0 дауыс
3.6k көрілді

Мәди Бәпиұлының «Қарқаралы»«Қаракесек» өлеңдері арқылы ақын өмірін болжай отырып, талдап жазыңыз?

1 жауап

0 дауыс
Мәди 1880 жылы бұрынғы Семей губерниясы, Қарқаралы уезі, Едірей облысы, № 3 ауылда туған. Туып–өскен жері Үшқара деген тау. Руы- Қаракесек. Арғы аталары — қаздауысты Қазыбек, Бекболат би, одан бері Алшынбай. Алшынбайдан: Қақабай, Бәпау, Қосық, Жанығұл, Бәпи, Шәпи туады. Мәди Бәпидің баласы. Бәпи шаруасы кем адам болған себепті Мәди жасынан әкесімен бір туысқан Қақабайдың қолында болады. Қақабай Мәдиді баста сылап-сипап баққанымен кейін оны өзінің малайларының қолшоқпарларының бірі еткісі келеді. Мәди оған көнбейтін мінез білдіреді. Қақабайға Мәдидің бұл жәйі ұнамайды. «Осы бір кесірлі болады-ау шамасы» деп, Қақабай ішінен Мәдиге кіжіне қарайды. Мәдиді сынау үшін оған бірнеше рет сотқарлық тапсырма береді. Бірақ ежелден жүрегі адалдық деп соғатын Мәди көне қоймайды. Қақабайдың тілін ол өреде ешкім қайтармаған. Сондықтан ол Мәдиге енді қастық көзімен қарай бастайды. Қақабайдың болыстығы, оның әмірінің айналаға қатты жүруі, Мәдиге әсер етпейді. «Ит ұяласынан қорықпайды» деп, Мәди қымсына қоймайды. Бір жағынан ит те болса туысқан ғой деп, қауіптенбей жүре береді. Ал Қақабай болса, Мәдиге тор құра бастайды. Мәди де оны сезіп, өз қолы өз аузына жеткесін Қақабайдан үзілді-кесілді бөлініп, өз бетімен күн көруге көшеді. Болыс Қақабайдан гөрі өнер иесі, жалынды жігіт Мәдидің жұртқа үстем болады. Жасынан әдемі әңгімеге, өлең-жырға, домбыраға құмар Мәди аз уақыттың ішінде халықтың сүйіктісі болып кетеді. Міне, бұл жағы да Қақабайдың «ішіне жақпайды». Сондықтан Қақабайдың бірінші озбырлы қадамы Мәдиді Атбасар жағына жер аудартады (біреулер Атбасардың түрмесіне салған дейді).

Мәдидің нағыз бейнесі көрінетін, оның өмір жолынан хабар беретін, күллі қазақ даласына тараған шоқтығы биік туындысы – «Қаракесек» әні. «Қаракесек» – қазақ әнінің алтын қорына енген, қазақ халқының мәдени мұрасы. Әннің шығу тарихы туралы мынадай деректер бар:

1914 жылы Мәди Қарқаралыға келеді. Жолда белгілі феодал Шорманның жылқысынан «байдың малы жаудың малы» деп екі жүйрік атын мініп кетеді. Еңбексіз жиған малдан «садақа» алу — Мәдидің түсінігінше шариғатқа да, заңға да томпақ келмейді. Мәди Үшқараға келеді. Туған жерінде бірнеше күн болады. Бірақ өзінің қыстауын түк қалдырмай Қақабай деген жауының(туысы) өртеп жібергенін көргенде оған деген өшпенділігі үдей түсті. Қасына жолдастарын қосып алып, өзінің пәлен жыл жылқысын баққандағы ақысының есебі деп, Қақабайдың жылқысынан ту бие, мінетін ат алып қайтады. Әйелін Үшқараға алдыртады. Жора-жолдастарымен, жұбайымен біраз күн сол жақта жатады. Оны Қақабай біліп, ояздан жәрдем сұрайды. Полицияның жәрдемімен Қақабай Мәдиді ұстап, Қазалының(бір деректерде мұны Ақмоланың түрмесі де, екінші деректе Қарқаралының деп жатады) түрмесіне жабады. Тергеу-тексеру деген болмағандықтан, Мәди бұл түрмеде біраз жатып қалады, қатты налиды.

Барады бұл түрмеде күнім өтіп,

Бір күні ажал шіркін келер жетіп.

Жасымнан аяғымды тарта баспай,

Кетті ғой Қақабайға тізем өтіп.

Ағамыз Қақабайдың арқасында,

Алдық қой бұл түрмеден жақсы қоныс,-деп әңгіменің бәрі Қақабайдан екенін айтады. Күшін жұмсайтын жағдай жоқ. Шері ішіне сыймай, жастықтың жігерін адам үшін, бақыт үшін пайдалана алмай, мына қонаққа жайсыз лас қапаста күнінің өтіп бара жатқанына өкінеді. Өзінің басындағы драмасын сыйқырлы ән арқылы сыртқа шығаруға бекінеді. Бұдан келіп ұлы сезімнен туған ән шығады:

Сұрасаң руымды Қаракесек,

Досым аз, дұшпаным көп қылған өсек.

Үстінде құс мамықтың жататын ем,

Бұл күнде қу қарағай болып төсек,

Міндім де Қаракөкке жылыстадым,

Бардым да Қараөткелге пұл ұстадым.

Науқасым жанға батып жатқанымда,

Болмады жан ашитын туысқаным, — деп, «Қаракесек» әнін тудырады. Өлеңнің соңғы жолын қайтара көтеріп, өзінің қапаста жатса қайрылмас, мойымас күшін көрсеткендей болады. Бұл ән еңкейген кір, еңбектеген жастың бәріне белгілі «Қаракесек» деген атпен жер жүзіне тарады.
...