0 дауыс
66.6k көрілді
С.Сейфуллиннің "Сыр сандық" өлеңіндегі достық туралы шығарма.

1 жауап

0 дауыс
Қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушы жалынды ақын, айбынды күрескер, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы мен өнерпаздығына көз салғанда қазақ тарихының ұлы өзгерістерінің көп қырларын аңғарамыз.

Сәкен қайраткерлігіне бір арнадан қарап, бір жүйеде баға беру дұрыс болмайды. Қазақтың мақтанышына айналған азаматтың өр тұлғасынан талай өнер үлгілері тарамданады.

Коммунистік партия мен Кеңес өкіметіне сеніп, оның жолын әділдік, теңдік жолы деп ұққан Сәкен басшылық тарапынан саясатты бұрмалаушылық көрген тұста, өзінің ой сезімін іркіп қалмағандығына тарих тағылымы біздің көзімізді жеткізді.  Ол әрқашан пікірін ашық білдіріп отырған.Ол «ұлттардың өзін-өзі билеуі» деген Ленин қағидасына құлай сенген. Қазақстанда ұлт өкілдерін «ұлтшылдықпен» айыптап, қорытқысы келгендерге ашық наразылық білдірген. Бұған дәлел-оның 1923 жылы Ярославскийге жазған хаты. Ол Қазақстан үкіметінің басшысы боп жүргенде  қазақ тілін мемлекеттік тіл етіп жариялау, мемлекеттік іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу, қазақ тілінде кітаптар, газет журналдарды шығаруды ұлғайту мәселлерін көтерген. «Қырғыз» аталып келген ұлттың «қазақ» екенін дәлелдеген де – осы Сәкен Сейфуллин. Ол 1923 жылы «Қазақты қазақ дейік, қателікті түзетейік» деген мақала жазды . Мақаласында ол: «бүгінге шейін қазақты орыстар киргиз деп келеді,… киргиз дегенде бір түрлі менмендік қиянатпен, қорлаған мазақпен айтатын» -деп ашына жазады.

1923 жылы 9 маусымда «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» деген атақты мақаласын жариялады. Айтып –айтпай не керек…осы күнгедейін өз тіліміз өзімізге бұйырмай келе жатқандығы бәріңізге аян.

Сәкен ең алдымен өзінің өмір сүрген дәуірін жырлап, оны қастерлеудің оңтайлы жолдарын таба білген жаңашыл ұлы тұлға. Құдай берген дарынын сәулелендіруге сазгерлігі едәуір демесін жасап, сал-серілігі ажарлай түскені тағы бар. Сәкеннің өзімен қатарлас қанаттас болған қоғам және мемлекет қайраткерлерінен бір ерекшелігі оның ұлы ақындығында. Ал ақындығының ең мәнді сыры жаңашыл реформаторлығында. Жаңашылдықтың ең негізігі арнасы өмір сүрген замананың образын жасауында. Ақын жазушылар қай-қайсысы болмасын өз заманының образын жасауға талпынады, бірақ ондай дүние кез-келгеннің маңдайына жазылмайтын бақыт.

Сәкеннің көңіл күйі лирикаларының ішінде «Сыр сандық» атты өлеңі көрнекті орын алады. Адамдар арасындағы адал достық пен сезім тазалығын шерткен бұл шығармада ақын адамның рухани дүниесін биік құздың басына тығылған кілттеулі сыр сандығына балайды. Екінің бірі сол құздың басына шығып, сыр сандықты аша алмайды. Оны жан сырын терең ұғынған адал достар ғана аша алмақ. Сыр сандығын ашып, адам жанының сым пернесін басқанда ғана дос көңілі, сыры шертіледі.

өлеңді ойға құру, мазмұнды түрмен ашу сияқты ізденістерді дамыта келіп,

сылқым сылдыры ойнақы өрнегі бар «Сыр сандықты» дүниеге әкелді.

Сыр сандықты ашып қара, /8/

Ашып қара сырласым. /7/

Сым пернені басып қара, /8/

Басып қара жырласын. /7/

Өлеңді өрнектеуі де қазақ поэзиясы үшін тың жаңалық болумен қатар сөздердің сазы көңіл қошын тез тауып еріксіз би билеткендей.

«Сыр сандық» өлеңі 1926 жылы жазылған.Ақын өлеңін «Досқа жазылған хат» деп атаған.Ақын өміріндегі 1923 жылы Қызылжар қаласында болған жағдайға байланысты туған.Халық комиссары Сәкенді бір сапарында вокзалдан күткен досы Шәріпжан Тотоев аяғын сындырып алады.Бірақ кейінгі бір кездесуге Сәкенді жаңағы досы танымайды,шақыртқанына келмепті.Сонда көңілі қалған Сәкен ақын: «Үлкен шенділерге табынғыш,жарамсақ.Былтыр күтіп,аяғын сындырған доссымағым ұлық болсам ғана шырқ айналар соқыр тауық болғаны ма?» дегенді ойлапты.Әрине,бұл дерек Сәкен туралы естеліктерде (фил.ғыл.докторы С.Талжанов) осылай сақталғанымен, Сәкен бұл өлеңінде шынайы адал достықты тілге тиек еткен.Өмір,достық туралы терең толғанған ақынның жаны таза,ешкімге қиянаты жоқ.Адалдық пен арамдық,мансап пен ар-ұждан,достық пен қастықтың ара жігін аша жазып,адам үшін құнды байлық-достықты жырлайды.Дос көңілін шыңдағы қоймаға, алтын сарайға балайды.Лирикалық кейіпкер ақынның өзі достық сезімін құзды шыңға,нулы шатқалға,мөлдір суға,қымбат жасауға ұқсатады.Жанама,жағымсыз достарды қаламайды.Алтын сарай- шын достыққа нағыз дос ие болады дегенді айтады.Сұлу пернелер-адам бойындағы жақсы,жағымды қасиеттер.Адамдағы асыл қасиеттер шын достыққа жеткізетінін ақын тебірене жырлайды.

Өлеңде жаныңды түсіне білетін шынайы достарға «қолыңда жемің барда шырқ айналып, жем таусылса, жалт беретін жанама достар» қарсы қойылған.

Сөйтіп, Сәкен лириканы тек сезімді жырлаумен шектемей, оған азаматтық әуен, ойлы мазмұн дарытьш, жаңа мұмкіндіктерін ашты. Қазақ лирикасының үздік үлгілерін тудырған ол ізгі де сұлу сезімдердің, айнымас достық пен махаббаттың шабытты жыршысы болды.
https://martebe.kz/s-sejfullinnin-syr-sandykh-olenindegi-nagyz-doskha-tan-khasietterge-oz-kozkharasynyzdy-tanytyp-syni-taldau-zhasanyz/
...