Мүсін – кеңістікте жан-жақты бейнеленген, сомдалан көркем шығарма. Мүсінді «скульптура» деп атайды. Ол сөзді ең алғаш ежелгі римдіктер ойластырған. «Скульпо» деген латын тілінде «кесу, қашау» деген мағынаны білдіреді.
Хакімжан Есімханұлы Наурызбаев- қазақтың тұңғыш мүсіншісі, Қазақстанның халық суретшісі, ұстаз, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Көпшілік қауым жақсы тани бермейтін азамат тарихи тұлғалардың мүсіндерін сомдауда зор табыстарға жеткен. Әр тұлғаның бейнесін, жан дүниесін психологиялық тұрғыдан тереңірек ашуға ұмтылды. Осы салада қажырлы еңбек еткен, жан-жақты зерттеулер жүргізген мүсіншінің өмір жолы өнегелі істерге толы.
Х.Е.Наурызбаев 1925 жылы 27 тамызда Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Ұлыкөл ауылында дүниеге келген. Сұм соғыстың алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келген мүсіншінің балалық шағы бақташының, темірші-ұстаның ауыр жұмыстарын істеумен өтеді. Оның шебер болып қалыптасуына бұл жағдайдың да әсері болды дей аламыз. Ұзақ күн мал бағып, далада жүрген бала жігіт табиғат әсемдігін танып, сұлулықты бойына сіңіріп өсті. Ал темірді қалағанынша балқыта иіп, ұсталықпен айналысуы түрлі мүсіндерді соғуға машықтандырады. Өнерге деген талпынысын сезген үлкендердің көмегімен Мәскеудегі суретшілер дайындайтын арнайы мектепте білім алып, өнердің басқа да қыр-сырымен танысады.
Кейіннен 1943 жылы Алматының көркемсурет училищесіне оқуға түседі. Осы училище қабырғасында жүргенде Хакімжан Наурызбаев Украин суретшісі Ольга Николаевна Кудрявцеваның шеберханасында сабақ алады. Сол кісінің кеңесімен 1945 жылы Харьков көркемсурет институтының мүсін факультетіне оқуға түседі. Хакімжан Есмаханұлы ұстазының өзіне деген қамқорлығына қатты риза болғандығы жөнінде: «Ольга Николаевнаның туындыларымды мұқият талдап, құнды кеңес берген хаттарын ардақты ескерткіш ретінде аялап сақтап жүрмін», - деп сүйсіне еске алады. О.Н. Кудрявцеваның басшылығымен жұмыс істеп жүрген кезінде «Көкпар», «Бүркітші жігіт», «Жеңімпазды қарсы алу» т.б. композицияларын жасайды.
1951 жылы институтты бітірген Хакімжан Наурызбаев отанына оралады. Мүсінші маманның творчестволық жолы Алматы қаласында басталады. ХХ ғасырдың 50- жылдарынан бастап өмірінің ақырына дейін еліміздің мәдениетіне өз үлесін қосып, табиғат дарытқан қасиетті өнері арқылы туған жұртына қалтқысыз еңбек етті.Х.Наурызбаевтың алтын қолдарынан дүниеге келген бірнеше мүсіндерге тоқталып өткеніміз жөн болар.
Абай ескерткіші. ХХ ғасырдың 60-жылдары бой көтерген Абай ескерткіші Алматының ең көрікті көшелерінің бірі Абай даңғылында орналасқан. Көктөбе жотасынан түсіп келе жатып ұлы ақынның өзіне тән мінезін, сабырлы жүзін, ашық ажарын, ақылды, ойлы жүзін, жан дүниесінің тереңдігін, рухани байлығын көре аласыз.
Шоқан Уәлиханов ескерткіші. Алматыдағы Қазақтың Ғылым Академиясының алдындағы үлкен алаң алабына орнатылған. Биіктігі – 8 метр. Мұнда Шоқанның ішкі жан-күйінің арманшылдықтан сабырлы ойлылыққа дейінгі бейнесі көрінеді. Автор осы жұмысы үшін 1970 жылы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығына ие болды.
Амангелді Иманов ескерткіші. 1947-1972 жылдар аралығында Хакімжан Наурызбаев Амангелді батырға арналған ескерткішті жасау үшін көп еңбектенді. Мүсінші халық қозғалысының басшысы, жауынгер-сарбаздың ерлік, адамгершілік, қасиеттерін, оның түр-келбетінен, буырқанған жалынды жаратылысын көрсете білген.
Жамбылға арналған ескерткіштер сериясы. Мүсінші Жамбыл Жабаевтың құрметіне «Бала Жамбыл мүсіні» (1951), «Жас Жамбыл»(1958), «Ат үстіндегіЖамбыл»(1952-58),
«Жамбыл Жабаев»(1963) сынды ескерткіштерді жасап шығарды.
Құрманғазы мүсіні. Кеудесінен бюст түрінде жасалынған Құрманғазы ескерткіші Хакімжан Наурызбевтың ірі творчестволық табысы болып табылады. Ескерткіш 1958 жылы жасалынды. Терең ойға кеткен Құрманғазының тағдыр тауқыметін көтере білген, қайтпас қайсарлығы, ой-толғанысы, ержүректілігі, ішкі зор күш-жігері, шалқар шабыты дәл суреттеліп, портреттік ұқсастығын келтірумен бірге, мүсінші кейіпкерінің образынтерең аша білген. Бұл шығарма ұлы күйші-композитордың кісілік тұлғасымен жұртшылықты таныстыра түседі.
Өзінің өнегелі өмірімен, ерлігімен, еліне жасалған қызметі мен елеулі із қалдырған қазақ халқының танымал батырларының, ғалымдарының, жазушыларының көптеген мүсіндерін Хакімжан Наурызбаев түймедей түйіп, шебер сомдап шығарды. Олар: Сәкен Сейфуллин, Ахмет Жұбанов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов,Мәншүк Мәметова,Сералы Қожамқұлов, Кәмшат Дөнентаева, М. Алтынбаева, Н. Алдабергенов т.б.
Мүсін өнерінің шебері,тамаша талант иесі Хакімжан Наурызбаев – қайталанбас өнер туындыларын сомдаумен бірге «шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей, өзінен кейін қазақ өнерін жалғастырып дамытатын кәсіби мамандар белгілі мүсіншілер, көптеген дарын иелерін тәрбиелеп шығарған ұстаз. Және асқан дарын иесі өнер әлемінде мәңгі өмір сүре бермек және оның өнері ұрпаққа мұра болып сақталады.
https://sabaqtar.kz/