Алаш қозғалысы — 20 ғ-дың алғашқы ширегінде Ресей империясының отарлық билік жүйесіне қарсы бағытталған ұлт-азаттық қозғалыс.
Ғасырдың бас кезінде қазақ қоғамында мүлдем жаңа жағдай қалыптасты. Ресейлік әскери-монархиялық басқару жүйесі, қазақ жерінің орыс мемл-нің меншігі етіп жариялануы, осыған орай ішкі Ресейден қоныс аударушылар легінің күрт өсуі, қазақ бұқарасының зорлықпен егіншілікке жарамды жерлерден ығыстырылуы, дәстүрлі қазақ шаруашылығының терең дағдарысқа ұшырауы сол қалыптасқан жағдайдың нақты көріністері еді. Сол кездегі қазақ қоғамы дамуының күн тәртібінде қазақ халқының ұлт ретінде жоғалуы, не өзін-өзі сақтауы үшін күреске шығу мәселесі тұрды. Бірақ ендігі уақытта жеке батырлар бастаған қол түзіп, қару асынып көтеріліске шығу нәтиже бере қоймайтын еді. Қалыптасқан жаңа саяси ахуалға лайық жаңа күрес құралдары, әдіс-айла қажет болды, ең негізгісі халыққа оның алдында тұрған негізгі мақсат-мүдделерін түсіндіріп жеткізетін, сөйтіп оны заман талабына сай күрес құралдарымен қаруландырып, азаттық үшін қоғамдық қозғалысты бастап кете алатын мүлдем жаңа саяси-әлеум. күшке сұраныс үлкен еді. Ал ондай саяси күштің қалыптасып келе жатқанын 1905 — 07 жылдардағы оқиғалар көрсетіп берді. Ол күш — сан жағынан аз болғанымен, бірақ саяси күрес қазанында қайнап, тез ысыла бастаған ұлттық интеллигенция болатын.
Осы бірінші орыс революциясы жылдары ұлттық зиялылар кейін А.қ. атанған қоғамдық қозғалыстың негізін қалады. 1905 ж. Қоянды жәрмеңкесінде дүниеге келген Қарақаралы хұзырхаты (петициясы) оның бағдарламалық құжаты болатын. Осы мезгілден бастап Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов жетекшілік еткен ұлттық зиялылар жаңа өрлеу ала бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа нысаналы сипат беру үшін газет шығару, азаттыққа үндеген кітаптар бастырып тарату, Мемл. Дума жанындағы мұсылман фракциясы жұмысына, жалпыресейлік мұсылман, түркішілдік қозғалыстарға атсалысу сияқты қазақ қоғамына бейтаныс күрес әдістерін игере бастады. Ал 1911 жылдан шыға бастаған Айқап журналы, 1913 жылдан жарық көріп, жалпыхалықтық басылымға айналған “Қазақ”, оның артын ала өмірге келген “Бірлік туы”, “Сарыарқа”, “Ақжол” газеттері ұлт-азаттық күрес идеологиясының қалыптасуына қызмет етті. А. қ-ның басты мақсаты — қазақ елінің өзін-өзі басқару, яғни ұлттық мүддесін қорғай алатын мемл. жүйе құру құқын метрополияға мойындату, түбінде дербес мемл. құру, қазақ жерлеріне ішкі Ресейден қоныс аударуға шек қою, әлемдік озық тәжірибені пайдалана отырып, дәстүрлі мал ш-н өркендету, сонымен қатар егіншіліктің, өнеркәсіптің дамуын қамтамасыз ету, рыноктық қатынастарға жол ашу, жеке адам құқын және басқа демокр. принциптерді қадір тұту, ұлттық мәдениетті өркендету, оқу жүйесінің, тілдің дамуына қажет шарттар түзу болды. Бірінші орыс рев-сы жылдарынан бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 1917 ж. ақпан және желтоқсан айлары аралығында өзінің шарықтау шегіне жетті. Осы жылдың жазы мен көктемінде Қазақ к-ттерінің пайда болуы, күзіне қарай Алаш партиясының, ал соңына қарай Түркістан автономиясы (Қоқан автономиясы) және Алашорда үкіметтерінің құрылуы бұл қозғалыстың нақты нәтижелері болатын. 1917 ж. пайда болған бұл саяси құрылымдар большевиктер тарапынан күшпен таратылғанымен, ұлт-азаттық қозғалыс күштері саяси күрес сахнасынан бірден кете қойған жоқ. Мемл. тәуелсіздік, жер және кезінде алаш зиялылары күн тәртібіне қойған қоғамдық-саяси басқа да мәселелерді басты талабы етіп, ұлт-азаттық қозғалыс жаңа сипатта Т.Рысқұлов, С.Асфендияров, С.Қожанов, С.Садуақасов, Ж.Мыңбаев қызметінде одан әрі өрши түсті.
Елде тоталитарлық жүйе біржола орнағаннан кейінгі уақытта енді ол жаңа саяси жағдайға байланысты шетелдік эмиграция күшімен жүргізілді. Мұстафа Шоқайдыңқызметі, оның басшылығымен Берлинде 10 жыл бойы (1929-39) шығып тұрған “Яш Түркістан” журналындағы материалдар соның айғағы еді. Негізгі мақсаты — ұлттық бостандық болған А.қ. көрші түркі, мұсылман халықтарымен күш біріктіруге тырысты. Сөйтіп, 20 ғ-дың алғашқы жылдарынан бастау алатын Алаш ұлт-азаттық қозғалысы 30 жылдарға дейінгі тарихи кезеңді қамтыды. Кеңестік тоталитарлық билік алаштық атанған аға буын зиялылардың ең белсенді бөлігін, сондай-ақ олардың кеңестік-партиялық қызметтегі ізбасарларын қуғын-сүргінге ұшыратып, жауыздықпен жазалады. қ. Алаш ісі.
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық қозғалыс жетекшісі әрі публицист ғалым, аудармашы. Ол 1866 жылы бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7 – ауылында дүниеге келген. Әкесі оны бала күнінде Қарқаралыға алып барып, медресеге оқуға берген. Ол онда оқуды қанағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепті оқып шығады. 1879-1886 жылдары Қарқаралыдағы қазақ балаларына арналған мектепте оқиды. 1886-1890 жылдары Омбыдағы техникалық училищеде оқып, «техник» мамандығын алып шығады. 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Орман институтының экономика факультетінде оқиды. Студент болып жүрген кезінде–ақ саяси талас-тартысқа белсене араласып, ұлт-азаттық қозғалыстарға қатысты.Сол кездің өзінде «саяси белсенділігі үшін» патша жандармериясының қара тізіміне іліккен. Патша үкіметі билігі жылдарында қазақ елінің тәуелсіздік үшін күресін басқарды, сол үшін Павлодарда, Семейде бірнеше рет қамауда отырды. Кеңес үкіметін мойындамады. Қазақтың егеменді ел болуы үшін күресті, сол себептен 1937 жылы ату жазасына кесілген.
Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы қазіргі Қостанай облысы Жангелдин ауданы Сарытүбек ауылында туған.Ұлт-азаттық қозғалыс жетекшісі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы. Ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы. Атасы Шошақ - мінезі салмақты, шындықты бетке айта білетін ақылды да беделді адам болған. Мырзалығы сондай, немересі Ахмет дүниеге келгенде, құтты болсын айтқан адамдарға бір ат, бір түйеден сүйінші беріпті. Торғайда, Орынборда білім алғаннан кейін Ақтөбеде, Қостанайда, Қарқаралыда орыс-қазақ мектептерінде сабақ берген. 1909 жылы саяси белсенділігі үшін Семей түрмесіне жабылады. 1910 жылы Орынборға жер аударылады және сонда 1917 жылға дейін болады. Өзінің сенімді достары Ә.Бөкейханов, М.Дулатовпен бірге 1913 жылдан бастап ұлттық «Қазақ» газетін шығарып, оның жұмысына жетекшілік етті. Ресейде патша билігі құлағаннан кейін қазақ жерінде Алашорда үкіметін құру үшін бар күшін салды. Большевиктерді мойындамады, оларға қарсы шықты. 1921-1928 жылдары Қазақ халық ағарту институтында сабақ береді. 1929 жылы 2 маусымда Алаш қайраткерлерімен бірге Алматыда тұтқынға алынып, Ресейдің солтүстік обылыстарына жер аударылады.Кейіннен босап шығып, бірақ 1937 жылы қайтадан қамауға алынып, атылған.[1]
«Алаш» партиясы (1917—1920) — 1917 ж. Ақпан төңкерісінен соң Ресей конституциялы демократиялық партиясының қазақ мүше тобынан құрылған. Төрағасы — Әлихан Бөкейханов.[1]
Алаш партиясы мүшелері Алаш Орда үкіметінің құрамында барынша көпшілігі болған.[2] Тарихты халық жасағанымен, қоғамның тарихи даму заңдылықтарын реттеп отыратын заңдар мен құқықтық құжаттарды, саяси-құқықтық доктриналарды нақты тұлғалар жүзеге асыратыны белгілі, осы салада мемлекеттік тілдің де атқарар қызметі зор. Қазақ жері екі ғасырдан астам Ресей самодержавасының қол астында болған жылдарда, қазақ халқының өз тағдырын өзі билеу құқығынан айырғаны, көк түрік дәуірінен бастау алған бірегей саяси тарихы бар халық, түгелдей империялық заңдардың бұғауына түскені, біздерге тарихтан белгілі. Қазақ қоғамының осы бір қасіретін халықтың озық ойлы, көзі ашық өкілдері аңғара бастады. Олар халықты саяси күрес додасына бастап шықты. Бұған себеп болған 1917 жылғы Ресейдегі қос төңкеріс еді. Патша үкіметінің тақтан құлауы саяси күресті одан әрі қыздыра түсті. Қазақ зиялылары саяси қызметтің қатерлі жолына жалтақтамай, жанқиярлықпен күрескен көрнекті тұлғалар шықты. Олар: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов және т.б. болатын. Олар патша самодержавасының қазақ халқының саяси-сезімінің қалыптасып, оның саяси күреске ұласуына, барынша кедергі келтіріп отырғанын бірден түсінген еді.
1917 жылдың 21 қараша күні «Қазақ» газетінде Алаш партиясы бағдарламасының жобасы және съез материалдары жарияланды. «Алаш» партиясының өмірге келуі үлкен саяси мәселе еді. Сол кездегі қазақ зияларының ғылыми жұмыстарымен де, оқу-ағарту ісімен де, алғашқы қазақ тілінде басылымдар шығару әрекетімен де, көркем әдебиетімен де айналысқанын көруге болады. «Алаш» партиясы бағдарламасының жобасындағы тоғызыншы тарауда «Ғылым-білім үйрету» жөнінде
- оқу ордаларының есігі кімге де болса ашық, ақысыз болуы;
- жұртқа жалпы оқу жайлы; бастауыш мектептер ана тілінде оқылады;
- қазақ өз тілінде орта мектеп, университет ашуға;
- оқу жолы өз алдына автономия түрінде болуы;
- үкімет оқу ісіне кіріспеуі;
- мұғалімдер-профессорлар өзара сайлаумен қойылуы;
- ел ішінде кітапханалар ашылу туралы айтылады.
- газет шығаруға, кітап бастыруға еркіншілік - деп көрсетілген [8].
1917 жылғы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында Екінші жалпықазақ сиезі өтеді. Сиездегі қаралған аса маңызды мәселелер: қазақ-қырғыз автономиясы; милиция құру; ұлт кеңесі; оқу мәселесі т.б..
Бұл сиезде автономияны жариялау мерзімі туралы қызу тартыстар бірнеше күнге созылды. Осы сиезде Алаштың аяулы азаматы Міржақып Дулатов баяндама жасады: қазақ даласында медресе мен мектептердің аздығын, қазақ тілінде оқулықтардың жетіспейтінін, сондықтан міндетті түрде ұлттық мектептерді құру керектігін тілге тиек етті. Осы мәселе бойынша құрамы 5 адамнан тұратын бастауыш және орта мектептерге арналған қазақ тілінде оқулық жазатын комиссия құрылды. Комиссия орталық ұлттық кеңеспен бірге болу керек. Комиссияға оқулықтан басқа да жұмыстар жүктелді. Атап айтсақ: ұлттық мектептерге арналған бағдарламалар; мұғалімдерге арналған нұсқаулар; бала тәрбиесі жөніндегі кітаптар; барлық қырғыз-қазақ мектептерінде халықтық білім беру іс-шараларының Ережелерін жасау; қазақ тілінде жазу үлгілерін енгізу; қазақ тіліне пайдалы кітаптарды, брошюраларды аудару т.с.с. Комиссия 1918 жылдың басынан жұмысқа кірісу керек. Өздері құрастырған кітаптарын, бағдарламаларын баспаға жариялап отыру қажет. Комиссия құптамаған окулықтар басылымға шығарылмайды. Комиссия жұмысына қаражатты облыстық земстволар ұлттық қордан бөлуге тиіс делінген. Міне, өздеріңіз көріп отырғандай, жаңадан құрылып жатқан «Алашорда» үкіметі алғашқы сағатынан бастап ұрпақ тәрбиесіне, ұрпақ болашағына зор көңіл бөлген. Жас ұрпақтың туған тіліне деген сауаттылығын арттыру үшін, ана тіліндегі оқулықтарды жасауға кіріскен. Бала тәрбиесіне, оқуына осындай қиын заманда жаңаша бетбұрыс, бұл болашаққа деген сенім еді. Білімді жастар, еліне салауатты да сауатты қызмет етеріне деген үміт болатын-ды [9]. Орынбордан қайтып оралған бойында Жаһанша, Халел Досмұхамедовтер қазақтың батыс аймағын басқаратын үкімет құруға кірісті. «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметі – XX ғасырдың басында Жайық өңірінде орнаған мемлекеттік-автономиялық құрылым. Ол 1918 жылдың мамыр айының соңында Жымпитыда өткен ІҮ Орал облыстық қазақ сиезінің қарарымен құрылды. «Ойыл уэлаяты» уақытша үкіметінің атқарған істері: жерге жекеменшікті жойып, оны халықтың меншігі деп жариялады; халық сайлаған уәлаяттық, уездік соттар іске кірісті; ақша-финанс жүйесі жасалынды; халыққа өз саясатын жеткізу, түсіндіру үшін газет шығарылды (оның редакторы болып Ахмет Мәметов жұмыс атқарды. Ол М.Мәметованың әкесі, көрнекті Алашорда қайраткерлерінің бірі); жерді пайдалану, салық, дін, сот, білім, әскер істері жөнінде қаулы-қарарлар қабылдады.
Осыған қоса, іс-қағаздарын ана тілінде жүргізу туралы мәселе айқын жолға қойылды. Білім беру ана тілінде болуы керек делінген. Басылымдардың қазақ тілінде болуына ерекше назар аударған [10].
Алаш партиясының жетекшілері
1918 жылы 1 сәуірде Халел және Жаһанша Досмұхамедовтер Мәскеуге барып, Орталық Кеңес өкіметінің басшысы В.И.Ленинмен және Ұлт істері жөніндегі халық комиссары И.В.Сталинмен кездеседі. «Алашорда» атты ұлттық автономиялық үкімет құрылғанын, «Алашорда» үкіметінің төрағасы Ә.Бөкейханов екенін мәлімдейді. Бірақ «Алашорда» мемлекетінің қойған талап-тілектерін Орталық Кеңес өкіметі толықтай мойындамайды. Дегенмен де РКФСР-дің ұлт істері жөніндегі комиссариатының құрамында қазақ бөлімі құрылады [11]. «Тіл адамның даңқын асырады. Адам ол арқылы бақыт табады» деп Жүсіп Баласағұнның «Құдатғу білік» еңбегінде жазғандай [12] тіл саясатын көтерген XX ғасырдың басындағы Алаш қайраткерлерінің қазақ қоғамындағы басты ағымдарының бірі – автономиялық басқару жүйесіндегі мемлекеттік құрылыс болса, екіншісі – Мемлекеттік тіл саясаты еді. Ана тіліне деген үлкен жауапкершілік еді. Алаштың арыстарының бірі – Ахмет Байтұрсынов «Дүниеде ешбір тіл өз-өзінен шықпайды. Тіл деген нәрсе қалың елдің күндегі тұрмыс қазанында қайнап, пісіп дүниеге келеді,» - десе [13], Күнбатыс Алашордасының идеологы саналған Ғ.Қараш: «Тіл болмаса, ұлт та болмайды, яғни ұлт бүтіндей өлген, жоғалған ұлт болады. Ең әуелі ана тілі қажет. Егер ана тілін білмесең, онда сен ол ұлттың баласы емессің. Ана тілін білмей тұрып, ұлт білімін ала алмайсың. Ұлт білімі болмаса, онда әдебиеттің болмайтындығы өзі-ақ белгілі. Әдебиеті жоқ ұлттың өнері де өршімейді», - деген [14]. Батыс Алашорда үкіметі жетекшілерінің бірі Х.Досмұхамедұлы тіл туралы: «Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздерін ғылым жолына салып реттесе, ешбір жұрттың тілінен кем болмайды», - деген пікірді айтқан [