ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ИСПИДЖАБ
Ұлы Жібек жолының қазақстандық бөлігіндегі бірінші бірегей ірі қала Испиджаб болды, ол оған осы облыстың барлық жер - суы - шығыста Талас - Шуға дейін, солтүстік - батыста Сырдарияның орта ағысына дейін ұласып жатты. Қазіргі кезде орналасқан жері Сайрам ауылының оңтүстік - батысында, Шымкент қаласынан 12 км жерде [1,42]. Зерттеу жұмыстарын 1923 жылы П.П.Иванов, 1925 жылы М.Е.Массон, 1947 жылы А.Н.Бернштам басқарған Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы жүргізген. Қазба жұмысының барысында айналасы төрт қақпалы дуалмен қоршалған көлемі 28 га жерді алып жатқан қаланың орны анықталған. Қала ішінде көптеген мазарлар сақталған [2,215]. Оңтүстік Қазақстанға арналған тарихи-географиялық ортағасырлық әдебиеттерде Арыс пен Талас арасындағы аудан маңызды орынға ие болғандығы жайлы айтылды. Ерте орта ғасырда экономикалық және стратегиялық жағынан ерекше маңыздылығы шығыс авторларының бұл ауданның тарихи топографиясына деген қызығушылығын тудырды. Әсіресе, басты назар Испиджаб қаласына аударылды. Қала бірнеше ғасырлар бойы тек өзінің шаруашылық аймағында ғана емес, сонымен қатар Отырар және Тараз оазистерінің жерлерінде басымдылығын сақтады [3,128]. Орта ғасыр дәуіріндегі Испиджаб (Сайрам) X ғасырмен XIII ғасырдың бас кезінде Қазақстанның оңтүстігіндегі ең ірі қалаға айналды. Испиджаб округі Сырдария бойындағы Кедер, Сығанақ, Сауран мен Янгикент қалаларын; Қаратаудың солтүстік бөктеріндегі Баладж мен Берукей қалаларын; Жетісудың Тараз, Құлан, Мирки (Мерке), Суяб қалаларын қамтыды [4,152]. Ибн-Хаукаля, Макдиси, Абул-Феданың деректері бойынша, бұл аймақтар іс жүзінде болмаса да, номинальды түрде Испиджабтың экономикалық, саяси, мәдени ықпалының астында болды. Испиджаб пен оның жерлерінің саяси ролі мына онша маңызды емес фактіден - ақ көрінеді. Ол Мауреннахрдың билеушілеріне хараджды төлемеді. Макдисидің айтуы бойынша: «Испиджаб тек жыл сайын өзінің оған бағынышты екенін көрсету үшін ғана саманидтердің сарайына сыйлықтар жіберіп отырған» [2,129]. Х ғасырдың географы Ибн Хаукальдың жазбасы бойынша: «Испиджаб - шамамен Бинкеттің үштен екісіне тең қала. Ол мединадан (орталықтан), қамал мен рабадтан (керуен-сарай) тұрады. Қамал күйреген, ал медина мен рабадта тұрғындар тұрады, медина дуалдармен қоршалған рабадты да ұзындығы фарсахқа таяу дуал қабырғасы орап жатыр. Рабадтың өз бағы мен суы бар. Ол тегіс жерде жатыр, онымен ең жақын деген таулар арасы үш фарсахтан (20 км). Мединенің төрт қақпасы - Нуджкет қақпасы, Фархан қақпасы, Шакван қақпасы және Бұхара қақпасы бар. Оның базарлары медина мен рабатқа, ал басқару үйі, абақты мен бас мешіт мединаға орналасқан».
Испиджаб аса ірі әкімшілік орталық қана емес, сонымен бірге өтпелі сауда орталығы ретінде де мәлім. Қалада сауда құрылыстары - керуен сарайлар мен «тимдер» көп болды. Керуен сарайлар (рабаттар) Нахшеб, Бұхара, Самарқанд көпестерінің иелігінде еді. Халықаралық сауда Орта Азия мен Шығыс шығарған және Испиджабтың өзінде XI-XII ғасырларда шекілген жергілікті теңгелермен жүргізілді. Испиджабтан басқа жерлерге ақ маталар, қару-жарақ, семсерлер, мыс пен темір жеткізіліп тұрды. Қала құл сату орталығы ретінде де бүкіл Шығысқа әйгілі еді. Онда сол кездегі қырқысқан қыруар соғыстарда әр түрлі түркі тайпаларынан қолға түскен тұтқындар сатылып, әкетіліп жатты.
Керуен жолдары бағыты бойынша алғанда, оңтүстік беттегі Бұхара қақпасы арқылы қалаға Шығыс елдерінің тауарлары әкелінетін. Шамамен, батыс бетте болған Нуджкет қақпасы Талас аңғарына орналасқан Дех Нуджикет қаласының атауымен аталған болса керек. Бұл шағын қалашық алқаптық тура даламен шектесетін шекарасында тұрды да, ет пен мал саудасы сол арқылы жүрді. Солтүстік қақпа арқылы шығатын керуен жолы Сырдария бойында отырған Отырар, Сауран, Дженд пен Янгикент қалаларын аралап өтетін. Қала өз заманына қарай жақсы бекініс салынған. XV-XVI ғасырлардың тарихшысы, «Мехман наме - и Бухара» шығармасының авторы Рузбихан Исфағани былай жазды: «Қаланың негізгі бөлігі қоршалған дуалдардың биіктігі сонша, иемденіп алмақшының қолы оның қабырғасына тез жете қоймас; оны айнала қазылған ордың тереңдігі сонша, одан аттауға қазақтың аяғы да бармас». Сайрам сыртындағы ор Хафиз Таныштың XVI ғасырдың аяқ шеніндегі оқиғаларды сипаттап жазған шығармасында да еске алынады. Кейінірек қаланы қазақтар қолға алған кезде ол Бұхара мен Самарқандқа сол жерден жасалатын жорықтардың тірек қорғанына айналды [3,23].
Сайрамның XIV-XVII ғасырларда өмір сүрген кезеңінен хабар беретіндей деректер өте мардымсыз. Дегенмен, Сайрамның орта ғасырдың аяқ кезінде де Орта солтүстіктегі Орталық Қазақстан көшпенділеріне және шығыста Моғолстанға баратын жолдардың торабында жатқанының өзі осы бір қалалық және отырықшы өмір ауданының мән - маңызын көтеретін дерек. Сайрам тек сауда жолдарын ғана емес, сонымен бірге ортаазиялық иеліктерге және Қазақ даласына қарай оңтүстікке өтетін өткелдерді де бақылауға ұстаған маңызды стратегиялық орталық болды. Сондықтан болар, деректер көрсетіп отырғанындай, Сайрамды жеке иелену үшін, қазақ пен өзбек феодалдары өзара үздіксіз арпалысып келген. Испиджаб төңірегінде көптеген калалар мен қыстақтар болған, ол туралы X ғасырда ал - Истархи былай жазады: «Оның, құрылыстары саз балшықтан жасалған, оның базарлары жеміс-жидекке тұнып тұр, онда түрлі өнім көл-көсір және сан-алуан пайдалы заттар да көп. Оның айналасы толған қалалар мен қыстақтар». Жазба деректер олардың ішінде Манкет (Манкент), Джуми-шлаг, Газгерт, Харлуг атауларын атайды.
Өз округі мен іргелес қалаларды қосып алғанда Испиджаб - Сайрам халқы өте тығыз орналасқан аудандардың бірінен саналатын. Археологтардың есептеулерінше қаланың өзінде және қала маңында 40 мыңға тарта халық тұрған. Қала халқының саны көшпенді жұртшылықтың тұрақты түрде отырықшылана бастауы есебінен өсіп отырды. Мұны орта ғасыр авторларының деректері де дәлелдей түседі. Мәселен, Махмуд Қашқари VI-VIII ғасырларда осы жерге ауысып қоныстанған соғдыларды XI өздеріне сіңіріп алғандығы жазады: «Баласағұн тұрғындары соғдыша да түрікше де сөйлейді. Тараз бен Ақдала (Мединат ал - Байда) тұрғындары да сондай». Сайрам халқының этникалық құрамы әр түрлі болатын. Қалалықтар құрамында иранша да, түрікше де сөйлей алатын ежелгі қалалық тұрғындар әулеті де, сондай-ақ, қалада тұрақты отырықшылана бастаған көшпенділер де бар еді. Көшпенді - малшылардың кедейленіп қалған топтары отырықшылыққа ауысып, егіншілікпен айналысты. Якубидің жазбасы бойынша, Испиджаб ғасырлық көшпенділіктің шекарасында орналасқан үлкен қала еді. Соған сәйкес, ІХ-ХІІ ғасырларда Қазақстанның оңтүстігінің барлық территориясында қалыптасқан, Сығанақтан Сауранға дейін, батыста Құланнан шығыста Меркеге дейінгі аймаққа тән жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, Мауреннахрдың феодалдық құрылысының принциптері негізінде құрылған классикалық қаланың үлгісі болды. Испиджабқа қатысты анықталған деректерді археологиялық зерттеулердің мәліметтерімен сәйкестендіре отырып қарастырғанда, оның құландылары біздің зерттеуімізде ерекше маңызға ие болады. Бірақ ежелгі Испиджабқа қатысты бірнеше ғылыми жұмыстар болғанына қарамастан, танылған ғылыми әдебиетте ежелгі Испиджаб қаласының белгілі бір анықталған қаламен сәйкестендіру жайлы сұраққа жауап табылмай жатыр. Орта ғасырдың аяқ шеніндегі қалалар, сол бұрынғысынша, саяси экономикалық және мәдени орталықтар болып қалды әрі Қазақ хандығы өмірінде маңызды роль атқарды.