0 дауыс
543 көрілді
Қазақ жастары қарабайыр ұлтшылдық шеңгелінен неліктен шыға алмай қалды? Алға қарай ұмтылып, әлемдік көшке ілесудің орнына неліктен көткеншектеп кері кетті? СССР-дің кезінде қазақ азаматтары әлемге ортақ рухани, мәдени һәм әдеби жауһарларды бөтенсімей ана тіліне тез аударып алатын. Енді СССР тарап, шекара ашылып, интернет әлемдік өркениетке кеңінен жол ашқанда «тек ұлттық құндылық тұтынамын» дейтін надандық қайдан шықты?

1 жауап

0 дауыс
Оны түсіну үшін Франклдың «Концлагерьдегі Психолог» деген еңбегін оқу керек. Осыған қатысты маңызды мәтінді кітаптан алып, үзінді берейін. Сосын картина анық болады. Франкл концлагерьдегі тұтқындардың психологиялық ахуалын былайша сипаттайды. «Концлагерьге қамалған тұтқынды тағы бір ой жегідей жейді. Ол – белгісіздік. Ендігі жайының не боларына емес, азаттыққа шығатын уақытына қатысты белгісіздік. Қамауда неше жыл жатарын болжай алмайды. Бейне бір мәңгілікке қамалғандай миы айналып қалады. Бізбен салыстырғанда белгілі мерзімге сотталған қылмыскердің жағдайы тойға барғандай еді. Олар неше жылға сотталса да, шығатын күнін біліп, санап, ойша дайындалып отырады. Ал бізді 24 сағат бойына «Қашан шығамыз? Мына тозақ неше жылға созылады?» деген сұрақтар жүндей түтетін. Себебі жауабы жоқ! Көбі мына мәселеде менімен келіседі. Лагерьде психологияға ауыр салмақ салған фактор – жауаптың жоқтығы! Өмірі бітпейтін бір өсек күн сайын таралады. «Әне-міне шығамыз. Міне-міне ертең-ақ азапты күндер артта қалады. Шығуға санаулы күндер қалды» деген алып-қашты әңгімелер шаршатты. Талайдың жігерін құм қылды. Тіпті тұрмастай етіп, езіп тастайтын. Шығатын күннің беймәлім болуы мәңгілікке қамалғандай қорқынышты сезімге шырмады. Милары шатысып, шығатын күнді есептей алмай азап шекті. Келе-келе оларға тікен сымның арғы бетінде бөтен әлем бардай көрінді. О жақтан біреуді көрсе, жат планеталық сияқты қабылдайтын. Өзі сол әлемнен бөлініп қалғандай күй кешетін. Арғы жақтағы адам бейне бір о дүниеден тіріліп келген әруақтай көрінетін. Мерзімнен шатасудың зияны мынада: тұтқында келешек туралы түсінік жойылады. Бір танысым: «Колоннаның ішінде келе жатқанда құдды бір табытымның соңынан келе жатқандай күй кешемін», – деді. Лагерьдегі уақыт қысымының күштілігі сонша:келешек уақыт жоқ сияқты көрінеді. Бейне бір тек өткен шақта өмір сүргендей күйге түседі. Өзін әруақ сияқты сезінеді. Бәрінің ойы өткен оқиғаларға жабысып, қатты да қалды. Уақыт мәселесін назарға алғанда, мынадай нәрсені байқайсың. Адам уақыттық өлшемге тәуелді. Осы өлшем күйрегенде тіршілік шытынайды. Сана болашақтағы бір уақытқа бекімей, өмір сүре алмайды. Ниет еткен ісін қай күні қолға аларын ілкіден белгілейді. Сосын барып талпынады. Мысалы, металл сынығының магнитке тартылғаны сияқты. Осы тәртіп бұзылғанда пенде болашаққа бара алмай өткен шаққа еріксіз байланады. Уақытқа есептеген жоспары күйрейді. Межелі уақытты қиып өткенде оқиғаның болғанын анық сезінетін. Енді оның бірі жоқ. Ол аз болғандай даңғырлаған қуыс сезім лезде көңілді билеп алады. Өзіңді мағынасыз тіршілік иесі сезініп, ішкі дүниеңде уілдеп дауыл соғып тұрғандай. Немесе түбі жоқ тұңғиыққа батып бара жатасың. Мұндай сезім жұмыссыз жанда жиі кездеседі. Жұмыссыз қалған адам тоқтап қалған уақыттың ішінде қамалғандай күй кешеді. Уақытқа есептелген жоспары күйрейді. Біз бір заманда жұмыссыз қалған шахтерларды тексергенбіз. Сол кезде дәл осындай аурулар анықталған еді. Латынның «finis» сөзі «соңы» және «мақсат» дегенді білдіреді. Адам өмірдегі уақытша жүрісінің аяқталар соңғы нүктесін көре алмаса, алдына мақсат қоя алмайды. Мақсат-мұрат қойылмаса, өмірдің мәні мен мазмұны ғайып болады. Табан тірейтін соңғы нүктені айқын көріп, бір мақсатқа ұмтылғанда тұтқындарға ауадай қажет рухани тірек уақытша болса да табылады. Дәл осы рухани тірек оны әлеуметтік ортаның соққысынан құлатпай ұстап тұрады. Кімде-кім бір істі ойға алып, уақытын белгілеп алмаса, іштей құлдырап, тозып кетуге бейім. Рухани тіректің жоқтығынан іштей күйреу сезімі тұтқын үшін қауіпті апат болды. Лагерьде жиі болатын бұл қорқынышты құбылысты жақсы біледі. Ішкі тірегі сынғандар тез күйреп, аз күнде ажалға жем болады. Әдетте былай басталады: күйреген адам жұмысқа шықпай, жуынбай, тамаққа да бармай жата береді. Ескерту, қоқан-лоққы оны қозғалта алмайтын. Жазалау түрлері де түк әсер етпейді. Таяқ жеп жата береді. Үлкен-кіші дәретіне былғанып, түңіліп жатқан адамның ажалы тақады деген сөз. Тұтқынның кеудесіне, соңы жоқ сезім бекініп алып шықпай қойғанда осындай қауіпті көңіл күй жанға жабысады» Тақырып ашыла түсу үшін тағы бір мысал берейік. Әдетте, «Отбасы хрестоматиясын» жазғанда былай болады. Біздің команда жылдың басында бір жобаны бекітеді. Шамамен осы уақытта жазып бітеміз деп жобалаймыз. Ми сол уақытты сарт еткізіп санада фиксация жасайды. Мерзім тақаған сайын ми: «Кітап қашан шығады? Тездетіп шығарсаңдаршы. Мен шатыса бастадым. Фиксация жасалған оқиға неге болмай жатыр?» деп бейсаналы түрде сигнал жіберіп мазаңды алады. Ақыры кітапты баспаға өткізіп, бір күні үйіңе қайтасың. Ми уақытша тынышталып жаңалық күтіп жатады. Бір күні Полиграф комбинаттан хатшы қыз телефон толғап: «Жігіттер, кітаптарың дайын. Ертең келіп артып алып кетіңдер» дейді. Сол кезде 10 айдан бері бекітілген оқиғаны болдыра алмай, толғатып тұрған жүкті ми ЭЙФОРИЯНЫ тұла бойыңа бұрқ еткізіп шашып жібереді. Шаттықтан бүкіл денең балқып, кәдімгідей елтіп қаласың. Бірнеше күн ұйықтай алмай, аяғың жерге тимей, қуаныштан жетінші қатта қалықтап жүресің. Франклдың айтып отырғаны сол. Бұндай сезім барлық творчество адамына таныс. Адам алдына мақсат-мұрат қоймаса миы шатысады. Бәлкім алжып қалады. Келешектің мақсат-мұраты анықталмаса, ми өткен шаққа өтуге мәжбүр болады. Одан соң автоматты түрде тек өткен заманда болған оқиғаларды еске салып, содан қуат алып, ақырында адамды тірі әруаққа айналдырады. Қазір невроздың мұндай ерекше түрі Қазақстанды жаппай жайлады. Неге дейсіз ғой. Себебі былай. Қазақстан жұрты соңғы он жылда болашағы бұлыңғыр, шегі жоқ уақыт аймағына мықтап қамалды. Елдегі 10 миллион қазақ этносы мойындарын қалай созса да келешегін көре алмай мезі болды. Тап қазір Қазақ жұртының миы болашаққа мақсат қоя алмайды. Қоймаған соң санада ешқандай фиксация жасалмайды. Нақты фактіге назар аударыңыз. 25 жылда Қазақ тілі сол күйі мемлекеттік тілге айналмады. 2010 жылы мемлекет қазақ тіліне толық өтіп болады деген. Ол уәде жайына қалды. 2030 деген стратегия болған. Ол 2050-ге шегерілді. Есі дұрыс ел оның мәнісін бірден түсінді. «Ел межесі – елу ел» деген ұранның үні өшкелі қай заман. Тіпті «орысша хатқа қазақша жауап берген адам жазаға тартылсын» деген қатаң ескерту алды. Енді қазақ тілінің бұғанасы қатаятын күн белгісіз. Экономика сол күйі тұрақтамай кері кетті. Теңгенің қай шекке дейін құнсызданары әліге дейін беймәлім. Тоқырап тозып бара жатқан ілім-білім жүйесі мен күйреп бітуге айналған денсаулық саласы құрдымға толық жұтылып болған жоқ. Қашан және қайда барып тоқтары әзірге белгісіз. Мәдени саланың да миы айналып кетті. (Министрдің қолы тимейді. Ол бір бойжеткенмен соттасам деп құжаттардың копиясын жинап жүрген) Дін саласы да солай. Салафизмге сол күйі тыйым салынбады. Оның соңы немен тынарын ешкім болжай алмайды. Жемқорлықтың қоғамды шырмауы шапшаң жүріп жатыр. Оның да тоқтайтын соңғы нүктесін ақылмен болжау мүмкін емес. Биліктің қашан және кімге ауысатыны туралы тырс еткен ақпарат жоқ. Ең сұрқия, ең зымиян, ең жытқыр деген агенттердің өзі Қазақ Билігінің келесі иесін сол күйі анықтай алмады. Осы белгісіздік факторының бәрі жиналып келіп, қазақ жұртын соңғы он жылда тірі әруаққа айналдырды. Болашақты болжай алмай діңкелеген қазақтар өткен шаққа қалай өтіп кеткендерін байқамай қалды. Себебі ми автоматты түрде өзіне тән механизммен барлық оқиғаны артқа лақтырды. Оны мынадан-ақ білеміз. Кез келген қазақ тіліндегі бұқаралық ақпарат құралын ашып қалсаң, тек өткен шақ туралы толғап отырады. 1937 жылғы атылып кеткен зиялы жұртты жаппай тұрақты түрде жоқтау әдетке айналды. Әрине, олардың өмірін, ісін тарихшылар зерттей береді. Ол қалыпты құбылыс. Өкінішке орай бүкіл бұқара сол жылдарға жабысып алды. Солай етпеске шарасы да жоқ. Себебі зиялы элитаның жаңа легін тәрбиелеп шығудан үміт жоқ. Шарасыз жұрт атылып кеткен арыстарын айналып кеп жоқтай береді. Ендігі жұрттың бір парасы Кенесарының басын іздеп жүр. Тағы бір топ Кейкі батырдың басын әкелумен жұмыстанды. Батырлардың бас сүйегі әкелінсе бейне бір болашақ өзінен өзі реттеліп, қазақ жұрты дүр сілкінетіндей сезіледі. Өткенде Кейкі батырдың басын әкелді. Бірақ ештеңе өзгермеді. Ел жаңалық ретінде оқыды да қойдық. Шынымен де елге БАС әкелу тиімді болса, марұмның емес, тірі қазақтың басын әкелген дұрыс шығар. Мысалы жазушы Мұхтар Мағуиннің басы, энергетик Мұхтар Жәкішовтың басы, ғалым Саят Ыбырайдың басы, саясатшы Жақияновтың басы тағы басқа алтын басты адамдардың ұзын-сонар тізімін айта беруге болады.
Әдемі, керемет жазылған екен, адамның санасын айқындайтын әсері бар,рахмет бауырым!
Белгісіз
...