның алаңсыз оқып білім алуы жолынан әкесінің інілері ештеңе
аямай, қолдан келгеннің бәрін жасайды. Соның арқасында ол Астраханда
гимназия бітіріп екі жыл Орынборда кадет корпусында білім алады. Орыс
тілін жетік біліп, орыс әдебиетімен жете танысады, жастайынан шығыс
шайырларының сарынында жыр кестелеген оған орыс ақындарының өлеңдері игі
әсер етеді. Енді, оның жырларынан азаматтық әуен айқын сезіліп,
лирикалық леп есе бастайды.
Қызметке араласып біраз жыл Самара губернясында бітімгер қазы (мировой
судья) болып істеген Шәңгерей кейін кеңсе жұмысын доғарып өмірінің денін
Көлборсы қонысында өткізіп, шығармашылықпен шұғылданған, саятшылық
құрған. Оның өлеңдерінің негізгі тақырыбы – өмір туралы толғау, оқу мен
өнердің, ғылымның пайдасын насихаттау, адал махаббатты, әсем табиғатты
жырлау. Ақын заман өзгеріп, қоғам түлеп, көненің жаңарып тұратынын
мойындай отырып, өмірдің өткен шағын көкірегі қарс айырылып, күрсіне
еске алады. Қайта оралмас қайран жастық пен балдырған балалық шақты,
құмда қосаяқ қуған құлын күндерді аңсайды. Жаңаша тұрмыс құру үшін
ғылым-білімнің, мәдениеттің қажет екенін ескертеді. Өзі де орыс
үлгісімен мекенжай салғызып, егін еккізіп, бау-бақша өсіртеді.
Өмірінің соңғы жылдары ол ел ісіне мүлдем араласпай, көбіне өлең жазу,
аң аулау сияқты жанына жақын қарекетпен бірегей айналысады. Орыс
әдебиетінің озық үлгілерін қазақ жастарына жеткізуге тырысып, М. Ю.
Лермонтовтың өлеңдерін, «Қашқын» поэмасын аударады. Ғылымның табиғат
құпиясын ашудағы рөлін сипаттап, «түпсіз дариядан көп сыр ашқан»
ғалымдарды жырға қосады. Оған ғылымда мыңға жуық жаңалық ашқан, әсіресе
электротехника саласын өркендетуге ұшы-қиырсыз еңбек сіңірген американ
ғалымы Томас Эдисон жайындағы өлеңі айғақ. Осының өзінен-ақ Шәңгерей
Бөкеевтің білімі қаншалық бай, ой өрісі қаншалық кең екенін аңғаруға
болады.
Бұл дүние пәнилігін етеді екен,
Бір дәурен өтіп, бірі жетеді екен.
Жұрт болар бір күндегі жоқ адамдар,
Ескілер бірден бірге бітеді екен.
Өзіне халық аузын қаратқан ер,
Тіріге өлсе қадірі кетеді екен.
*
Шайтанға шаршап тұрған ат бергенің –
Тамұққа жақынымды жақ дегенің.
Жыланды жолда жатқан ұрмай кетсең –
Тап болған бір ғаріпті шақ дегенің.
*
Оқысаң ғылым қорын білім асар,
Көңілдің кіршік басқан көзін ашар.
Кемелді білім алған кей жігіттер
Жерлерге қиял жетпес аяқ басар.
*
Ағаш еді құрма өскен,
Ұршық болды шуда ескен.
Бір қалыпта тұрмақ жоқ,
Шығармалық мұны естен.
*
Сусаған құлан шұбырса,
Іздегені қақ болар.
Жолбарысқа жол тосқан
Қазалы құлан тап болар.
*
Жалғаншы жарық дүние!
Бізден де бір күн қалады,
Піл сауырлы қара жер
Қойынын ашып, қол жайып,
Құшағына алады.
*
Айдынды көл суалса,
Бұлағы кеуіп құм алса,
Ауандап жүрген нән балық
Басын соғып қайраңға,
Ит пен құсқа жем болар.
http://kazgazeta.kz