«Біз бүгін өзіндік бет-бейнесі бар,
өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік
ұстанымы бар тәуелсіз мемлекетпіз»
Н.Ә. Назарбаев.
Мен елімді, туған жерімді сүйемін. Елімнің өткені мен бүгінін, тарихын тебірене де тереңдей оқып біле отырып, тарихтың зерделі де шежірелі беттеріне үңіле түсемін. Үңіле түскен сайын, ата-бабам аңсап кеткен «сара жол», егемендік пен тәуелсіздіктің куәгері де, өмір сүруші ұланы да, оны құрушысы да болғаныма шаттанамын.
Кеше бізді бұратана халық десе, бүгін өзгелермен терезесі тең қазақ елінің аты бүкіл дүниеге паш етілді емес пе?!
Қазақ халқы бүгінгідей бақытқа қол жеткізу үшін қаншама қиын бұралаң жолдардан өтті десеңізші?! Тарихымызды оқи отырып, ата-бабаларымыздың қайсарлығына, батырлығына сүйсінемін. «Рухы-өр, тәні бекем» бабаларымыз туған жері үшін қасық қандарын аямай, жанын пида етіп, мына ұлан ғайыр қазақ жерін кейінгі ұрпаққа аманат етті емес пе?! Сан ғасырға созылған моңғолдардың, жоңғарлардың, қалмақтардың шабуылынан Абылай хан бастаған Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Қарасай, Жанқожа, Жәнібек сынды қаһарман батыр бабаларымыз ұлан асыр жерін, елін білектің күшімен, найзаның ұшымен, қасиетті қанымен қорғағанын тарихтың алтын беттерінен оқи отырып, зердемізге түйгенбіз. «Жер-қазына, су - алтын – мол байлық» деген бабалар өсиетін:
Ұлтарақтай болса да,
Ата қоныс жер қымбат.
Ат төбеліндей болса да,
Туып-өскен ел қымбат –
деп, туған жерді қорғау қасиетті борышы екенін бүгінгі ұрпақтың сезіне білуі керек-ақ деп ойлаймын.
Біздің халқымыз басынан талай-талай тағдырды өткізді. Бәріне мойымай, ертеңгі күннен үміттерін үзбеді. Тәу етер тұғырлы тәуелсіздігіміз тек желтоқсан құрбандарының арқасында келді. Кешегі тәуелсіз күн мен түн үшін жалындай лаулап өскен Қайрат ағамыз бен Ләззат әпкеміз сынды аға-апалардың жан қиярлық ерліктерінің арқасы емес пе еді?! Ендеше, бүгінгі өсер еліміздің ұландары осыны сезіне де, ұға да білуіміз керек.
«Бостандық - бар бақыттың бастауы» деген еді Нұрсұлтан атамыз. 1991 жылы 16 желтоқсанда біздің ұлан байтақ жерімізге Тәуелсіздік жарияланған күн болып еді.Міне, сол күннен бастап, елімізде тіліміз, дініміз, діліміз қайта өрледі.Тарыдай шашылған оралмандар өз жеріне орала бастады. Әлемге Қазақстанның мәртебесін биіктетіп, дамыған елдермен қанатымызды теңестіру үшін жан аямай еңбек етіп, тер төгу әрбір азаматтың, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың қасиетті борышы екенін түсінемін. Саған деген бала махаббатымды, сені шексіз сүйетінімді үздік оқуыммен, өнеріммен, бақытты болашаққа ұмтылысыммен дәлелдермін.
Қазақстанда ел болашағы-жас ұрпақтың әлемдік стандартқа сай білім алуы үшін барлық жағдай жасалынған. Бұл - мемлекеттің даму саясатының басым бағыттарының бірі. Болашақта білімді де, қабілетті жастардың ел үшін аянбай еңбектеніп, Қазақстанның даңқын асыратынына, мәртебесін асқақтататына мен сенемін.
Дамыған елдердің қатарына қосыламыз ба, әлде жоқ па?-деген сұраққа Елбасымыз былай деп жауап берді.
- Біз бүгінімізбен ғана өмір сүріп қоймай, келешегіміз үшін де қызмет ете білуіміз қажет. Қазіргі жағдайда тек қана білімді ел озады, жақсы өмір сүреді. Біздің Қазақстанымыз өзінің тәуелсіздігін баянды ету үшін бірінші тату-тәтті күн кешуі керек. Әсіресе, қазақтың ауызбіршілігі керек. Қазақты еш уақытта ешкім жеңіп жерін ала алмаған. Тек бір-бірін арандатып, ішіне ірткі салып барып жеңген. Біз содан бодан болдық. Енді бұдан былай ондайларға жол бермеуге тиіспіз.
Қандай мемлекеттің тәуелсіздігі берік болады ?- деген сұрақты төтесінен қойған Елбасы өз сауалына: тату-тәтті елдің, экономикасы өркендеген елдің, сауатты ұрпақ өсірген елдің, ел ішінде, басқа жерде жүргенде өз Отанын мақтап, мақтан еткен елдің, Отанын шын сүйетін азаматтары бар елдің елдігі мықты болады деп жауап қайтарды. Отан үшін жаныңды да, қаныңды да аяу деген болмауы тиіс. Отанымыз сондай қасиет көрсетуге татиды.
Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізген үлкен жетістігіміздің бірі ана тіліміздің мемлекеттік мәртебеге ие болуы. Иә, тіл тағдыры- ел тағдыры.
«Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, өмірдің кез- келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы ана тілінен ардақты қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен ?!»- деп, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, тіліміз тіршілігіміздің айғағы. Тіл тағдыры үшін жасалып жатқан саяси құқықтық негіздердің нәтижесінде бүгінгі күні мемлекеттік тіліміздің қолданыс аясы кеңейе түскенінің бәріміз куәсі болып келеміз. Әрине, тіл-аса нағыз қоғамдық құбылыс. Ол меніңше асығыстықты көтермейді, қызу қандылықты жақтырмайды, парасаттылықты ұнатады, ерекше қатынасты тілейді десек те, төл тілімізді төрге шығару өз қолымызда.
Қазақтың дархан көңілі мен сабыр парасаты өзге ұлттар мен ұлыстардың терең түсіністігі мен сүйіспеншілігі аман болса, әр кеудеде «Мен қазақпын!» деген алау сезімі атойлап тұрса, ортақ үйіміздің болашағы баянды болатынына сенімім зор. Иә, рухы күшті ел алынбайтын қамал. Осындай рухы күшті елдің ұрпағы болғаным мен үшін үлкен мақтаныш. Мен де оқып, азамат болып, еліміздің дамуына өз үлесімді қоссам, өзімді бақытты жандар қатарына санар едім. Біз болашаққа бар халықты бауырымызға тарта отырып, бейбітшілік аясында, айқын мақсатымызбен, ақыл- парасатымызбен, сапалы білімімізбен барамыз.
Қарлы боран қыран жолын бөгер ме?
Өнеріммен тасып толам кемерге.
Мен өзіме риза емеспін елімнің,
Мақтанышы бола алмасам егерде,-деп ақын ағамыз
Мұхтар Шаханов жырлағандай, мен өсер елдің ұланымын. Мен қайсар да қайратты, білімді де білікті, өжет, өткір еркін де азат Қазақ атты ұлы халықтың перзенті екенімді мақтан тұтамын. Біздің атар болашақ таңымыз, бағымыз нұрлы да шырайлы болсын.