0 дауыс
579 көрілді

Үлгі алатын тұсы көп. 
Жетеді.
Баршылық.

Тарих

Жоқ жерден немесе болмашы нәрседен тарих жасай алады. Мартин Лютер Кингтің “Менің арманым бар…” деп басталатын сөзі, күні кешегі ІІ Дүниежүзілік соғысы кезіндегі президент Рузвельт туралы, тіпті анау үйеңкіден шырын, алмадан сироп алатын зауыттарына дейін тарих жасап қойған. Тақыр жерге мавзолей соғып, дәу қылып ескерткіш салып, әлемнің барша елінен туристер тартады. Сөйтіп, әрі өздерінің ұлылығын мойындатады. Әрі тұлғаларын қастерлейді. Ал біз жүрміз. Сан ғасырдан келе жатқан кесене-ғимараттарымыз бар, өзгенің емес өзіміздің ата-бабамыз, тарихымыз бар, қалаларымыз бар. Олардың біреуі жол салу үшін, біреуі канализация құбыры үшін құрбан болып кете береді. Ал тағы біреуіне реставрация жасап, пластик терезе қондырып қойғанбыз. Күліп тұрып жылағың келеді.

Патриот

Америка деген жалаулар отаны. Құдай қаласа, ертең Алматыдан түсемін ғой, сол кезде ұмытып кетпей қарайыншы, осы біздің туымыз адамдарды әуежайдан бастап қарсы алады ма екен? Бұларда аяқ басқан жерде ту. Әрбір үй ауласына, терезесіне ту іліп қойған. Ол үшін ыштрап жазып бермейді. Америка үшін жанын беретін адамдар бар. Тіпті барлығы сондай сияқты болып көрінді. Енді ше? Құқың қорғаулы. Жағдайың жасаулы. Кәсіп істеймін десең, еркін. Салығыңды төле де, ұра бер.

Заң

Бұл елдің адамдарының қай-қайсысы болса да өзінің әуелі Конституциямен, одан кейін басқа да азамттық заңдармен қорғалғанын анық сезінеді. Тіпті, он күнге барған біздің өзіміз де сезіндік. Заң орындалады. Заң институты қатты жұмыс жасайды. Бізде ғой, заңды белшесінен басып жүре беретініміз.

Адам құқы

Бұл туралы негізі бас әріппен және ең бірінші жазуым керек еді, ә? Дегенмен, “Адам жеке бас құпиясына қол сұқты. Өкімет әлемдегі әрбір адамның жеке ақпаратын сақтап, өңдеп, оқып, өз пайдасына жаратып отыр” деген Сноуден мәселесі әлі басы ашық тұр. Ол туралы айтпағанда, адам құқы басты назарда. Тіпті анау Бруклин метросының қазақ полицейі Данияр да: “Ең басты мән беру керек нәрсе - құқық бұзушыны құрықтап жатқанда да оның менімен бірдең конституциялық құқы бар екенін ескеремін” дейді.

Технология

Давай бұл туралы айтпай-ақ қояйын?! Қанша дегенмен күні кеше әлемдегі әрбір үйдің шатырына дәстүрлі шатырдан да арзан түсетін күннен қуат алатын электр шатыр жасап шыққан, ұшып кеткен ғарыш кемесін құйрығымен платформасына кері қондыратын, 500 километр бір ғана қуатыпен жүретін электромобиль жасаған Элон Маскты, ғарышқа туристік кеме жасап жатқан Ричард Бренсонды, өзіміз қолданып отырған әлеуметтік желілердің авторларын, Apple мен Google компанияларын, Intel мен Microsoft-ы сылайын, ә?

Экология

Біз бір парадокс елміз ғой. Көшеміз толған қоқыс жәшігі. Әрбір кіре беріс, шыға беріс қоқыс жәшігі. Бірақ, сонда да қоқыстан көзіміз ашылмай жатыр. Қала мен ауылдың арасында кетіп бара жатып, далаға көз салсаң, әрбір жусанның басында ілініп тұрған аднаразовый пакет, чипсының қабығы мен памперс. Бұларда мен қолымдағы қоқысты тастайтын жерді таппадым. Біз үйренген жерлерде, ғимараттарға кіретін-шығатын жерлерде, далада, көшеде қоқыс жәшігі жоқ. Амал жоқ өзіммен алып жүрдім де үйге барып тастадым. Сосын тамақ әшетін жерлерінде, сауда орталықтарында қоқыс жәшіктері үшке бөлінген: жалпы қоқыс (кардон, қағаз, салфетка, т.с.с.), қайта өңдеуге жіберілетін қоқыс (қаңылтыр құты, шөлмек, пластмасса), компост (тамақ қалдықтары, органикалық қалдықтар).

Діни бостандық

Рахат қой. Намаз оқисың ба. Жиналып алып, әлемнің бостандығы үшін сағаттап үнсіз отырасың ба, басқа бірдеңе жасайсың ба, өзің білесің.

Сөз бостандығы

По умолчанию бар, жалпы. CCTV деп аталатын қоғамдық телеарнасына барып, кездесу өткіздік. Seven days деген апталық газеттерінің редакциясында боладық. Vermont diggers деген онлайн газетінің басшысымен жолықтық. Барлығы да біздің: “Сөз бостандығы деген не сонымен? Нақты бір шекарасы бола ма?“ деген сұрағымызға жауап бере алмады. Анығы: сөз бостандығы бар. Тек, қай жерден бастап өз пікірің аяқталып, басқа біреудің территориясына өтіп кеттің, оны аузыңнан сөз шығып, көпшіліктің достояниесіне айналғанда барып бір білесің. Басын ашқан жауап болмаған соң мен: “Сіздердің сөз бостандықтарыңыз туралы былай десек бола ма? Яғни: пікір білдіруге, ой айтуға болады. Бірақ өзін қолдауға, нақты әрекетке шақыруға болмайды. Солай ма?” дедім. Бір ауыздан “Дәл солай” десті. Ағылшынша былай айттым: “So it means, you can express your opinion but you can not call to action, yes?”. Мысал келтірсек, мұсылмандар туралы, басқалар туралы, біреу туралы, жыныс туралы, дін туралы ойыңды айта аласың. Бірақ, мұсылмандарды келтірмеу үшін қабырға тұрғызуға шақыру, әйелдерге қатысты бір әрекеттер жасауды ұсыну, нақты мекен-жай айтып, сол жаққа бару, жинау - болмайды. Дегенмен, жалпы алғанда сөз бостандығы бар. Ойыңа келгенді айта бер, а так байқа.

Мәдениет

Бұл елде мәдениет министрлігі жоқ екенін білмеппін. Өздері тіпті “Бізде қайдағы мәдениет? Біздің мәдениет - МакДональдс пен Симпсон ғой” дейді. “Қалғанының барлығы қытай, мексикан, испан, орыс, мұсылман, жапон мәдениеті ғой. Тіпті асханамыз да солардікі” дейді. Соның өзінде мәдениетті халық қой. Күліп жүреді. Сыпайы. Рахметті секунд сайын айтады. Үнемі кешірім сұрап жүреді.

Кітап культі

Кітапқа деген махаббататыр сұмдық енді. Балаға арналған әдебиетті айтпай тұрып, бала туылмағанға дейінгі әдебиеттен бастап, түрлі-түрлі жанрдағы кітаптар самсап тұр. Кітап жазу, шығару өндірісі, баспа ісі әбден жолға қойылған. Жеңілі, оңайы, күрделісі, қалыңы, жұқасы, үлкені, кішісі, неше түрлісі бар. Адамдар кітап оқиды. Біз кинотеатрдан көріп жүрген киноларды кітап қылып тастайды ма, әлде кітаптарын кино қылып тастайды ма, бірдеңе. Біздің Қазақстанның басқа тақырыптарды былай қойғанда, биыл бүкіл ел маңыз беріп отырған 25 жылдық тәуелсіздік жылдарындағы сапалы, хронологиялық, әрбір аудиторияға арналған кітаптар топтамасы да шықпады. Ал бұлар Ресей мен Украина қақтығысы, Түркия мен Ресей қатынасы, т.с.с. әлемде дәл қазір сіз асханада сөз қылып жатқан мәселелерден бастап, ертең сайлауға түсетін Трамптың “іші-сыртына” дейін жазып, кітап қылып тастаған. Қаласаң, тарих оқы. Қаласаң, классика оқы. Қаласаң, комикс оқы. Қаласаң, “сабынсу” оқы. Қаласаң, саясат оқы.

Еркіндік

Өздері теледидардан, масс медиадан, аннан-мыннан “Бостандық, бостандық” деп қақылдай берген соң ба, білмедім. АҚШта жүргенде өзіңді тым еркін сезінесің. Полиция офицері келіп, құжатыңды сұрап, қолтығыңнан “опорный пунктке” сүйреп кетпейді. Ауасынан еркіндік сезіліп тұрады. Еркісіз ойға қалдым. Осы біздің елге келген шетелдік өзін еркіндікте сезіне ме екен? Жауап “Иә” шығар, ә?

Саясат

Сұмдық қой енді саясаттары. Не керек айтып?!

Қонақжай

Қазақ қонақжай халық қой. Бірақ мыналар да кем емес екен. Әйтпесе, жыл сайын шетелден өзің танымайтын адамдарды тегіннен-тегін қонақ қылып күту деген де біраз шаруа. Бізде “Құдайы қонақ” деген ұғым бар ғой. Яғни, барар жері, басар тауы жоқ адам болса, жолшыбай келе жатса, жақсы күтеміз. Бұлар да кәдімгідей күтіп жатыр.

Әлеуметтік кәсіпкерлік

Мұны енді үйрену керек. Кез-келген нәрсені бизнеске айналдырып, сол арқылы елді, халықты асырап отыр ғой. Тиісінше, даму да ілесіп жатыр. Өзім қанша жылдан бері тегін жобалар жасап, еріктілер қауымдастығында болып, бар қолдан келгенімді жасап жатырмын ғой. Белгілі бір мерзімге немесе маусымға, болмаса ауыспалы адамдар тобымен жұмыс жасамаса, былайынша тұрақты түрде тегін дүние жасасаң да мақсатқа жетпейсің. Сондықтан бұларда кәдімгі коммерциялық, классикалық бизнеске қоса, әлеуметтік кәсіпкерлік қатты дамыған. Басқаны білмедім, осы салада бізге үйренетін, үлгі алатын нәрсе өте көп.

Тимур Бектұр

1 жауап

0 дауыс
арине жок

АКШ - жаксы

Ұқсас сұрақтар

...