Жобаға қатысқанға дейін қытайлар Димаш емес, Қазақстанды зорға білетін еді. Жобаның бас режиссері Хоң Тао мырзаның өзі алғашқы кездесуде біздің елді тұспалдап айтатын. Біз дайындықты жобаға шамамен бір ай уақыт қалғанда ғана бастадық. Өте қысылтаяң жағдайда жүрдік. Бізден гөрі, қытайлар қатты еңбектенді. Димашты сахнаға жан-жақты дайындап шығарған қытайлық BG Talent компаниясы бізден де артық күш жұмсады. Бір қызықты мәліметпен бөлісе кетейін. Негізі, «Димаш» сөзінің қытайша дыбысталуының өзі үлкен талқылаудан өтіп бекітілді. Хоң Тао мырза бастаған «Хунан» телеарнасының өкілдері мен BG Talent компания басшыларымен болған бір отырыста ортаға «Димашты қытайша қалай атаймыз?» деген сауал тасталды. Әлбетте 迪马仕 (di ma shi) сияқты «Димаш» деген сөзді айнытпай беретін қытайша иероглифтер көп. Бірақ оның дыбысталуынан бұрын, әрбір иероглифтің мағынасына көп мән берілді. Сөйтіп, жиналғандардың ортақ шешімімен 迪玛希 (di ma xi) яғни, соңғы «希» (си) иероглифі – «үміт, үміттену» деген мағына бергендіктен, Димаштың келешегіне үлкен үміт артып отырғандардын арман-тілегін ескере келе «Димаси» нұсқасы таңдалды. Айтса айтқандай-ақ, ол үміт те ақталды.