+1 дауыс
11.3k көрілді

Кітапты PDF жүктеп алу үшін мына сілтемені шертеміз!

Кітапты EPUB форматында жүктеу үшін!

Менің мақалам жақында ғана оқып бітірген «Өлгендер қайтып келмейді» романы туралы болмақ. Авторы Бердібек Соқпақбаев. Менің құрдастарымның ішінде бала кезінде «Менің атым Қожа» фильмін көрмеген адам жоқ шығар. Қазіргі жастарды білмедім. Оларға айтарым — міндетті түрде көріңіздер! Ал, «Өлгендер қайтып келмейді» балалар әдебиетіне жатпайды.


Мен үшін бұл шығармада автордың үлкен мұңы, тірі кезінде айта алмай кеткен ой-толғаулары жатыр. Оған сол кездегі идеология себеп болған шығар. Романда ақ-қара, жаман-жақсы деген тәрбиелік ұғымдар жақсы көрсетілген. Бірақ, автор оқырманына бұлай дұрыс, бұлай бұрыс деп айтудан аулақ. Кейіпкердің бастан кешірген оқиғалары, махаббат пен қуаныш, қайғы-мұң секілді сезімдер арқылы өмірдің әрбір жолы таңдау екенін көрсеткісі келетін сыңайлы. Пенде болғаннан кейін, бәріміз де шалыс басамыз, қате ойлаймыз, қате сөйлейміз. Кейде шын ниетіміз бен әрекетіміз ұштаспай жатады. Көзкөрген жазушылардың айтуынша, кейіпкердің барлық дерлік хикаялары романның авторы Бердібек Соқпақбаевтың өзінің бастан кешкен оқиғалары. Шығармашылық адамдарының мінезі қызық қой. Кейде өмірден түңіліп, болмашы нәрсеге мұңайып жүрсе, кейде балалық шағында оянған махаббатын аңсап, шабыттанып жүреді.

Кейіпкер – бала кезінде соғысты көріп, анасына кейінгі ең жақын адамы үлкен ағасынан айырылған, қызба мінезінің кесірінен талай әділетсіздікке ұрынған адам. Көңілді, тапқыр Еркін өмірдің ақ-қарасын білетін сияқты, дегенмен шалыс басқан кездері көп болады. Өзін ренжіткен адамдар да ақырында опа жейді, кейіпкеріміз де өмірдің талай соқпағынан өтеді. Бірақ, қанша дегенмен, тағдырынан жарқын сәттерді көбірек күтеді, соған ұмтылады да. Еңбектеніп, анасы мен жесір қалған жеңгесіне қамқор болу үшін, адам қатарына қосылғысы келеді. Бірақ, жеңгесін қорғаймын деп жүріп, өзі әділетсіздікке ұрынып, түрмеде отырып шығады. Осылайша жастайынан бағына балта шабылған бала, өмір өзің ойлағандай емес, керісінше мүлдем күтпеген аумалы-төкпелі кезеңдерден тұратынын айқын түсінгендей болады. Түрмеде отырған жас жігітке жақсы қызмет табу оңай емес. Дегенмен, білім алып, ұстаздық етеді. Балаларға арнап әңгімелер жазып, отбасын құрады. Қуанышпен қатар, қиындығы да көп өмірден түңілген емес. Әке орнындағы қамқор ағасынан, судың тұнығындай тұңғышынан айырылады. Жақын адамдарын ажал құшқаны – қабырғасын қайыстырады. Романның «өлгендер қайтып келмейді» деп аталуы да сондықтан шығар. Бала кезінен аңсаған арманы алғашқы махаббаты — Ғалия есімді қызды тауып, сезімін жеткізу болатын. Жылдар өте Еркін Ғалиямен кездеседі. Әбден үйлі-баранды болып, ақыл тоқтатар жасқа келген кезде, қолынан ұшырып алған құс секілді көрінген Ғалиямен қайта жүздескенде, тағдырдың бұйрығымен тұншығып қалған сезім қайта тіріліп, оянғандай болады…….Менің бұл романнан түйгенім көп. Біріншіден, шығарма Кеңес одағы кезінде жазылса да, сол уақыттың талабына сай – идеология мүлдем дерлік жоқ. Сондықтан, бұл роман қазір де өзекті. Екіншіден, кейіпкердің бастан кешкен хикаялары, қателіктері арқылы – ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсінесің. Әсіресе, қазіргі ер-азаматтарға оқып көрген жөн секілді. Ер адамның әрбір әрекеті, сөзі, ісі нәтижесіз қалмайды. Әр нәрсенің өз себебі мен салдары болады. Тек сол себепті сылтау етіп, ауыр салдарға ұрынудан сақтасын!

Әлия Махамбет

Сіздің жауабыңыз

Ескерту: Email пошта сізге хабарлама жіберу үшін қолданылады
Спамға қарсы тексеру:
Төртке бесті қоссаң қанша болады?
Модерациядан өтпес үшін сайтқа кіріңіз немесе тіркеліңіз
...