0 дауыс
5.0k көрілді
шығарма керек М.Ә. әлем адебие қосқан үлесі

1 жауап

0 дауыс

Бұл күндері қазақ халқы мен бүкіл әлем халықтарының рухани мәдениетінің аясында Мұхтар Әуезовтің тамаша тұлғасы Қазақстанның құдіретті бейнесінде бұрынғыдан да жарқырап көрінуде. Ұлы жазушының ұлан-ғайыр мұрасы зәулім көркем ғимараты іспетті, оның ішкі жиһазының сыр-сипатын білу, тану, рухани азық ету әлі талай жылдар мен ғасырларға созылады. Әр ұрпақ сол мұраны көздің қарашығындай сақтай отырып жан-жақты зерттелуіне, әр алуан қырларын аша түсуге ат салысады.

М.Әуезов әлем әдебиетінің өзара байланысы туралы, әсіресе сол кезде көп ұлтты совет әдебетінің даму заңдылықтарын көп зерттейді. Әдебиет туралы құнды ойларын ортаға сала отырып М.Әуезов былай деп жазды: «Әдебиетіміздің ішінара байланыс қарым-қатынастарын олардың бір-біріне жақындаса араласуымен қатар зерттеу дұрыс. Бұны әдебиет тарихы ғылымының және зор мұраты деп санау керек».

Қазақ және украин халықтарының тарихи достығы, мәдени-әдеби байланыстарының өнімді дамуына М.Әуезов зор үлес қосты. Ол украина әдебиеті, оның көрнекті өкілдері мен негізгі тенденциялары туралы жазған әдебиеттер байланыстығына, қарым-қатынастарына көп көңіл бөлді. М.Әуезов «Игорь полкі турасындағы сөз» барлық Русь атанған славяндарға ортақ ескерткіш еді, ұлан-ғайыр тарих бойында украина халқы әдебиеті мен беларус халқы әдебиеттері ұдайы туысқандық қалыпта айқасып өседі. Украинаның ұлы философ ағартушысы Григорий Сковорда (ХҮІІІ ғас. өмір сүрген) украина әдебиеті мен орыс әдебиетіне де әсер етеді», - деген тұжырымдар жасады. Т.Г.Шевченко туралы, ақынның Қазақстанға арнаған шығармаларының бағасы мен сапасы туралы М.Әуезов бірнеше рет жазды. Павло Тычина, Александр Корнейчук, Максим Гончар, Латын Рыбак шығармалары туралы да құнды пікірлер айтты.

Беларус халқының әдебиетін шолуда да М.Әуезов беларус халқының ауызша шығармаларының орыс және украина халықтары шығармаларымен идеялық көркемдік байланыста екенін атап өтеді. Зерттеуші Әуезов беларус халқының демократ ақыны Францишек Богушевич, беларус әдебиетінің іргесін қалаушылар есебінде танылатын Янна Купала, Якуб Колостың өмірі мен қызметі туралы терең толғанысқа толы жылы лебіздер қалдырды.

Сол сияқты Прибалтика халықтарының, оның ішінде Литва әдебиеті жайында айтқан пікір-тұжырымдары қазақ әдебиеттануындағы тың беттер. Литва халқының ХҮІІ ғасырдағы ұлы ақыны Кристионас Донелайтис, Литва халқының демократтық реалистік әдебетінің ірі жазушысы Юлия Жамайте, азаттық арманда жырлаушы ақын Ян Лайнис, осы елдің атақты ақыны әйгілі Соломея Нерис, көрнекті әңгімеші, роман жазушы Питрус Цевмарка, Латыш халқының жаңа әдебиетінің іргесін қалаушы Андрей Улит, жазушы Вилис Лацис, Эстон халқының белгілі драматургы Август Якобсен туралы қазақ ғалымының ой-пікірлері бар. Мұның бәрі Прибалтика халықтарының әдебиеттері туралы қазақ топырағында алғаш айтылған тұжырымдар болуымен де қымбат.

М.Әуезовтің Кавказ халықтарының әдебиеті туралы топтама ой-тұжырымдары Грузия эпосы «Амиран» жайында, XIII ғасырдағы грузиннің ұлы ақыны Шота Руставелидің «Жолбарыс терісін жамылған батыр» атты аса зор ескерткіші, XIX ғасырдағы Илья Чавчавадзе, және Акакий Церетели сияқты ақындардың, грузияның кеңес дәуіріндегі романшысы Лео Киачели, ірі ақыны Георгий Леонадзе туралы айтқан пікірлері өте құнды.

Осетин халқының ірі ақыны Коста Хетогуров туралы жазғанда М.Әуезов: «Оның жолы барлық Россиядағы ұсақ елдерден шыққан ақын-жазушылардың халін, тағдырын танытады. Ақынның өмір кезендері мен еңбектерінен соны айқын аңдауға болады»,-деп түйін жасайды.

Армян әдебиеті де қазақ жазушысының назарынан тыс қалмаған. Армян әдебиеті туралы шолуын М.Әуезов оның көне әдебиетіндегі ескерткіштері болғандығына баса назар аударудан бастайды. Ү ғасырдағы Крестян Монах Месрап Маштоқтың армян алфавитін жасаудағы, ҮІІ ғасырдағы Моисей Коренкийдің армян тарихы жөніндегі еңбектері – бәрі де көне әдебиеттік ескерткіштер екенін атап көресетеді. Армян әдебиеті дүние жүзіндегі ең көне әдебиеттердің бірі. Сондай көне мұраның бірі, армян халқының отаншылдық қасиетті талаптарын танытады. «Давид Сосунский» шынайы халықтық, геройлық дәстүрдің зор ескерткіші екенін Әуезов атап көрсетті.

Ол өзі ғұмыр кешкен кездегі қай халықтың әдебиеті туралы жазса да оның ең ірі құбылыстарына тоқталады. Ол армян халқының жаңа әдебиетінің атасы, ағартушы және гуманист жазушы Хаяатур Абовян, халық ақыны Ованес Туманян, пролетарлық поэзияның негізін қалаушы ақын Акоп Акопьян, кеңес дәуірінің ақыны, драматург, прозаик Найри Зарьян творчествосы туралы жазды.

Азербайжан халқының көне үлкен мұрасы «Көрұғлы» эпосы, жазба әдебиеті ерте басталғаны, XII ғасырда шыққан ұлы ақын Низамидің ірі поэмалары, азербайжан ұлт әдебиетінің кейінгі дәуірлерде өсуіне Низамидің көп әсер етуі, Физули, Вагиф, Мирза Ахунов, Алекбар Сабир, Самед Вургун т.б. қазақ жазушысы Әуезов назарында болған ғұламалар.

М.Әуезовтің Орта Азия халықтарының әдебиеті – тәжік, өзбек, түркмен, қырғыз әдебиеттері, әсіресе олардың өзара байланыстары туралы айтқан құнды тұжырымдары кейінгі қазақ әдебиетінің осылардың әрқайсысымен тарихи және осы заманғы байланыстарын әдейі, арнайы тексерген зерттеулерге негіз болды.

Жазушы мұрасының аса бір бай қыры оның батыс Европалық әдебиеттермен байланысы. М.Әуезовтің ол елдердің тарихын қоғамдық, философиялық, эстетикалық қазыналарын, мәдениеті мен әдебиетін жоғары оқу орындарында жүйелі оқып білген, таныған, өмірде творчествосына азық еткен. Қазақ жазушысы орыс тілі мен әдебиетінің мұғалімі В.И.Поповты былай деп еске алады: «Мен Василий Ивановичке өте-мөте қарыздармын. Ол менің бойыма орыс әдебиетіне деген зор сүйіспеншілік дарытты, батыс классикасымен таныстырды»,- деуіне қарағанда жазушы жас кезінен бүкіл әлемдік, оның ішінде орыс және батыс әдебиеттерінің көркемдік деңгейі қызықтырған.

М.Әуезов тағлымының келесі бір өзегі – қазақ әдебиетінің Шығыстық арнасын кеңейтуі, байытуы. Ол бір ғана Индия елін біліп тануымызға қыруар еңбек етті. Жазушы Индия туралы тамаша очерктер жазды, сол елдің атақты жазушысы Рабиндронт Тагордың творчествосын талдауға арнап «Тагордың кемеңгерлігі» атты мақала жазды. Қазіргі заманда кең өріс алған Азия және Африка елдері жазушыларының ынтымағы, бірлігі тарихына М.Әуезов ерекше үлес қосты. Азия және Африка елдері жазушыларының I конференциясында Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан жазушылары атынан сөйлеген М.Әуезовтің терең, көп мәнді сөзі катысушыларға ерекше әсер етті.

М.Әуезов творчествосы арқылы қазақ әдебеті бүкіл әлемдік мәдениет пен әдебиеттің арнасымен жалғасты, тоғысты, соның шырқау деңгейіне көтерілді. Жазушының «Абай жолы» эпопеясы және басқа әңгіме, повестері көптеген шетел тілдеріне аударылды (орыс, ағылшын, неміс, поляк, румын, грек, венгер, болгар, чех, т.б.). Бүкіл әлемдік екі жүз томдық «Дүние жүзі әдебиетінің кітапханасы» сияқты ғажайып серияда М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы 134,135 том болып басылуы қазақ жұртшылығының мәртебесін биікке көтерді.

Әрине, қазақ жазушысының қаламынан туған қазақ эпопеясының халықаралық беделінің сыры тереңде жатыр. Оның бұл шығармасы барлық халықтардың жанына жағатын, маңызды мәселелер мен идеяларды, барлық прогрессивтік адамзат баласына қымбат асыл ой, сезімдерді қамтуында жатыр. Сонымен бірге осылардың бәріне шебер суреткердің шығармашылық күшпен айта, жеткізе алуында, ең бастысы жазушының жаратылысында, дарынды тәжірибесінде, кемелденген үздік зор талантында.

«Абай» романын француз тіліне аудартып, редакциясын басқарған Луи Арагон «Совет әдебиеті» деген арнаулы еңбегінде: «Мен оның (М.Әуезовтің) шығармаларын туған еліме таныстырушы болуды өзіме үлкен абырой санаймын. Эпикалық роман «Абай» менің ойымша, XX ғасырдағы ең үздік шығарманың маңдай легінен орын алады деу аздық қылады, ондай шығарманы табу қиын» деп бағалады. Андрей Стиль «Юманите» газетінің бетінде Луи Арагон пікірін қуаттай келіп былай депті: «М.Әуезовтің романын алар болсақ, мұнда ең алдымен поэзияның легін сезінесің, қиыр кеңістіктің кереметін сезінесің». Француздың белгілі сыншысы Бержарон өзінің үлкен мақаласының қорытындысында: «Әуезовтің үніндей үнмен, Әуезов жырлаған ұлылықпен, керемет махаббатпен жырланған бақытты халықтың шіркін не арманы бар екен», - деп түйіндейді.

Австрияның «Вег унд циль» журналы «Абай» романын қазақ халқының тарихына байланысты кең алып бағалайды. «Біздің көз алдымызда Абай ақынның өмір тарихы тар кемерінен тасып шыққан жеңімпаз, өрен өзен сықылды, сол кездегі көшпелі қазақ халқының тарихына астасып кеткен. Әуезов үлкен суреткерге тән нәзіктілікпен, толып жатқан әсем детальдармен, үш ұрпақты көрсететін туған халқының келелі кезеңін көзімізге елестетеді»,-деп жазды. Шетел оқушылары мен сыншыларының пікірлерін көрсететін түйінді ой Лейпциг қаласында шығатын «Дер библиотекарь» журналында жарияланды. Неміс сыншысы Герберт Кремпиен: «М.Әуезовтің «Абай жолында» өткен ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының өмірі, сол кездің әдет-ғұрып тұрмысы, сол күйінде, әр қырынан, өз сатысымен тамаша бейнеленеді. Бұл кітаптың аты немісше «Таң алдында» деп аталады. Бұл ат болашақ зор даңқы шығатын жаңа ақынның дүниеге келуімен бітпейді. Ол сонымен бірге ғасырлар бойы артта қалған бүтін бір халықтың енді-енді қалыптасып келе жатқанын, оның тарихында тұңғыш рет еркін болашаққа қадам басқанын көрсетеді»,- деп жазды.

Қорыта келгенде қазақ халқының даңқты жазушысы, ғалымы, педагогы, қоғам қайраткері М.Әуезов аса құнды еңбектері үшін туған халқының зор құрметіне бөленіп, шығармашылық сатының ең жоғары басқышына көтерілді. Ұлы жазушының талантын шарықтатып көркемдік дамудың шырқау биігіне жеткізген өмір жолы оңай емес-ті. Ол дамылсыз ізденудің, табанды еңбектенудің қиын-қыстау жолдарын бастан кешірді.

М.Әуезов жасаған асыл туындылар қазақ әдебиетін озық әдебиетер қатарына қосып, қазақ халқының тарихын, өмірін, мәдениетін, талантын, ұлттық характерін жер жүзі оқушыларына танытты, сөйтіп кемеңгер жазушы тек қазақ әдебиеті ғана емес, бүкіл әлем әдебиетінің мақтанышына айналды. Сондықтан да М.Әуезовтің есімі мен еңбегі жаңарған адамзат өмірімен бірге мәңгі жасайды. Дана Әуезов – қазақ әдебиетінің классигі, дүние жүзі әдебиетіндегі алып тұлғалардың бірі. Оның халық даналығынан нәр алған, өмір өзенінің тұнығынан суарылған тағылымы мол тартымды шығармалары қайталап оқыған сайын рухани дүниемізді байытып, баға жетпес жан азығы бола бермек.

М.Әуезовтің артында қалған бай әдеби-ғылыми мұрасы әдебиетшінің, оның қаламгерлік қарымының, ой-арманы мен мақсат-мұратының биік мүдделері туралы сыр шертуге үлкен темірқазық екені баршаға мәлім. Жазушы, драматург, әдебиетші ғалымының өлмес туындылары ұлы суреткердің жеке басының зиялылығының, асқақ азаматтығының, қаламгердің шығармашылық қызметте де шексіз адал болуының жарқын өнегесі болып қала береді.


http://www.uniface.kz

...