Өз балаларын басқалармен салыстыру балаларға ешқашан да психологиялық оң әсерін тигізбейді. Қайта балада өзімен салыстырып тұрған балаға деген өшпенділік пайда болады. Сосын қайтсем де мен жеңем деген өзімшілдік, даңғойлық, ең жаманы, үнемі одан қалып қоймайын деген оймен жүретін балада стресс, депрессия пайда болады. Ал сол салыстырып отырған балаға жете алмаған бала ше? Ол тіпті тұйық, енжар боп кетеді. Өйткені ата-анасы үнемі біреудің жетістігін күнде көзіне шұқып айтып отырса, "сен неге сондай емессің?" деп отырса, ол бала өзін ешкімге керексіз сезінеді. Әр баланың жеке тұлға екенін, ешкімге ұқсамайтын өз ерекшеліктері бар екенін, ешкімнің баласынан кем емес екенін айтып, оны қанаттандырып, жетелеп отыру керек.