ХХ ғасыр әдебиетіндегі дау-дамайлы күрделі мәселенің бірі – көрнекті қазақ-совет әдебиетінің негізін салушы, дауылпаз ақын Сәкен Сейфуллиннің 1927 жылы Қызылорда қаласынан жеке кітап ретінде араб қарпімен жарық көрген «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық романы. Романның 1927 жылғы алғашқы шығарылымынан кейін жарық көрген 1936 жылғы латын қарпімен шыққан екінші басылымы, 1960 жылы кириллица қаріпімен шыққан үшінші, 1977 төртінші, 1988 жылғы бесінші нұсқаларын оқып шығып, салыстырсақ, жер мен көктей айырмашылық бар екен. Ол қандай айырмашылықтар? Сәкенді «толықтыру» ма, әлде редакция алқасының қателігі ме? Романның әрбір нұсқасы неліктен өзгеше? Бұрмалану себебінің мәнісі қандай? Осындай сансыз ирілген сұрақ белгілерге қашан жауап береміз? Бұл роман төңірегіндегі теріс пікірлер әлі күнге дейін айтылып та, жазылып та жүр. Өткен жылдары бір әдебиеттанушының «Сәкен Сейфуллин – Алашорданың жауы болған» деген сыңайлы пікірін оқып қалғанбыз. Әсіресе, Сәкенді халыққа жеккөрінішті қылап отырған осы – тарихи мемуарлық романы. Сонда бұл роман халыққа несімен ұнамай отыр? Міне, басты сұрақ – осы. Егер, біз әдебиеттанушы маман ретінде осы сұраққа толымды жауап қайырсақ, жоғарыдағы сұрақтар оңтайлы шешілер еді.
Әуелгі сөз – аз-маз роман хақында болсын. Бұл роман – сол кездегі қоғамдық — саяси өмірдің көркем шежіресі іспеттес тарихи тұрғыдан баяндалған мемуарлық шығарма. «Тар жол, тайғақ кешудің» алғашқы бөлімдері 1922 жылдан бастап «Қызыл Қазақстан» журналында жарық көрген. Романның негізгі сюжеті – сол уақыттағы қазақ даласында болған ірі саяси оқиғалар. Мысалы, Г.Е.Львов пен А.Ф.Керенский басқарған Уақытша Үкімет, Алаш қайраткерлері құрған «Алашорда» ұлттық автономиясы, әр түрлі бағыттағы ұйымдардың құрылуы сияқты ірі тарихи оқиғалардың басы-қасында болған Сәкен Сейфуллин өзінің көргенін, білгенін тарихқа қалдыру үшін, Ұлы Қазан төңкерісінен бастап қағазға түсіріп, оны көлемді романға арқау етті. Роман сол мезетте-ақ, өз алдына жеке кітап болып баспадан шығып, оқырманымен қауышты. Ол уақытта барлық Алаш қайраткерлерінің көзі тірі еді. Тек Нәзір Төреқұлов қана осы романдағы оқиғаларға шүйлігіп, сынап, мінеп шу шығарған болатын. Роман желісінде Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Айдархан Тұрлыбайұлы, Мұстафа Шоқай бастаған алаш азаматтары хақында автор өзінің ойын ашық айтқан еді. Осы аталған тізімдегілердің бірде бірі Сәкенге тірісінде «романыңдағы жазғандарың қате» деп тас атпаған. 1937 жылғы зұлматтан кейін Сәкенді, дұрысы, оның «Тар жол, тайғақ кешуін» кінәлайтындардың қатары көбейді. Себебі, НКВД-ның қызыл қырғынды тирынан Сәкеннің де, басқа Алаш қайраткерлерінің де ғұмыры келте қайырылып, қыршын кетті.
Сәкен Сейфуллиннің өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметі, париялық наным-сенімі мен азаматтық көзқарасы хақында әркім әр түрлі пікірде. Алайда, бұндай сықылды пікірлер ештеңенің өлшемі емес, бастысы ақын шығармашылығын оқырманы біледі, оқиды, жыл сайын ардақталып жатады. Бірақ, бұл жердегі айтпағымыз – «Тар жол, тайғақ кешу» романының әр жылдары шыққан нұсқалары. Бұл романның тарихи шындығы жайында сәкентанушы ғалымдар Тұрсынбек Кәкішұлы мен Күләш Садыққызы көп ізденіп, арнайы еңбек жазды. Осы орайда профессор Т.Кәкішұлының мына пікірін мысалға алсақ: « ХХ ғасыр басындағы тарихи оқиғалардың энциклопедиялық анықтамасы болған роман-эссенің тарих пен әдебиеттің бел қайыстырар ауыр жүгін қосарлай арқалауы,құйынды да дауылды,шапағатты да қасіретті кезеңнің щежіресін жасап беруі Сәкен үшін ғана емес,бүкіл «әдебиетіміз үшін орасан олжа.Өйткені ұлтымыздың тағдыры тәлкекке түскен 1916 жыл зобалаңының,1917 жыл елді қаңсыратқан төңкерістің басы қасында қазақтың ойы толғамды,тілі өткір қаламы жүйрік сөз зергерлері аз болған жоқ.Алайда солардың ішінен шыңға шыққан шынардай тек Сәкеннің ғана «Тар жол тайғақ кешуді» жазуы,бірінші уақыт талабы болса,екінші автордың қаһарман батылдығын,ұрпақ алдындағы адалдығын,әлеуметтік парызын мықтап сезгенін аңғартатыны сөзсіз» дейді. Яғни, бұл сөзден шығар түйін мынау – Сәкеннің аталмыш романында «Алашорда» ұлттық-территориялық автономиясының құрылуы және оның бағыт-бағдары жайында жазылған тұңғыш тарихи дерек осы. Алашорда ісін қарастырар болсақ, бірінші болып Сәкеннің осы романын қолға аламыз. Себебі: Т.Кәкішұлының тәмсіліне салып айтсақ, роман – ХХ ғасырдың энциклопедиялық анықтамасы. Бүгінгі күні біз біле бермейтін көптеген Алаш қайраткерлерімен идеялас, ниеттес болған азаматтардың есімі мен бостандық жолындағы атқарған қызметін осы романнан кездестіруге болады. Әлі де болса алаш қозғалысындағы белгісіз оқиғалар мен қозғалысқа белсене атсалысқан азаматтар жайында тың мәліметті осы роман аясынан іздеуге болады.
Т.Кәкішұлы мен К.Садыққызы «Тар жол, тайғақ кешу» жайындағы «Тар жол, тайғақ кешудің» тағдыры» атты зерттеу еңбектерінде романның түпнұсқасы мен әр жылғы шығарылымы жайында және ондағы өзгешеліктер мәселесі туралы оң пікірлерін айтқан. Мәселен, К.Ахмет: «Өмірдің талай тар жол, тайғақ кешулерінде» Сәкен Сейфуллин «Алаш» азаматтарының ешқайсысында жамандыққа қиған емес. Сотына қатысқан емес. Бұған оның «Тар жол, тайғақ кешу» романы (1927), сәкентанушы ғалымдардың ғылыми-зерттеу еңбектері нақты дәлел бола алмақ. Қаншама жан түршігерлік азапты бастан өткерген Сәкен еш уақытта ешкімді ашық та, бұғып та көрсетпеген» деп зобалаң жылдардың ақиқатын айтады. Бұл романның тарихы және Сәкен мен Алашордашылар жайында басқа сәкентанушылардың тұжырымы мен аталмыш романның әр жылдардағы нұсқасы жайындағы пікірлері жоқ екенін байқадық. Сөздің шыны керек, романның әрбір нұсқасын түпнұсқамен салыстырып, әлі күнге дейін текстологиялық тұрғыдан толық талдау жасалмаған. Осындай олқылықтардың орнын толтыру – бүгінгі күннің кезек күттірмейтін мәселесі емес пе?!
Астана қаласындағы С.Сейфуллин музейі – азамат ақынның әдеби әрі қоғамдық-саяси қызметін көпшілікке насихаттап отырған ғылыми-мәдени мекеме. Музей ұжымы – Сәкеннің қорғаушысы (Адвокаты). Музейдің Ғылыми кеңесінің шешімімен 2016 жылғы «Сырсандық» сериясымен шығатын екінші кітап – Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» романының алғашқы нұсқасы мен әр жылдары шыққан нұсқаларына текстологиялық талдау жүргізіп, осы күнге дейін бұрмаланып келген жайттардың ақ-қарасын ажыратып, қазақ оқырманына ұсынбақшы. Бұл – ғылыми маңызы зор жоба. Маңызы сол – осы күнге дейін «Сәкенді Алашорданың жауы», «сатқын», «романда өзін-өзі мадақтап, Алашты сынаған» деген сыңайлы қысыр сөздерге текстологиялық талдаудың көңілге қонымды жауабы беріледі. Бұны – ұжымдық монографиялық зерттеу еңбегі деп қабылдау керекпіз. Себебі, әр жылдары шыққан нұсқалармен қатар 1922 жылдан бастап «Қызыл Қазақстан» журналында жарық көрген үзінділері де текстологиялық талдаудың негізгі нысаны болмақ. Сөз барысында текстологиялық талдау жұмысына Г.Ибраева, Е.Жаубай, М.Қойшыбай, Ә.Мақажан, А.Жанәліқызы, А.Бергенова сықылды музейдің ғылыми қызметкерлері атсалысып отырғанын айта кетейік.
Текстологиялық талдау жұмысы дегеніміз – асқан ыждағаттылық пен қырағылықты талап ететін, немқұрайлы, салғырт қарауға болмайтын мәселе. Біздің басты мақсатымыз – әдеби туындының әрбір нұсқасындағы мәтінге, сөзбен сөйлемге, бөлімменен тарауына түпнұсқа бойынша қарап, салыстырып, автор еркінен тыс өзгеріп, бұрмаланған немесе сол уақыттағы саяси идеологияның салдарынан кеткен қателіктер мен кемшіліктерді анықтап, оқырман игілігіне жарар сапалы ғылыми зерттеу жұмысын ұсыну.
«Тар жол, тайғақ кешу» роман-эссесінің бұрмалану себебі – 1927 жылдан кейінгі нұсқасына (1936 жыл, латын қарпімен жарық көрген екінші басылымы) автор өзі редакциялық жұмыс жасап, толықтырған. Ал, қалған жылдардағы нұсқаларына лито тарапынан «толықтыру» жұмыстары жүрген. Өйткені, социалистік идеологияның «қайшы» цензурасы – «Алашорда» автономиясының тарихта болмаған, құрылмаған қылып көрсетуді, қазақты надан, оқымаған халық деп ұғынған және осы жолда кейінгі қазақ буынын сауатсыз, надан етуге аянбай еңбек еткен. Бұрмаланып, өзгерудегі бар мәселе – осы.
http://qasym.kz/