0 дауыс
2.0k көрілді
Мен қоян бағуды қолға алдым енді қоян бағу саласында нені білген дұрыс?

1 жауап

0 дауыс

Толығырақ


Жеке шаруа­шы­лықта қоянды күтудің көптеген тәсілдері бар. Мәселен, оны кең сарайдың ішінде өсіруге болады. Бірақ, мұның бір кемшілігі қоян еркін қыдырыстап жүргендіктен, оның әртүрлі жастағы аталығы мен аналығы бір-бірімен шағылысқа түседі де, тұқымдық қасиеті мен сапасын бақылауда ұстау мәселесі қиындай түседі. Оның үстіне қоян әдетте өз інін жер астынан тереңдеп қазатындықтан, оның қалай көжектегендігін аңғармай да қаласыз. Сондықтан, қоянды бұ­лайша күту түрі тиімсіз деп есеп­теледі.

Мамандар көп жағдайда қоян­дар­ды жекелеп немесе шағын топ­пен клеткаға қамап ұстауды ұсынады. Клетканы кез келген құрылыс материалынан жасап алуға болады. Оның құрылысы барынша қарапайым, қоянды күтуге, соның ішінде азықтандыру мен тазалық жұмыстарын жүргізуге қолайлы болғаны жөн. Мәселен, оны 0,8-ден 1,0 метр биіктікте орна­ластырсаңыз, бұл сіздің қоз­ғалысыңыз үшін тиімді. Қоянды азықтандырғанда немесе клетканы тазалағанда жерге көп еңкейіп, қиналып жатпайсыз.

Тағы бір ескеретін мәселе, клеткаларды құрғақ және жасыл ағаштармен көмкерілген жерде орналастырған дұрыс. Бұл туралы нақты ақпараттыhttp://agrariy.net/view2_3.html және http://krolix.org/soderzhanie_krolikov.htmlсайттарынан ала аласыз.

Қоянды көбейту. Қоян 3-3,5 айында жыныстық тұрғыдан жақсы жетіліп үлгереді. Бірақ, оны бұл кезде шағылысқа қосу тым ерте деп есептеледі. Өйткені, бұл уақыттан оның өсу үдерісі аяқ­­талмайды. Сондықтан, ірі тұ­қым­ды қояндарды салмағы ке­мінде 3,5 келі тартатын 5 ай­ға жет­кен мезгілінде, ал орта сал­мақ­ты қояндарды 4 айдан асқаннан кейін барып шағылысқа қосуға болады.

Қоян жиі және көптеп кө­жек­тейді. Бір көжектегенде орта есеп­пен 6-7-сін туады. Кейбір жағдайда көжектердің саны 17-ге дейін жетуі мүмкін. Аналық қоянның бір жылдың ішінде 4-5 рет көжектей алатындығын ескерсек, қоянның қаншалықты тез көбею қасиетіне ие екендігін түсінеміз.

Қысты күндері қоян көжектемес бұ­рын оның орналасқан жерін жақ­сы­лап қымтап жылыту қажет. Клетканың ішіне көлемі 55х30х20 сантиметр болатын арнаулы жәшік орналастырып, оның ішіне сабан салған дұрыс. Аналық қоян осында орналастырылады. Сондықтан бұл жәшіктің құрғақ, жұмсақ және таза болғандығын ескерген жөн.

Көжектер соқыр және саңырау, терісі жүнсіз тықыр болып туады. Аналық қоян толық көжектеп болысымен, бірден жәшік ішінен сыртқа шығады. Міне, осы кезде көжектердің тірі немесе өлі ту­ған­дығын тексеріп алған жөн. Өлі­сі мен өмір сүре алмайтын әл­сі­зін бірден алып тастаңыз. Сон­да аман туғандарының өсіп-же­тілуіне қолайлы мүмкіндік қалып­тастырасыз.

Көжектер туғаннан кейін клет­каның ішін күніне екі рет та­за­лап отыру керек. Себебі, гигие­налық тазалық жаңа туған көжек­тердің өмірі үшін маңызды қызмет атқарады.

Көжектер өмірге келген ал­ғаш­қы аптаның ішінде оларды тамақ­тандырамын деп әуре болудың қажеті жоқ. Олар бұл кезде ана сүтімен қоректенеді. Бір ескеретін мәселе, мұндай кезде клеткаға жиі барып, дауыс шығарып, аналық қоян­ның мазасын алуға болмайды.

Егер аналық қоян өз сүтімен кө­жектерді тойындыра алмаса, оларды қолдан қосымша азық­тан­дырып отыруға тура келеді. Ол үшін майынан ажыратылған құр­ғақ сүтке ақуызды және өсімдік майын қосып, араластырып беру қажет. Қоспаның 53 пайызын құр­ғақ сүт, 32 пайызын ақуыз, 12 пайызын күнбағыс майы құрағаны жөн. Қоспаны бермес бұрын оны 37-38 градустық температура шамасында қыздырып алуды ұмытпаңыз. Дайын болған қоспаны бөтелкеге құйыңызда, аузына емізік орнатыңыз. Көжектерді осылайша азықтандыруға болады. 

...