0 дауыс
4.5k көрілді
"Өнердегі өнегелі өмірлер" атты тақырыпта шығарма керек? Улги тутатын адамым туралы

1 жауап

0 дауыс

Сексен жыл! Бар болғаны сексен-ақ жыл! Бір ғасырды шаршысына толтыру үшін әлі де жиырма жыл керек. Бірақ сол сексен жылдың өзіне қанша ғасырдың тақиясына тар келмейтіндей салқар мазмұн сиып тұр!

Аға тойында айтылар лебізді мұндай есеп-қисаппен бастауымыз тіпті де тегін емес.

Естеріңізде бар шығар: Ғабеңнің бір әңгімесінде тәуліктің жиырма төрт сағаттан тұратынын алғаш естіген қыр қазақтары құдайдың құйындай зулап өтіп жатқан жым-жылас уақытын да есептеуге болатынына жағаларын ұстап, бастарын шайқап айран-асыр қалатын. Ал біз бүгінде бабаларымыздың бір көзде осыған да таңғалғанына таң қаламыз.

Шынында да, есептесек уақытты есептейік! Көрер жарығымыз бен тыңдырар шаруамыздың мөлшерін қадағаламағанда нені қадағалаймыз?!

Дүниедегі барлық нәрсемен құбылысты таразыға тартып, өлшеп-пішіп қоймаса, бастары ауыратын біздің тұстастарымыз адамның әлеуметтік мәні бар қаракетіне бір тәулікте, ең көп дегенде, 12-13 сағат қана ауысатынын анықтап отыр. Неткен аз! Бірақ, сол аздың өзіне жармасар қаншама шаруа бар?! Оның қаншасы шабан көлік пен мардымсыз істерге жем болады?! Қаншасы мәжіліс столы мен дастархан басына, кінәмшіл қауым мен бопсашыл досжаранның көнілін аулауға кетеді?! Қандай обал!

Жазушының жазу столының еншісіне тиер уақыт тіптен жартымсыз. Сол тіптен жартымсыз уақыттың өзі ойлаған, ісіңді ойдағыдай тыңдыратындай адал уақыт боп бұйырмағы тағы да екі талай. Өйткені, ол адамның бір басына, оның тәуекелі мен ыждаһатына ғана тәуелді емес. Оған адаммен қоса заман да қожа. Әлгі айтқандай, ойға алған шаруаңнан ойдағыдай нәтиже тудыру үшін адамның көңіл күйі мен заманның сыпаты ылғи да бір ыңғайдан шығып отырса жақсы. Заманнан адамның қас-қабағын аңдып, қайткенде көңілінен шығам деп, жаңа түскен келіндей иіліп-бүгіліп тұрар жібек мінез талап ету айтар ауыз түгілі естір құлақтың иманы тұршігер күпірлік болар еді. Ал адамға келсек... Заманның аңғарын алыстан болжап, соған орай іс тыңдырмақ, тыңдырғанда да, ертең: «Мен қайтейін, ол көзде заман солай еді ғой», – деп барша табансыздығың мен тайыздығыңды, жаңсақтығың мен жалтақтығыңды өтіп кеткен уақытқа жауып салып, өзің сүттен ақ, судан таза боп көрінгің келіп көлгірсіп тұрмайтындай адал тындырмақ кез-келгеннің талайына тап келе бермес абырой...

Заманның қанасынан сырт жаралып, сырт туатын ешкім болмаса да, кісі біткеннің бәр-бәрінің есімі өз дәуірімен бірге аталар бір ұғым, бір құбылыс боп кете бермейтіндігі де сондықтан.

Ал біздің Ғабең бүгінге дейін бір өзі бір дәуір деуге тұрарлық мағыналы ғұмырды – адам рухының оң мен солды түгел танып болмаған меңіреу түнек көзінен сананың самаладай жарық ең шырқау биігіне көтерілгенге дейінгі қызғылықты да сындарлы жолын бастан кешіріп отыр.

Ол жоғарыда айтылған аңғал кейіпкерлерінің көкірегіне уақыт жайлы алғаш саңлау жүгірген көзде жиырмалардағы жігіт екен.

Соған қарағанда, ұланғайыр қазақ жерінің теріскей пұшпағындағы Елтінжал ауылында және бір «ат әкелер» жарыққа келгенде адамзаттың жаңа ғасырдың, жиырмасыншы ғасырдың, табалдырығынан аттағанына екінші жыл болып бара жатқанын әлі сөзіп үлгіре қоймаған қазақ тек сол бесікке жаңа түскен қызыл шақа ғана болмаса керек. Көзге көрініп, қолға ұстатпайтын жұмыр уақыт түгілі маңырап кіріп, маңырап шығып жатқан қорадағы қойының санын жөндеп білмей, басынан өтіп бара жатқан баянсыз дәуренді «шай қайнатым», «сүт пісіріммен», әрі асқанда, оқтын-оқтын бір соғып, дүрліктіріп кетіп отыратын «қоянның жұты», «ұлудың жұтымен» межелеп отырған ескі ауылда қарын шашын алдырған сол қазақтың өмір жолы бір көздегідей тек сұңғыланың сұңғыласы, Ғұламаның Ғұламасы ғана емес, бүгінде келген жұмыр басты пендені толғандыратын: «Заман адам үшін не жасай алады? Адам заман үшін не жасай алады?» деген өзекті сауалға айдан анық жауап бере алғандай.

Заман және адам... Заман және тарих... Мұндай қойқосақ түсіп тіркесе айтылар ұғымдар төңірегіндегі толғаныс көз келген той-томалақтың тақиясына сыя бермейді. Ал, бірақ бүкіл бір ұлттың қазіргі рухани өмірінің маңдайға ұстар кемел қайраткерінің мүшел тойы үстінде бұл мәселелер ауызға ілікпесе, ол да батырға байғазы қып баланың телпегін кигізгендей сөлекеттік болар еді.

Қазір бір кісінің өмір жолын, ол түгілі ғұмыр жер мен ұланғайыр ғаламның ғұмыр жасын базардағы жылқының тісін санағандай түгендеп шығып, түгелдей шолу анау айтқан қиын шаруа болмай қалды. Ғұлама ғасырымыз ашқан тағы бір ғаламат жаңалыққа жүгінсек: біздің ғалам жаратылғалы 10 миллиардтан астам жыл өткен. Бірақ, сондай ұлан асыр уақыт тарих деген атауға ұзақ уақыт ие бола алмады. Тарих деген ұғымның туы жарық жалғанды құрап тұрған, кеңістіқ уақыт, әрекетке адам санасы араласқалы бері ғана. Жер бетіне ойлай алатын адам пайда болғалы да қырық мыңдай жыл өтті. Сол қырық мың жылдық саналы тіршілігінен адам жадында тарих боп жатталып қалғаны соңғы бес мың жыл ғана. Сол бес мың жылдың ішіндегі өзгерістер адамзаттың тарихи творчествосы саналып, оған әр халықтың бұрын қосқан өз ұлгесін бағалай-баптай білуі тарихи сана, ал қосар өз үлесін пайымдай білуі тарихи жауапкершілік аталмақ.

Он миллиард жыл және қырық мың жыл. Адам санасы жас құбылыс еді. Қырық мың жыл және бес мың жыл. Адамзаттың тарихи еанасы неткен келте! Ал кейбір халықтардың тарихи санасы одан да келте!

Бұдан сексен жыл бұрын Елтінжалда өткен шілдеханадағы мәжіліске осы тұрғыдан көз жіберіп көрейікші. Сонда ұл сүйіп, ұлы мәслихатқа жиналғандар не мәшһурат қылды екен. Өткендерін айтса, көп болса, жеті атаға дейінгі жерді анық қамтып, одан арғыны пайғамбарлар мен сахаббарлар хақындағы хикаяларға тіреген шығар. Бүгіндерін айтса, көрші болыстарда не болып жатқанымен, одан асса, Қызылжар базарында жылқының қанша тұратынымен шектелген шығар. Келешекті айтса, туажақ көктемнің сылайын барлап, әрі асқанда, жас нәресте ертең ер жеткенде қай ауылға құда түскен жөн екендігіне тон пішкен шығар. Сонда қазақ даласының қай пұшпағындағы ақсақал-қарасақалдардың қай-қайсысынан да кем сұңғыла, кем кәріқұлақ, кем сөзуар емес Елтінжал қариялары айтар әңгіменің ұзынырғасы, қалай көлбетсең де, әрі кеткенде, сол екі жүз жылдың сілемін түгендеп шыға алар еді. Бес мың жыл және екі жүз жыл. Қандай жұпыны, қандай тапшы! Самиян сахарадағы қоңыр үзік ауыл адамзаттың арғы тарихынан да, сол көздегі тірлігінен де, келешекке артқан үміттерінен де қанша жерге қол үзіп жырақ қалған!

Соны ойлағанда, көз алдыңа бір көңілсіздеу көрініс келеді. Ұлан-асыр уақыт кеңістігінде адамзаттың қызылды-жасыл ұлы шеруінен бөлініп қалған шашыраңқы шолақ көштер мынау Бақанастың Балқашында, сонау Шыңғыстау мен Баянтаудың бөктерінде, Есіл бойы шүбарлары мен Ойыл-Темір, Кеңгір-Нұра адырларында біреуі құмға малтығып, біреуінің табанынан тас батып, біреуі тұманнан адасып, біреуі сағымнан алжасып, бет алды құла дүзге жөңкіліп жүр. Жолдарын тосып, жөндерін сұрасаң, арадағы халқын емес, берідегі басын айтады. Бірін-бірі танып жарымауға айналған осынау шолақ көштердің басын құрап, замананың өрге тартқан ұлы аңғарымен ілгері басқан адамзат шеруіне апарып тіркеп, оның да шаңына тұншықтырып, соңында ілбітпей, төстерін самалға аймалатар алдына шығару сол көздегі ат мініп, бүйда ұстаған баба ұрпаққа емес, көшжөнекей кебежелерден мойыны қылқиған бала ұрпаққа енші болып тиді. Бүгінде терөзесі тең азат халықтардың салихалы санатында сыйлы Орын иемденген жұртымыздың кем-кетігінің түгенделуі ғана емес, ылдидан салып төске озуы, тайпалық сананың тар ауқымынан шығып, кемел ұлттық санаға қолы жетіп, адамзаттық ой-пікір биігіне көтерілуі, басқалармен бірдей тарихи санаға ғана емес, адамзат авангардында жүрер тарихи жауапкершілікке ие болуы, ортағасырлық мешеуліктен кемелденген өркениет дәуіріне өтуі жаңа ғасырдың алдыңғы он жылдықтарында ат жалынан тартып мінердей естияр жасқа жеткен осы буынның өмір жолымен сәйкес келді. Бір ғана ұрпақтың өмір жолын қамтитындай қысқа мерзім ішінде біздің халқымыз өзінің тарихи дамуының , ең күрделі, ең мазмұнды дәуірін бастан көшіп отыр.

Қазақтар жазу үрдісін былайғы адамзаттан бес мың жыл кейін, кітап басуды 600 жыл кейін меңгерді. Оның үстіне әрбір жеті жыл сайын адамзат ақыл-ойы білген информация көлемін екі еседей ұлғайтып, жедел қарқынмен дамып келе жатқан қазіргі цивилизацияның аяқ алысын қосыңыз. Соған қарамастан, айналасы алпыс жылда қазақ қауымы өзінің мыңдаған жылға мешеулігін жеңе білумен қоса осы заманғы цивилизацияның әлгіндей көз ілеспес шапшаңдықпен алға тартқан ұлы бәйгесінде алдыңғы лекте келеді.

Мұндай жедел дамуды жүзеге асыру үшін қолайлы саяси-экономикалық жағдаймен қоса, халықтың орасан зор жасампаз қуаты, рухани ыждаһаты мен жігері керек еді. Халықтың ондай творчестволық потенциалы нақты тарихи тұлғалар арқылы жүзеге асады. Мұндай тарихи парызды ойдағыдай атқарып шыққан да жоғарыда айтылып отырған аға ұрпақ. Заман тудырар ұрпақ бар да, заманды жасасар ұрпақ бар. Олар – бұның соңғысы. Халқымыздың саяси-әлеуметтік мерейінің өсіп, ғылымның жетіліп, мәдениетінің көркеюіне әліге дейін көш басында солар келеді.

Қай халықтың да қай көздегі тарихында болмасын, өз қауымының жаппай сауатсыздықтан ғарышты зерттейтін зерек зердеге көтерілгенге дейінгі рухани дамуында көш басшылық еткен бұндай ұрпақ кемде кем шығар.

Бүгінгі күні күллі республика жұртшылығы боп торқалы той өткізіп отырған Ғабит Мүсіреповпен заманас буынның біздің жаңа дәуірлеуімізде иеленетін меншікті салмағы мен орны, міне, осындай.

Ғабит Мүсірепов әлгі айтулы буынға тән азаматтық тұрлауды, тарихи жауапкершілікті, қоғамшылдықты мейлінше мол, мейлінше айқын, мейлінше табаңды танытып келе жатқан бірегей тұлға.

Оның суреткерлігі ескі қазақ ауылында базарға айдалатын жылқыларға «дестеберен» жазып беруге жетерліктей машықтан тек ұлттық әдебиетіміздің ғана емес, көп ұлтты совет әдебиетінің ең таңдаулы шеберлерінің бірі атанған биік деңгейге дейін кемелденді.

Оның білімпаздығы ескі мектептің бірер класы мен ауыл шаруашылығы оқу орны студенттігінен осы заманғы іргелі ғылым академиясының академиктігіне дейін есті.

Оның әлеуметтік белсенділігі ауылдың көзі ашық азаматынан республика ауқымын былай қойып, бүкіл-одақтық, халықаралық масштабтағы ірі мәдениет, қоғам қайраткеріне дейін биіктеді.

Бұның әр қайсысы бір-бір кемел азаматтың өмір жолына салихалы мазмұн болғандай. Бұның әр қайсысы бір-бір Монбланды бағындырғанға барабар төтен ерлік қиын жеңіс.

Ал бір өзі әлі үш бірдей Монбланды бағындырардай асқан ерлік тек дәуірлеу кезеңдерінің кемел қайраткерлерінде ғана көздескен сирек құбылыс. Екі ғасыр тоғысынан басталған жаңа тарихи мерзімде біздің халқымыз, шынында да, бағзының Дәуірлеу кезеңіне барабар ерекше қауырт өркендеу кезеңін бастан кешіріп келеді. Оған сол көзең тарих сахнасына шығарған қайраткерлеріміздің азаматтық болмысының өзі айқын куә. Дәуірлеу кезеңі қайраткерлеріне айрықша алғырлық, жан-жақты талант, белсенді күрескер мінезбен қоса ерекше бір терең тарихи интуиция тән болып келер еді. Олар тек бүгін ғана емес, келешек жүктеп отырған парызды да алыстан болжап, уақытан оза қайрат қылатын. Сондықтан да олардың бойынан барлаушыларға тән батылдық пен қолбасшыға тән байыптылық бірдей табыларды. Біз жоғарыда сөз қылып өткен аға буынның қай саладағы өкілдерін алып қарасаңыз да, олардың бойынан халқының ғасырлар бойғы рухани тәжірибесіне қаяу түсірмеген адалдықты, бабаларының қолына түсе қоймаған адамзаттық ортақ цивилизация қазыналарын төз игерген алғырлықты, шапшаң дамып жатқан дәуіріміздің қай жаңалығына да алдымен ұмтылған елгезектікті молынан ұшырастырасыз. Оларға әлеуметтік енжарлық, рухани дәйексіздіқ ұзақ еліктеп, ұзақ солықтайтын дәрменсіздік атымен жат. Олар тек жеке адамның қалыптасу, жетілу, кемелдену жолына ғана емес, күллі ұлттық дамуға таңғаларлықтай соны серпін, жедел қарқын бітіргендей. Бұл, әрине, жасампаз уақыттың творчестволық сипатын терең ұғып, қапысыз меңгерген қарымды қайраткерлерге тән сипат.

Суреткер Мүсірепов творчествосының эстетикалық болмысына көз салсаңыз, балаң әдебиеттердің қай-қайсысында да ұшырасатын жер бауырлаған натурализмге, «тұрмыс көрінісін тәптіштейтін» қарабайырлыққа бой алдырмаған. Прозасын алыңыз мейлі, драматургиясын алаңыз мейлі, не поэтикалық шабытты, не сыпайы әжуаны табасыз. Әйтеуір, барға келіскен, жоқтан күдер үзген жабы көңіл мен жадау бояу көзікпейді. Бұл не? Әрине, суреткер талантының өзге ешкіммен шатыстыруға болмайтын тайға таңба басқандай айқын өзіндік сипаты. Бірақ, ол сипат та дәуір мінезін дөп басып, жіті танудан туған ерекшелік. Өмірдің өзі барды қанағат тұтпай, жоқты бар ғып жатса, ондай шындықтан туындайтын өнерде өзгеріске толы кезеңге төн мешеуді келеке етер уытты ирония мен жаңаға шақырар отты поэтикалық леп неге басым түсіп жатпасын! Мүсірепов талантының барлаушыларға тән байқампаздығы сонда, ол ылғи жаңа көктемнің алғашқы бүріндей кәсегелі құбылыстарға назар аударады. «Талпақ танау» – ғасырлар бойғы психология мен тұрмыстық үрдістер инерциясына енді-енді күмән келтіре бастаған қазақ ауылының рухани шежіресі. «Қазақ солдаты» – ауыл жөргегінен жаңа заман өткелектері ерте айырған қазақ бозбаласының алғаш рет ата кегін қуып, ру намысын жыртпай, көп ұлтты Отан мүддесі үшін күрескен жауынгерлік жолы. «Оянған өлке» – самарқау сахарадағы бұйығы тірлікке ата-баба көрмек түгілі, естімеген жаңа кәсіптер мен жаңа қарым-қатынастың алғаш желі тартуының тарихы. «Ұлпан» – ескі ауылда заман аңғарын алыстан болжап, соған орай қарекеттенуге алғаш талпынғандардың қайғылы хикаясы. Көрдіңіз бе, бәрі де «алғашқылар» мен «тұңғыштар» туралы. Бәрі де өз тұсында әлі кеңінен етек жая қоймаған сирек соны құбылыстар жайында. Бұл шығармалардың қай-қайсысы да көнені мансұқтап, жаңаны дәріптеуді өзек етеді. Сондықтан да, олардағы ирония мен поэтикалық интонация автордың өзі суреттеп отырған құбылыстардың әлеуметтік астарына деген азаматтық позициясының айрықша анықтығы мен айрықша белсенділігін мәшһүр еткендей. Мүсірепов талантының байыптылығы сонда, ол жаңаны жырлай отыра, бұрынғының бойындағы өміршең мен өтпеліні дәл саралай біледі. «Ұлпандағы» Есенейді жаңаға талпындырып жүрген құлағына құдай сыбырлап кеткен төтен пайғамбарлық емес, қашаннан халық қамын қамдап қалған көзқарақты азаматқа тән елдарлық пен жауапкершілік. «Болашаққа аманаттағы» Сырымды хандық үрдістен «жаңа қауымдық» үрдіске көшуге үндеттіріп жүрген де халық бойындағы қандай өзгі мен қандай өктемдік тұсында да біржолата өшіп кетпеген азаттық сүйген арман, асау аңсар.

Мүсірепов қандай жаңа құбылысты, қандай жаңа адамды жазсын мейлі, оның түп төркінін халықтың өз бойынан табады; қандай өрелі проблема көтерсін мейлі, халықтың өз көкірегінен іздейді. Айды аспанға бір шығару үшін қайдағы бір дүдәмалға ұрынбайды. Халқын жақсы кергеннің жөні осы екен деп, ол жайында қайдағы жоқты қиыстырмай, әуелі оның бойындағы шыннан бар абзал мен асылды мұқият зерттеп, мұқият танытады. Халқын жақсы көргеннің жөні осы екен деп жауырды жаба тоқымайды. Оның бойындағы өркен жайғалы тұрған, сонымен қоса, көсеге көгертпейтін кеселді де мұлтіксіз танып, бұлтақсыз әшкерелейді. Ол өткен заман өмірінен жазсын мейлі, осы заман өмірінен жазсын мейлі халықтың жақсыға талпынған жаңашыл ықыласы тұрғысынан жазады.

Мүсірепов суреткерлігін сүйекті етіп тұрған да: ол көтеретін проблемалардың әлеуметтік салмағы, ол суреттейтін кейіпкерлердің азаматтық кемелділігі, ол ұсынар ойдың тарихи пайымдылығы. Оның қай шығармасына да өзек болып келе жатқан: бүкіл бір халыққа тән тұтас болмыс пен бүкіл бір дәуірге тән соны құбылыс.

Өмірлік шындықты көп таптаурын болмаған таңсық қырынан танып, терең зерттеп, кесек қамтитын қандай суреттердің де жаңашыл болмасқа жағдайы жоқ. Мүсірепов жаңашылдығы көп қырлы, кеп сырлы құбылыс. Ұлттық әдебиетіміздің профессионалдық дәрежеге жетуі сынды революцияға барабар жаңашылдықты бастап бергендердің, соны табандылықпен ілгері дамытқандардың және дамытып келе жатқандардың бірі, бірі болғанда да, бірегейі – Мүсірепов. Кәсіби әдебиеттің фольклорлық әдебиеттен ең басты айырмашылығы – жанр алуандығы, стиль алуандығы, дәуірлік шындықты дәл жеткізудегі психологизм тереңдігі, идеялық мазмұнның қоғамның диалектикалық дамуымен тығыз байланыстылығы.

Біздің жас жазба әдебиетімізде осы бес сипаттың бесеуінің де мықтап орнығуына Мүсіреповтің қосқан үлесі өз алдына бір төбе. Бұрын жекелеген талпыныстар ғана болмаса, жүйелі жосығы түспеген ұлттық прозамыздың, роман, повесть, өңгіме очерқ публицистика барлық жанрына белсене де, жемісті де ат салысты. Бұрын сұлбасы да болмаған комедия, трагедия, әлеу-меттік драма, киносценарий, опера либреттосы сынды соны жанрларға алғашқылардың бірі болып қалам тартты. Ұлттық театрымыздың барлық ірі жеңістері, ең алдымен, Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов есімімен тығыз байланысты. Ұлттық кино өнеріміз өзінің азын-аулақ төл табыстары үшін қазақ қаламгерлері арасынан Ғабит Мүсіреповке айрықша қарыздар. Стильдік алуандыққа келгенде, бұл салада да Мүсіреповтей ізденімпаз суреткер кемде-кем. Ол үйренуде де, ізденуде де көп өнеге көрсетіп келе жатыр. Оның қай ізденісі де дәуірлік шындық пен адамдық шындықты неғұрлым жан-жақты қамтып, терең жеткізуге бағышталған. Прозамыздағы психологиялық талдау мен әлеуметтік талдаудың деталь мәнділігі мен композициялық ракурстар ұрымталдығының, образ қанықтығы мен концепциялық қарымдылықтың үлес салмағының арта түсуінде аға қаламгерлеріміздің атқарып келе жатқан қызметі ерекше. Бір өкініштісі, айтулы шебердің осындай елгезектігі біздерден кейінгі іні қаламгерлерден сирек кездеседі. Көбіміздің шығармаларымызды оқып отырғанда, әдеби творчествоның таза суреткерлік лабораториясында, әр жанрдың поэтикасы мен даму тенденциясында, біздің тұсымыздағы отандық, әлемдік творчестволық процесте ешқандай өзгеріс, ешқандай жаңа нышан жоқтай, баяғы бір ескі машықтарды жиі ұшырастырамыз. Мұндай тұр салғырттығының ар жағында мазмұн жадағайлығы, ойдағы бойкүиәздік жатқаны жанға батады. Ойдағы соны серпілістің түрден өз көрінісін таба алмай тұра алмайтындығына Мүсірепов ізденістері даусыз дәлел болғандай.

Ғабит Мүсірепов – қазақ совет әдебиеті дамуына ізденімпаз экспериментатор ретінде ғана емес, батыл да терең теоретиқ сыншы ретінде де үлкен үлес қосып келеді. Ұлттық әдебиетіміздің социалистік реализм эстетикасы мен осы заманғы көркем творчество жетістіктерін ойдағыдай игеруіне суреткер Мүсіреповпен қоса, сыншы Мүсірепов, ғалым Мүсірепов те тынбай ат салысып жүр. Ғалым Мүсіреповтің мектебі – халық парасаты мен тарихи күрестерге толы өз дәуірінің өзекті идеялық, саяси, рухани ізденістері. Мектептің бермегенін өмірден алған, ұстаздың айтпағанын өз ыждаһатынан тапқан Мүсірепов интеллект кемелділігі Шекспир, Лев Толстой, Горький сынды «университет бітірмеген» ой алыптары шыққан рухани биікті еске түсіреді. Әдетте, надандықтың мектеп көрмеген сауатсыздық, мектеп көрсе де, көкірегіне ештеңе қонбайтын топастық мектеп көргенмен, жеңіл-желпіден әрі аса алмаған шала сауаттылық сияқты үш сипаты болатындай, білімділіктің де үш тұрі, үш деңгейі бар тәрізді. Тұсында ойдағыдай білім алып, бірақ одан әрі қарай тұяқ серіппей, «олай болмайды, былай болады» деп отырып алатын білімдісіну өнерде үйреншіктіден аса алмайтын консерваторлыққа, ғылымда белгіліні қайталайтын догматизмге ұрындырады. Білімге құштарлықтың жөні осы екен деп, көрінгенге жүгіріп, көрінгенге жүгініп, өзіндік пікір түйіп, өзіндік позиция таба алмаған, оқығаны көп болғанмен, тоқығаны жоқ білгішсіну өнерде эклектикаға, ғылымда дилетантизмге жол ашады. Біз секілді өз мектебі мен өз интеллигенциясы кейін қалыптасқан жұрттарда білімділіктің осы екі тұрі жиірек көздесуі әбден заңды да. Бірақ, мұндай білімділік – өмірден алары бар да, қосары жоқ қысыр білім. Ал оқи да, тоқи да білетін, талғап оқумен қоса, талдап оқитын, білгенін кітаптағымен емес, өмірдегімен салғастырып саралайтын үздіксіз ізденіс үстіндегі шынайы білімдарлық өнерде творчестволық даралыққа, ғылымда ешкімді қайталамайтын жаңалыққа бастайды. Ғ. Мүсірепов интеллекті осы үшінші топқа, өнердің де, ақыл-ойдың да көсегесін көгертер топқа жатады. Оның ғылыми ойы да, сыншылық ойы да – қасаңдыққа жаны қас жаңашылдығымен, ұршықтай үйірілген диалектикалық шалымдылығымен таңғалтып келе жатқан батыл да байыпты ой. Оның өміршіл де, өміршең де болатындығы сондықтан. Ол кеш дамып, төз жетілген мәдениетіміздің қандай сын кезеңінде болмасын, мүмкіндігінше, ең дұрыс, ең жемісті позициядан шыға білді. Мүсіреповсыншының жаңашылдықты жасқаған, батылдықты тойтарған, бейбастықты қостаған, дарақылықтың шашбауын көтерген, кейін пайда болғанның сонысын көріп, кемісін көрмей әсірелікке бой алдырған, бұрыннан бардың кенелігін көріп, өнегелілігін ұқпай солақайлыққа ұрынған жері жоқ. Сексен жасап отырған әйгілі сөз шеберінің тауып айтқан, батып айтқан, батыл айтқан жерлері аз болмаса керек. Оның бәрін санап жату сөзуарлық, айтпай кету көзжұмбайлық болар еді. Басқасын былай қойғанда, атақты «Абай жолы» турасында әркім әрқилы лебіз білдіріп жатқан тұста, қазақ қаламгерлерінің арасынан әдебиетімізге бұрын-соңды болмаған ұлы шығарма келгенін алғаш рет ашып айтқан сыншы Мүсірепов екен. Бұл қандай батылдық болғаны, сірә, белгілі. Ал әлгі сөзінде ол әйгілі эпопеяның әлеуметтіқ эстетикалық табиғатына қандай тереңдеп бойлай алған десеңізші! Одан бері талай заман өтті. Әдебиет майданына талай жас қауым, жаңа ұрпақ келіп қосылды. Солардың бәрі әдебиетіміздің маңдайға ұстар туындысы жайында жақ ашпай қалған жоқ. Бірақ сонау көздегі Мүсірепов танымы мен талдауына көп ештеңе қосып жарымаппыз.

Мүсірепов – қоғам қайраткері, Мүсірепов – мәдениет қайраткері туралы әңгіме де, міне, осы арадан ербісе керек. Мүсірепов буынының қоғам тарихы мен халық тарихының қандай сын кезеңінде қалыптасып жетілгенін кім-кім де жақсы біледі. Сол асқаралы шаруалардың бәрі жаймашуақ жайбарақат жағдайда емес, кескілескен идеологиялық күрес үстінде жүзеге асты. Сауатсыз ауылдан шығып, шытырман тап күресінің күрделі интегралы мен диффенренциалына бірден жетіле қою кім-кімге де оңай шаруа емес еді. Талайлар тауқыметі мол тап күресінен басын ала қашқан тоғышарлыққа, немесе күрес дегеннің жені осы екен деп, шаш ал десе, бас алған ұрдажықтыққа ұрынды. Мүсірепов сол екі кеселдің екеуіне де бой алдырмапты. Бұл Мүсірепов қайраткерлігінің жәй әншейін белсенділік емес, терең дүниетанымды, таптық күрестің көп жылдық идеялық қазынасын төз игеріп, төз меңгерген болмысты, азаматтық зерені арқау еткен саналы күрескердік екенінен айқын хабар бергендей.

Халық тағдыры мен қоғам тағдыры сынға түсер кезеңде сахнаға шыққан қай қайраткерден де қоғамдық даму табиғатын талдап түсінер терең біліқ тарихи процестің алды-артын бірдей шолып отыра алар биік парасат, әр ісің мен әр сөзіңнің тек бүгінгі әсерін ғана емес, ертеңгі салдар-нәтижесін алдын-ала түйсігіп-түсіне алар сергек жауапкершіліқ заманның көңілін аулаймын деп адамға, адамның көңілін аулаймын деп заманға қиянат жасамайтын қылаусыз әділдіқ дәуірге қызмет етудің орынына кемдікүн дәурендеп қалуды күйттейтін күйкілікке жол бермейтін саф адамгершілік табың мен халқың алдындағы қалтқысыз адалдық талап етілері белгілі. Мүсірепов – салихалы азамат сынға түсер сол емтихандардың қай-қайсысынан да сүрінбей өтті.

Азаматтық белсенділік – ол тек елдің ең алдымен білегін тұрініп шыға келетін елгезектік емес, ол – бүгінгі күн пәрменінен ертеңгі келешектің көкейтесті мүддесін тапжылтпай танып барып қайратқа жүгініп, әрекетке жүгіретін қапысыз көрегендік. Мұндай өресі биік күресте сара ақылмен қоса салқын сабыр да таптырмас қару. Мүсірепов өз ғұмырында күрес сахнасынан бір елі жырақ тұрып көрген жоқ. Бірақ, қай сәтте де өзгелердің дау-дамайының дүбіріне жүгірмей, өз жүрегінің діріліне көбірек құлақ асуды қағида тұтты. Сабырлы күрескерлік деп те соны айтса керек. Ол – табандылықты «айттым бітті, кестім үзілді» деп отырып алар қасарыспалық деп, жалындылықты жағаласа кетер жанжал құмарлық деп, өрлікті өзеуреу, ерлікті егес деп ұғынбай, ұтымдыны алыстан болжап, ұрымталдан ұтылап қимылдау деп ұғатын кәнігі палуандар сынды қапысын таптырмайтын қырағы сайыскер. Бұл, әсіресе, суреткерлерге, ең алдымен, қажет қасиет. Өйткені, қашан да халық атынан, тап атынан, қауым атынан сөйлейтін қаламгер әрдайым өзін тек қағаз қаралаушы нан табармын деп емес, жаңалықтың жаршысы, жақсылықтың жақтасы қайраткермін деп сезінбесе, сөзін де, өзін де сыйламағаны. Өйткені, әлеуметтік творчество, көркем творчество, ғылыми творчество, рухани творчество – қашан да қиянатпен, тоғы-шарлықпен, топастықпен күрес. Сондықтан да, адамзаттың ізгілік жолындағы күресі арсеналынан көркем творчество ешқашан сыртқары қала алмайды. Күндердің күндерінде әскери қарусыздану жүзеге асар. Бірақ, әділеттің басынан аттатқызатын, адамгершілікті аяқ асты ететін идеялық қарусыздануға, демек, парықсыздану мен арсыздануға жол беріп қойып, қол қусырып қарап отыруға әдебиет пен өнердің ешқашан, ешқандай хақысы жоқ. Ендеше, сөзімі сергек суреткер адамгершілікке келер өр қиянатқа адамзатқа төнер ең сұрапыл қауыптан ашынғанындай серпіле қарсы шығуы керек. Мүсіреповтің сүйікті туындыларын былай қойғанда жол жазбаларының өзінде көнелік пен кердеңдікке, қараулық пен дүниеқоңыздыққа, тоқтықтан асқынған тоң мойындық пен рухани «күптілікке» атой салып ереуілдеп тұрған максималистік пафос бет шарпиды. Ондай уыты болмаса бүгінгі көркем сөздің – автордың иінін жақсартып, бетіне шырай жүгірткеннен басқа бітірері шамалы. Олай болса, творчествоны күрес деп ұғатынымыз секілді күресті де творчество деп ұққанымыз жен. Күрес сияқты күрделі өнерде де өнеге керек. Ондай өнегелі ұстаздардың бірі – бүгінгі той иесі.

Ол осынша абыройға бір басының жұрттан озғанын күйттеген өзімшіл ыждаһатымен емес, Отаны мен заманының, туған тілі мен әдебиетінің мерейін өсіруге еткен ерекше еңбегімен жетті. Ол қазаңтың көп салалы, кеп жанрлы мәдениетінің жазушы өнері керек болған жерінің бәріне араласты, бәріне ат салысты. Замана ағымынан, дәуір талабынан ешқашан кеш қалып, кем түсіп көрген жоқ. Әрдайым өз халқының рухани мүддесінен шыға білді.

Рухани майданда оза шауып қызмет қылуға даусыз талант, дана білікпен қоса асқан кісілік те керек. Мүсірепов енері кісілігіне, кісілігі өнеріне сай. Ол заманында ащыны да, тұшыны да аз естімеген, жақсыны да, жаманды да аз көрмеген адам. Бірақ, оның ащыдан тұншығып, тұщыдан ұшынып кеткен жері болды, жақсы дегенде еліріп, жаман дегенге көміліп қалған жері болды дегенді естіген де, керген де емеспіз. Ол өзінен жасы үлкен, еңбегі үлкен, өнері үлкен ағаларымен де, кеш келіп, кейін жетілген інілерімен де сырдесте пікірлес бола білген адам. Үлкеннің алдында балаң, кішінің алдында надан көрінбеудің жаңғыз-ақ жолы – өзіңді өзің үзбей шыңдап отыратын үздіксіз рухани ізденіс, тоқмейілсуді білмейтін табанды еңбек. Өз қадіріңді білуің үшін өзгенің қадірін, өзгенің қадірін білуің үшін өз қадіріңді түсініп қапысыз қастерлей білген лазым. Табиғат көкірегіне өнер дарытқан адамға кердеңдік те, кесірлік те, жалтақтық та жараспайды. Оның «өнердегі өзін» сыйлағандықтан емес, «өзіндегі өнерді» сыйлағандықтан да инабатты болмасқа қақысы жоқ. Өзін қадірлеткенмеы өнерін қадірлете алмай, әнерін қадірлеткенмен өзін қадірлете алмай жататын кереқарлықтың түп төркіні де осы – талант пен кісіліктің айқұшақ қауып аймаласа қалмайтынында. Халық көзіндегі адамға ірі сөйлеп ұсақ қарекеттенуге де, ұсақ сөйлеп ірі қарекеттенуге де болмайды. Алдыңғысы өзінің қадірін түсірсе, соңғысы өнерінің қадірін түсіреді.

Біз аға буынның өнерлерінің кесектігіне мінездерінің кесектігі жарасатынын сүйсіне айтқымыз келеді.

Бірақ, бұдан олар шетінен пайғамбардың ауызынан жаңа түсе қалғандай өңшең періште екен деген де сөз тумаса керек. Олар ондай емес. Ондай болуға жағдайлары да болған жоқ. Өйткені, олар жас кәсіби әдебиетімізді өздері құрып, өздері қалыптастырды. Қалыптасу үстіндегі құбылыстың қай-қайсысында да бірі жетсе, бірі жетпей жататыны, сірә, белгілі. Қазақ әдебиетіндегі кәсібиліктің жетілуінде де даулы, талас тудырар жәйіттер көп болды. Оның бәрі принциптілікті талап етті. Сондай қызу күрес үстінде ескен ұрпақ, әрине, бірін бірі ылғи арқадан қағып, маңдайдан сипап отыра алмайды. Алайда, олар қанша таласқанмен, «сен анаусың, мен мынаумын» деп ат құйрықтарын үзіспей нақты шығармалар, нақты тенденциялар төңірегінде таласты. Олардың қай таласының астарына үңілсең де, бәрібір қоғам талабына, дәуір талабына барып саяды. Әліге дейін әдебиет сапасы жайындағы творчестволық процестегі кейбір жағымсыз құбылыстар мен құлықтар жайындағы толғақты әңгімелерді інілерден гөрі ағалар көбірек көтеріп жүр. Олардың азаматтық темпераменті әлі күнге жалындаған жас жеткіншектерінен басым түспесе, кем түсіп жатқан жоқ.

Бүгінгі тойда қазақ зиялыларының алғашқы буынының асыл көзіндей боп қалған қадірмен ағаның қызғылықты да қасиетті өмір жолының өнегелік сипаттарына баса көңіл бөлуді айырықша мақсат тұттық.

Мүсірепов өмірі – өнегелі өмір. Өнегелі болатыны күрескер өмір. Биік мұраттар жолындағы мәмлесіз күресті өзек еткен өмір.

Мүсірепов өнері – өміршең өнер. Өміршең болатыны – шыншыл өнер. Шындықты мұрат тұтқан өмір де, өнер де – ең алдымен, ел игілігі, ел мерейі.

Мүсіреповке бүгінгі қоғам, бүгінгі қауым тарапынан көрсетіліп жатқан шексіз құрметтің де түп себебі осында.

Ғабең бүгін Махамбет пен Шоқанға, Біржан мен Ақанға, Тұрар мен Сәкенге көке болатындай, Абай, Құрманғазы, Мұхтар, Қаныш, Сәбит, Ахметтерге аға болатындай, арғы-бергіден тек Сыпыра, Бұқар, Жамбыл, Кенендерге ғана жеделдес інілігі бар көсем жасқа жетіп отыр. Бір қарағанда, ол – біздің ортамызға сонау ұлы Абайдың оң жақ қапталынан осы қазір тұрып келіп отырғандай көрмегені, білмегені жоқ көнекөз шежіре. Енді бір қарасаңыз – әдебиет табалдырығынан әлгінде ғана аттаған ең кенже буынның өкіліндей, жаңалық десең, алдымен ұмтылып тұрған албырт та қунақ, талғампаз да ізденімпаз.

Мүсірепов тойы – елдің тойы. Өрге тартқан өскелең мәдениетіміздің тағы бір сеңгірге көтеріліп, көш түгендесуі, мерей түнгендесуі. Алдағы аға ұрпақ пен арттағы іні ұрпақтың жария сұхбаты.

Кемел жасына да, кемеңгер жасына да абыройлы жеткен суреткер ағаның бұған дейінгі де, бұдан кейінгі де дәуірлердің алдында ары таза, мерейі жоғары.

Ал, іні буын...

Іні буынның ет жүрегін мұндайда тек көлкөсір қуаныш қана емес, алдағы ұрпақтар қалдырар рухани мирас пен болашақтың алдындағы шексіз жауапкершілік тебірентсе ләзім. Қазақ мәдениетінің ағалар құрып, жүзінен асырып берген қызылды-жасыл өрмегінің қылышы қолымызға тигенде, арқауын босатып, төсегін селкеулеп алмас па екенбіз, алдағылар бастап берген айшықты өрнектен жаңылысып, күлді бадамға ұрынып жүрмес пе екенбіз деген уәйім тебірентсе ләзім.

Алда айбынтар ағалардың баршылығы, соңда сүйсінтер інілердің молдығы – біздің туған мәдениетіміздің мерейінің ортаймайтындығының, мерекесінің тарқамайтындығының, көсегесінің көгере бермегінің кепілі. Мұндайда «тіл-ауыз тасқа» деп, шүкіршілік айтып жатпаушы ма еді...

Бүгін де сол үрдіс ойға оралады.

http://www.kekilbayev.kz

...