1918-1920 жылдардағы азамат соғысы Қазақстан өлкесінің экономикалық жағдайын көптеген жылдарға кері шегерді. Өндіріс орындары жұмыс істемеді. 1913 жылмен салыстырғанда Қазақстанда мұнай өндіру 4 есеге, көмір өндіру 5 есеге кеміді, ал мыс рудасын өндіру мүлде тоқтады. Халық шаруашылығының жалпы өнім өндіруіндегі өнеркәсіптің үлесі 1920 жылы бар болғаны 6,3 процент болды. Ауыл шаруашылығы да өте күшті дағдарысқа ұшырады. Орал губерниясында егістік жерлер 2 есеге, ал Жетісу аймағында 3 есеге кеміді. Ең бірінші кезекте ұлттық байлықтың негізгі көзі болып саналатын мал шаруашылығы құлдырады. Соғыс жылдарында мал саны 10,8 млн. басқа кеміді, оның 2 млн-ы жылқы, 6,5 млн-ы ұсақ мал болды. Сонымен қатар 1921 жылы ҚазАКСР-ң жеті губерниясының бесеуі құрғақшылыққа душар болды. Осыған байланысты 1921 ж. бұл аймақтарда астықтың жалпы түсімі 5 млн. пұт деңгейде ғана болды. Ал жергілікті халықтың бір жылғы астық пен астық тұқымдығына мұқтаждығы 22 млн. пұт көлемін қамтиды, яғни залал 17 млн. пұтты көрсетті. Ауа райының қолайсыздығы мал шаруашылығын бұдан да қиын жағдайға душар етті. 1920–1921 жылдар аралығындағы жұттан кейін мал басы 1917 жылмен салыстырғанда 75% кеміді. Азамат соғысының аяқталуына және елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының ауыр күйзелісіне қарамастан, Кеңес үкіметі күштеуге негізделген азық-түлік саясатын одан әрі жалғастырды. Орталық үкіметтің 1920 жылы 20 шілдедегі “Сібірдегі артық астықты алу туралы” декретінің күші Қазақстанның солтүстік аудандары мен Семей губерниясына да тарады. Осы декретке сай 1921 жылдың тамыз айына дейін бүкіл елдегі шаруаларға 119 млн. пұт (РКФСР көлемінде 423 млн.пұт) төтенше салғырт төлеу жүктелсе, соның ішінде 35 млн. пұт Солтүстік Қазақстанға міндеттелді. Тапсырманың 26 млн. пұты Семей облысына міндеттелінсе, тек Қостанайдың өзінен 6 млн. пұт астық алынды. Артық өнімдер ғана емес, азыққа қолданылып отырған астық және тұқым қоры да тәркіленіп отырды. Астық салығы, мал шаруашылығымен ғана айналысып отырған аудандарға да салынды. Оны төлеу үшін олар малдарын сатып, астық сатып алуға мәжбүр болды. Кеңес үкіметінің солақай саясатының нәтижесінде Республиканы сұрапыл аштық жайлады. Бөкей губерниясында – 100 мың, Оралда – 400 мың, Семей губерниясында – 500 мың, Орынбор – 445, Ақтөбеде – 360 мың адам ашықты. Көшпелілер арасында өлім ересек тұрғындардың 30 процентін қамтыса, ал кейбір аудандарда халықтың 75 проценті қырылған. Әулиеата уезінде халықтың қатты қырылғандығы соншалық, бұрынғы бірнеше болысты біріктіріп бір болыс ұйымдастыруға тұра келді. Жалпы зерттеушілер 2 млн 300 мыңнан аса адам ашықты, 1 млн-ға жуығы аштық пен аурудан өлді деген мәліметтерді келтіреді. Мұсылман зиялы қауымы арасынан мұндай соракылыққа қарсы шыққан Т. Рысқұлов болды. Ол аштықпен жүйелі түрде күресу үшін, құрамына бірнеше комиссариаттардың өкілдерін кіргізіп, арнайы ұйым құруды талап етеді. Түрікатқару комитеті Т. Рысқұловтың талабын қолдап, аштықпен күресті өздерінің қызмет жағдайына сәйкес республиканың азық-түлік, жер шаруашылығы, денсаулық сақтау, қаржы, темір жол комиссариаттарына жүктейді. Аштықпен күресті тікелей басқаратын ерекше Орталық комиссия ұйымдастырылады. Оның төрағасы болып Т. Рысқұлов тағайындалады. Бұл ұйым алғаш жұмысқа кіріскенде көптеген объективті қиындықтармен қатар, өзі тектес азық-түлік ісіне қатысы бар басқа ұйымдар тарапынан жасалған қасақана іріткі салу әрекеттеріне ұшырайды. Рысқұлов жалпы Орталық комиссияның құрылуының өзін “дені дұрыс құбылыс емес” дейді. Үкіметтің құрамында аштықпен күресуге міндетті толып жатқан “экономикалық органдар бола тұра, мұндай ерекше ұйым құруға мәжбүр болудамыз” дейді. Өткір пікір таластардан кейін, яғни Т. Рысқұловтың аса зор еңбегінің арқасында Түрікатқару комитеті мен ХКК-і бұл Орталық комиссия қорына құнсызданған болса да 42 млн. сом қағаз ақша бөледі. Орталық комиссияның облыстар мен уездерде, болыстар мен қалаларда жергілікті мекемелері мен бөлімшелері ашылады, олардың басына сауатты мамандар отырғызылады. Аштықпен күрес комиссиясының жұмысына есеп берген баяндамасында Т. Рысқұлов Түркістан өлкесінің байырғы халықтарының сұрапыл аштыққа ұшырап, қатты қырылуына революциядан бұрынғы патша өкіметінің отаршылдық саясаты мен әсіресе, революциядан соң орнаған кеңес өкіметінің шовинистік саясаты басты себепкер болғандығын ашық атап көрсетеді. Қазақ Орталық Атқару Комитеті (ҚОАК) де аштыққа ұшыраған аудандарға өз тарапынан көмек көрсету шараларын ұйымдастырды. ҚОАК-ті жанынан аштыққа ұшырағандарға көмек көрсету үшін комиссия құрылады. Республикалық комиссияны ҚОАК-нің төрағасы Мендешев басқарды. Қазақстандағы ауыр жағдайды ескере отырып, КазАКСР ОАК-і ашыққандарға көмек беруші Орталық Комиссияның шешіміне сәйкес, бұл аудандардың тұрғындарын астық, картоп т.б. мемлекеттік салықтардан босатты. Қазақ қоғамын жайлаған аштықты Орталықтағы Кеңес үкіметі мойындамады. Республиканың кейбір басшылары мен орыс жұртшылығы негізінен өлкенің көшпелі тұрғындарын қамтыған сұрапыл аштықты “кездейсоқ, тұтқиылдан тап болған зобалаң ” ретінде бағалады. Өлке халқының мұндай нәубетті бұрын-соңды басынан кешпегендігі Орталық үкіметті ойландырмады да. Мұндай жағдай Кеңес өкіметінің өзі жүргізіп отырған саясатқа еш күмән келтірмей, оны толық дұрыс деп есептегендігінің айғағы еді. Республиканың экономикасындағы ауыр дағдарыс, яғни мемлекеттің күштеу саясатына негізделген азық-түлік саясаты 1920-1921 жылдары шаруалардың кеңес үкіметіне қарсы стихиялы қарулы көтерілістерінің тууына әкелді. Көктем–жаз айларында басталған шаруалардың наразылықтары “Азық-түлік салғырты жойылсын!”, “Большевиктерсіз Кеңестер үшін!”, “Ерікті саудаға жол берілсін”,–деген ұрандармен басталып, қарулы көтерілістерге ұласты. Өскемен, Павлодар, Семей, Петропвл, Қостанай, Көкшетау, Ақмола, Атырау, Орал, Шымкент уездерінде ашық түрдегі көтеріліс кеңінен орын алды.
Толығырақ: https://e-history.kz/kz/contents/view/844