Дүниеге жар
Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені?
Мен қазақтың баласы!
«Тағы жұрт» деп тағы да,
Танымассың, білмессің.
Өйткені мен қазақпын,
«Англичанин» емеспін.
Танисың ғой сен оның
Өзінен бұрын мылтығын,
Дәріптейсің қасиетін
Адамы түгіл, итінің.
Мен де оны бір кезде
Етігінен танығам
Қадай басып өкшесін,
Далама кеп қаңғыған.
«Тағы» дейтін халқымды,
Дозақ дейтін даланы.
Кен қазам деп көр қазып,
Ақтаратын моланы.
Жылап жатса бір қазақ,
Күлуші еді-ау ол өлі!
Соның бәрі сұрқия
Сұм патшаның әлегі.
Екі аяқты ақ патша
Көп батырды шеңгелін.
Cap далада сарғайдым,
Қасіретпен шөлдедім.
Мынау қара көзімнен
Сансыз дария жас ақты.
Өз етімді өзіме
Кесіп алып асатты.
Айтып-айтпай, не керек,
He көрмеді бұл қазақ!
Дүние бүгін ұялар,
Айтпа, ойбай, аузың жап.
Сорлы емес ем ежелден,
Қаралы едім, зарлы едім.
Ұялушы ем өзге елден,
Намысты едім, арлы едім.
Есе тиер, енші алар
Ел болсам деп ойлаушы ем.
Қазақпын деп айта алар
Мен болсам деп ойлаушы ем.
«Тәкаппар дүние төріне
Емін-еркін шықсам-ау!
Айтқанымды тыңдатып,
Айтқандарын ұқсам-ау», -
Деп ойлаушы ем, сол болды,
Арманыма жеттім мен.
Үдере жорттым, жол болды,
Тау төңкердім екпінмен.
Енді мені менсінбес
Европаның қай елі?
Қарсы келсем, құшақтар
Қаратпайтын әйелі.
Сорлы негр қара боп
Туғанына жазықты.
Тәкаппарсың, дүние,
Көп қорладың аз ұлтты.
Қаталастың бірақ сен,
Аз дегенің көп екен.
Көміп кетер кепшілік,
Көп кешікпес, күні ертең.
Бола бермес дүниеде
Күнде жанжал, күнде шу.
Жауып кетер жер бетін
Жалғыз ғана қызыл ту.
Сол қызыл ту астында
Күн келбетті қазақпын.
Отар емен телмірген,
Азаматпын, азатпын.
Енді, сірә, дүние,
Танисың ғой мені сен.
«Танысамын соғысып», -
Деп ойлама, тегі, сен.
Төрт құбылам түгел сай,
Қорқытпайды соғысың.
Жетпіс қабат қорғаңдай
Батысымда - орысым.
Шымқай болат киінген
Шүғылалы шығысым.
Тас түлектей түйілген
Қырғыз, якут туысым.
Қазақ деген атымды,
Өшіре алмас ешбір жау!
Төбесінен, тиіссе,
Төңкерілер Алатау.
Аумағы мол алыппын,
Кеңіді менің құшағым.
Британия аралын
Қолтығыма қысамын.
«Тағы» емеспін, тағы айтам,
Адаммын-ды бұрыннан.
Адаммын деп жылағам,
Адаммын деп қырылғам.
Тәкаппар ұлы дүние!
Қазақ деген мен деймін.
Мылтығыңды ұсынба,
Қолыңды ұсын, кел деймін!