Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің бұл жанрдағы тұңғыш жетістігі, тұңғыш роман. Әдеби ортада өзінен кейінгі көтерер жүгі, мақсатты мен бағыты бір көптеген романдарға алғышарт болды. Тек көркемдік жағынан ғана емес, тіл, форма жағынан да біраз дүниелерге сара жол болғаны анық. Роман алғаш жарық көргеннен бастап қазақ әйелдерінің бас бостандығының жаршысына айналды. 1910 жылы Қазанда басылып шыққан кітап қолдан-қолға тимей қазақ арасына тез тарап кетті. Сауаттысы жатып кеп оқып көзіне жас алса, сауатсыз халық сол оқығандарды жағалай отырып тыңдайтын. Сора-сора жас алып, өз бастарындағы жағдайды жіте көріп, сезіне жәбірленетін. Негізгі өзек әйел бостандығы болған соң әйел қауымы өре түрегелді. Талай басыбайлы әйел затына ой салғаны анық. Осы әйел бостандығын екі жас (Ғали мен Жамал) арасындағы махаббат мәселесі арқылы беру, романның оқырманның жанына жол тапқан кілті десек қателеспейміз. Бұл сөзімізді қаламгердің қызы Г. Дулатованың «Ардақтап өтем әкемді» атты естелігінде (Жұлдыз, 1990, 6 сан) былай дейді: «...Бұл кітабы да елге тез тарап кетті, бізге көршілес тылдан келушілер сылтау тауып, қалап әкететін болды. Жамалдың өлеңмен баяндайтын аянышты өмірінен қыз-келіншектер өз бастарынан кешкен қайғысын, мұң зарын көрді. Романды оқығанда олар көз жастарын тыя алмай, уһілеп отыратын. Үлкендер жағы кешкі отырыстарда «Бақытсыз Жамалдың» хикаясын әңгімелесе, жастар жиын-тойларда кітаптағы өлең жырларды әнге қосып айтатын». Роман сол кездің өзінде екі рет басылып (1910, 1914) шыққандығының өзі көп дүниені айтқандай. Сол заман, сол кездің саяси көзқарасымен қарағанда бұндай тақырыптағы роман екі рет қатарынан басылу ел қалауы, талабы екендігі анық. Содан бері басылып келеді. Әлі басылып келеді. Оқырманын әсте жоғалтқан емес. Енді романның көркемдік жағына ойыссақ. Қандай шығарма болсын өз заманында, өз әлеуметтік ортасында құнды болмақ. Заманың қалай болса жасар амалың да солай болмақ. Әр әдеби туынды, көркем шығарма өз заманының көркем бейнесі. Жоғын жоқтап, барын түгендейтін жансыз жанашыры. Дәл қазір бұл романның көркемдігін осы заман талабымен, талғамымен көрсете алмасымыз анық. Ол заман келмеске кетті. Роман формасы да өлеңмен басталып, қара сөзбен өріледі. Осы тұста автордың ақындық қасиетін баса айтып кеткен абзал. Роман әр тұсында жаңа бір белес, жаңа сюжет желісіне ауысқанда өлең арқылы ауысып отырғанын байқаймыз. Ғалидың да Жамалдың да аузына автор ішкі сезімін, толғанысын өлеңмен салып отырған. Мысалы, Жұманға атастырып, малға сатып жіберген ата-анасына ренжіп былай дегені бар: Мен қайран ата-ананың сатқанына, Бір тазды жалпақ елден тапқанына. Атама мен не жазып ем қор қылғандай, Болмаса бір мінезім жақпады ма? - деген бір ауыз өлең күллі қазақ қызының арызы іспетті. Тағы бірде: Сен үшін бір басымды еттім құрбан, Шынжырлап жіберсе де Сібірге айдап, - деп шын ғашығы Ғалиға берген сертін байқаймыз. Осы тұстан екеуінің жаңа тауықыметті өмірі басталады. Романда өзінен кейін әлі күнге дейін қолданылып келе жатқан тәсіл - хат. Ғали мен Жамалдың бір-біріне хат жазып хабар алысып, бағыт-бағдар алысқаны бір дара мотив екендігі белгілі. Романда екі жастың басты жауы, қасіреті мен қайғысына бастауы болған Байжан мен санасыз Әке Сәрсенбайдың портреттері мен қоса Ғали мен Жамалдың портреті шебер жасалған. Біріне тоқталсақ, автор Ғалидің портретін жасауда біршама суреттеуге барады. «Бұл жігіт орта бойлы, қияпатты, азырақ бетінде қорасан дағы бар, жаңа мұрт шығып келе жатқан, сөйлеген сөзі сыпайы, әдепті, киімі ноғайшалау, Ғали есімді бір зат еді. Көлденеңнен қарап салыстырғанда бұл үйдегі жігіттердің афзалы Ғали, қыздардың афзалы Жамал секілді көрініп, екеуінің қатар отырулары бек жарасып кетті». Романда Ғалидің даралық бейнесі уақыт өткен сайын өсіп отырады, өсіп отырады. Жиын-отырыстарды. Ауыл арасындағы адамдардыңжиі мақтаулары мен ауызға алулары биікке көтеріп отырады. «Оқыған... білімді... өнерлі... көзі ашық... келбетті...» деген сияқты. Ал Жамалдікі даралық образға романның бел ортасына жетпей көтерілген. Оның зеректігі, алғырлығы, асқан сұлулығы, шешендігі, туралығы бәрі-бәрі дара, типтік образға жеткен десек те болады. Тең теңімен, тезек қабымен. Теңіне жете алмай кеткен талай қазақ қыздарының тағдыры жатыр. Қорыта айтқанда М. Дулатов «Бақытсыз Жамал» романын жазу үстінде қазақтың өзіне дейінгі дәстүрлі әдебиетіне сүйенген. Орыстан, батыстан үйренді десек мықтап қателесеміз. Қазақтың арыдан беріге дейінге фольклоры мен маржан әдеби жауһарлары тоғысып романның көркемдік тіліне, стиліне, формасы мен құрылысына қызымет еткен. Жаңғыртып, дамытып, өзіндік ізденіспен қанаттандырған.