0 дауыс
4.3k көрілді
Балам киіз, памперс қағазын жейді ол неден? Қай витамин жетіспейді?

1 жауап

+1 дауыс

БАЛА АҒЗАСЫНЫҢ ЗИЯНДЫ ЗАТТАРДЫ ҚАЖЕТСІНУІ

Қазіргі таңда балалардың түрлі зиянды заттарды (бор, қағаз, кесек, топырақ) жеуге құмартуы жиілеп тұр. Бұл кей ата-ана үшін алаңдататын мәселе болса, кейбір ата-аналарға қалыпты жағдай болып барады. Ал осы екіұшты ойды қалыптастырып отырған ата-аналардың бірі: «қайтсем баламның осы әдетін қойдырамын, бұл өте зиян, түрлі аурулардың пайда болуына алып келеді» деп алаңдаса, бір тобы: «топырақтан жаратылғанбыз, ештеңе етпейді немесе ол қажеттілігін қанағаттандырады» деген көзқарасты алға тартады. Ал бұл екі жақты көзқарастың қайсысы дұрыстығын анықтау үшін арнайы маман дәрігері Элвира Фатихқызының кеңесіне жүгіндік.

Балалардың зиянды заттарға құмарту себептері

Балалардың топырақ, қағаз, бор, кесек, т.б. заттарды жеуі ата-ананы ойландыруы тиіс. Өйткені, сәбиінің мұндай әрекеттері оның ағзасымен тікелей байланысты. Көбінде бұл әрекеттердің негізгі себебі, қаназдықтан болады. Егер де ағзада гемоглобин төмен болса, өзге зиянды заттар құрамындағы элементтерге қажеттіліктер туындайды. Мұндай жағдайда ата-ана баланы қан құрамының жалпы талдауынан, яғни толық тексеруден өткізуі керек. Педиатр маманымен тұрақты байланыста болып, кеңесімен баланы емдеу қажет.

Бұл проблеманың кезігуі кальций жетіспегеннен де болады. Кальций дегеніңіз сүйектің берік болуын қамтамасыз ететін бірден бір элемент. Ал сүйектің адам ағзасы үшін қаншалықты маңызы бар екендігі айтпаса да түсінікті.

Үй жағдайында ата-анаға бір кеңес

Әрине, ең алдымен, жоғарыда айтқанымдай, арнайы тексеруден өтіп, дәрігердің қабылдауында болуы керек. Ал, егер де шалғай елді мекендерде немесе үй жағдайында дәрігерге дейінгі алғашқы көмекке келсек, ол әрине – дәрумендер беру. Бұл проблема бала ағзасына қажетті құндылықтардың жетіспегендігінен болады, ал дәрумендер солардың қатарын толықтырады. Әсіресе, көктем, күз мезгілі кезінде баланың тамақтануына, ағзасының күш-қуат беретін құнарлы тағамдарды тұтынуына жағдай жасау қажет. Ал жаз айларында міндетті түрде балаларды жеміс-жидектермен, көкөністермен дос еткен абзал. Қыс кезінде қуатты, құнарлы тамақтарды ағзаның өзі-ақ қажет етеді, тәбеті болады.

Баладағы бұл проблеманың болуы ананың жүкті кезіндегі жағдайына байланысты ма?

Өте орынды сұрақ, бұл – тікелей осы мәселеге қатысты. Осы сұрақ әр ананың көкейінде тұруы қажет. Себебі, бала ананың ағзасында не бар, сонымен қоректенеді. Міне, осы себептен ғой жүкті әйелдің тамақтануына, әрекетіне, дәрумендердің жеткілікті болуына ерекше назар аудару керектігін айтудан жалықпайтынымыз. Қыз-келіншектеріміз жоғарыдағы проблеманы болдырмау үшін бала бойына бітпей тұрып, тұрмыс құрғанда жүкті болуға үлкен жауапкершілікпен дайындалуы керек. Бұл дегеніңіз не? Алдымен, арнайы маман дәрігердің қабылауында болу, кеңесін орындау және ең маңыздысы гемоглобиннің, жалпы, ағзасын толық тексеруден өткізу керек.

Тамақтануға қатысы қандай?

Ең негізгі себептерінің бірі десек те болады. Ағзаның дұрыс жұмыс жасауына оның күн тәртібі, тазалығы, спортпен айналысуынан да маңыздысы – тамақтануы. Бала тамағының құрамында ет көбірек болуы керек. Балаға 8-9 айдан бастап ет бере беру керек, ол – белокқа бай өнім. Сонан кейін бізде қосымша тамақтандыру деген мәселе бар. Әрине, олардың бәрі балаларға арнайы лайықтап, тексерістен өтіп, сертификатталып жасалады. Дегенмен, ол табиғи ана сүтінің орнын баса алмайды. Олардың барлығы консервленген. Кей жас аналарымызда мынадай қате түсінік бар: «бала қарны тоймаған соң көп жылайды, сондықтан, міндетті түрде қосымша тамақ беру керек» деген. Осы түсінікпен әлі екі айға толмаған нәрестеге тамақ береді. Баланың мұндай тамақтары омырауынан сүт шықпай қалған аналарға арналған көмек.

Қазақта «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген сөз бар, сол жаны бар сөз. Маман кеңесін тыңдау барысында түйгеніміз – осы сөздің астары, егер балаңыздың әртүрлі химиялық, зиянды заттарды жеуге тәуелді болғанын қаламасаңыз, проблема туындамағанын тілесеңіз, ұрпағыңыздың дені сау болсын десеңіз, түбегейлі өзіңізден бастаңыз. Ана болудан бұрын жүкті болуға дайындалыңыз, бұл – ауырмаудың, проблема тудырмаудың, денсаулығы нашар бала болмауының жолы, кепілі.

Дереккөз.

...