0 дауыс
10.2k көрілді

Сал-серілердің жеке тағдырына әсер еткен әлеуметтік мәселелер ме, әлде ғашықтық па?

1 жауап

0 дауыс
Сал-серілердің ұлт мәдениеті мен өнеріне қосқан үлесі өте зор. Олар сал-серілікпен бірге халықтың басқа жұртта кездесе бермейтін жомарттық, мәрттік, ерлік, өнерпаздық сияқты артық қасиеттерді көрсете білген әрі оны ұстай білген ерекше тұлғалар. Байлық пен өнердің қызығын ел-жұртқа әйгілеп, артына аңызға бергісіз өнер мұрасын қалдырған сал-серілердің өз заманындағы орны мен қызметі адам айтса нанғысыз таңғажайып оқиға деп бағалауға болар еді. Әсіресе салдың ісі мен мінез-құлқы, әдет-салты, жүріс-тұрыстарының өзі ешкімге ұқсамайтыны, өзгеше тұрмыс құрып, өмір сүргенінің өзі адам күлерлік, ақылға сыймайтын әрі таңғаларлық көрініс десе де болады. Сал жорға немесе жүйрік ат мініп, қоржынын, қойны-қонышын асыл тас, қымбат бұйымға толтырып, елде жоқ ерекше үлгімен тігілген қымбат киім киіп келіп, өзі ұнатқан қызды ауылдың сыртына келіп аттан құлап жатады екен. Иә, аттан түсіп емес, әдейі құлап жатады екен. Жай жатпайды әрине, әндетіп, өлеңдетіп жатады. «Арқаның он бір салының» бірі Төлебай:

Он бір салдың біреуі Төлебай сал,

Салдықпенен қалмады сары атта жал.

Салдығымның белгісі сол емес пе,

Айжан, Күнжан екі қыз көтеріп ал! – деген.

Сөйтіп әлгі салды ауыл қыз-келіншектері киізге салып ауылға көтеріп әкелетін болған. Одан әрі ойын-сауық, ән, жыр, қыз-жігіт айтыстары сияқты өнер бәсекесіне жалғасады. Осындай қызық үстінде епті қыз-келіншектер салдың артып әкелген барлық асыл бұйымдарын қыл үстінен бөліп әкетеді. Мінген ат, ер-тоқымы да біреудің қолында кетеді. Ол аз болғандай, салдың үстіндегі киімдерін де сыпырып алып, салың ауылына әрі жаяу әрі жалаңаш қайтады. Бірақ сал бұған ренжімейді. Өйткені салдықтың шарты осындай. Сұрағанын бермесе немесе реніш білдірсе — ол сал емес. Ондай жігітті ел сал деп мойындамайды, қарсы алмайды.

Сал-серілердің салтанаты да өзгеше, айта қаларлықтай болған. Олар бір-біріне ұқсамауға, бірінің ісін бірі қайталамауға тырысқан. Және сондай ерекшелігімен аты қалған. Мысалы, Жетісудың Дәурен салының судан өткенде белбеуінің бір ұшы бергі, бір ұшы арғы жағаға жетеді екен. Бар байлығын салдың жолында сарп еткен Бәшен сал қайталанбас мінез-құлықтарымен Жеке сал атанған.

Мен өзім жасымнан-ақ Бәшен салмын,

Артылған қатарымнан әсем салмын.

Су ішпей, қымыз ішпей шөлдегенде,

Сүт ішкен тұмса қыздан көсем салмын, – дегені ел есінен әлі шықпаған (дерек Ш. Керімовтен алынды).

Торғай бойындағы Қыпшақ Елғон деген кісі «Құрым сал» атанамын деп, құрым киізден киім тіктіртіп, қызыл қасқа өгіз мініп, оның мүйізіне, құйрығына көк, сары, жасыл мата байлап барып, елді күлкіге қарқ қылған.

Сал-серілер кей жерлерде топ-топ болып жүріп, елді думанға, қызыққа бөлеген. Мысалы, Маңғыстау даласында Өскенбай бастаған «Адайдың жеті қайқысы», Шу өңірінде Сауытбек бастаған «ашаның алты салы», Дәурен сал бастаған «Жетісудың алты салы», Арқаның Төлебай бастаған «Арқаның он бір салы» осылай топтанып барып, бір-бірінен өнер асырған.

Өкінішке орай, қазақ өнерінің сал-серілер жасаған ұлы мұрасын қызыл империя жауыздықпен жойды. Жойып қана қойған жоқ, олардың атын өшірді. Алдын атты, артын барса келмеске жөнелтті. Үкілі Ыбырай, Мәди, Иманжүсіптер сол қызыл қырғынның құрбаны болды. Сал-серілік өнер мен салт-дәстүр де солармен бірге жойылды.
...