+1 дауыс
6.9k көрілді
Жоспарымен болса жақсы болар еді, алдын ала ,рақмет.

1 жауап

+1 дауыс
 
Жақсы жауап
Қазақ ауыз әдебиетінің ерекше бір жанры – шешендік өнер. Халқымыздың даналығының үлгісі шешендік сөздер – ғасырлар бойы халық сынынан ерекшеленіп өткен құнды мұра, асыл қазына. Шешендік өнеріне ерте замандардан-ақ, үлкен мән берілген. Ежелгі грек, рим елдерінде шешендік өнерді "риторика" деген атпен жеке пән ретінде оқыған. Дүние жүзіне әйгілі ерте заман шешендері Пратогор, Демоссфен, Цицерон, Квинтилиан сияқты өз заманының мемлекет қайраткерлері, ел аузына қараған ойшылдары болған. "Риторика" ғылымы өнердің падишасы ретінде ерекше бағаланған. М.В.Ломоносовтың 1748 жылы басылып шыққан "Шешендікке қысқаша басшылық" атты еңбегі бұл өнердің Ресейде дамып, қалыптасуына түрткі болды. Қазақтың шешендік сөз тарихы Майқы би мен Аяз билерден басталып (XII-XIII ғғ.), Жиренше шешен, Асан қайғы (XIV-XV ғғ.) есімдерімен қатысты калыптасып, өркендей түсті. Шалгез, Бұхар (XV-XVIII ғғ.), Шортанбай, Дулат, Мұрат, Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтекелерге жалғасты. Шешендік өнерінің кеңінен дамып биіктеген кезеңі – XV-XVIII ғғ. Бұл кез қазақ халқының жоңғар, қалмақ, қытай басқыншыларына қарсы тұрып, өз тәуелсіздігін қорғау жолындағы күрес жылдары еді. Шешендік сөздердің алғашқы үлгілерін халық ауыз әдебиеті туындыларынан, ертегі, аңыз әңгімелерден, өлең-жыр, дастандардан ұшыратамыз. Осы сөз өнерінің кең қанат жайып, орнығып дамуында тапқырлық пен шешендіктің тамаша нұсқалары – жыраулар толғаулары, айтыстар мен мақал-мәтелдердің орны ерекше. Қазақтың шешендік сөздерін өзге жұрттың атақты адамдары, ғалымдары жоғары бағалады. Шешендік сөздер нұсқаларын академик В.В.Радлов (XIX ғ.) зерттеп жинаған болатын. Ол: "Қазақтар... мүдірмей, кідірмей, ерекше екпінмен сөйлейді. Ойын дәл, айқын ұғындырады. Ауыз екі сөйлеп отырғанның өзінде сөйлеген сөздер ұйқаспен, ырғақпен келетіндігі соншалық, бейне бір өлең екен деп таң қаласын", – деп көрсете отырып, әсіресе қазақ тілінің тазалығы мен табиғилығын дұрыс аңғарып, қазақтардың сөзге тапқырлығы мен шешендігі өзіне ерекше әсер еткенін жазған. Сондай-ақ, қазақтың шешендік, тапқырлық, нақыл сөздерін жинап жариялағандардың бірі – Ыбырай Алтынсарин. Ол халық даналығының жас өспірімдерді тапқырлыққа, өткірлікке, адамгершілікке баулитын тәрбие құралы екенін жете танып, өз еңбектеріне орнымен енгізіп, пайдалана білді. Шешендік сөздерді алғаш зерттеушілердің бірі – М.Әуезов. "Қазақ әдебиеті тарихы" (1927 ж.) еңбегінде "Билер айтысы" деген арнаулы тақырыппен шешендік сөздердің кейбір түрлеріне мысалдар келтіреді. Ауыз әдебиетінде алатын орны мен халықтық сипатына дәлелді ғылыми тұжырымдама береді. Ауыз әдебиеті мұраларын зерттеп, жинап, ерекше еңбек сіңірген ғалым-лингвист А.Байтұрсынов шешендік өнерді жеке алып қарастырып, құнды пікірлер білдірді (1926 ж.). Шешен сөз, көсемсөз, дарынды сөз деп үш топқа бөліп, әрқайсысын қолданыс орнына қарай (саясатқа қатысты, сотта сөйлеу, қошемет сөздер, ғалымдардың ғылыми тақырыптағы сөзі, діни уағыз сөздер) іштей тағы беске бөліп, әрқайсысына қысқаша түсініктер, тың анықтамалар берген. Шешендік сөз терең ойға, ұтқыр шешімге, тапқыр логикаға құрылады. Халық мақалдарында: "Таяқ еттен өтеді, сөз сүйектен өтеді", "Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ", "Қылыш жарасы бітеді, тіл жарасы бітпейді", "Аталы сөзге арсыз ғана тоқтамайды", – деп сөзді айтушыға да, оған құлақ қоюшыға да биік талап қойған. Демек, шешеннің ең негізгі құралы – сөз. Ол тындаушының жүрегіне жетіп, ерекше сезімге бөлеген. Сөз туралы Бөлтірік шешен: "Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылыңды, сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт, кімге, қай жерде, қай кезде, қалай сөйлейтініңді біл", – деп толғайды. Бұлар – "Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін, жауласқан елдің арасына бітім айтатын, күлгенді жылатып, жылағанды жұбата алатын даналық сөздер иесі". Мұндай сөз білетін, жөн білетін адамға ел ісіне араласуға, халық атынан сөйлеуге құқық берілген. Шешендік өнер — көрген-білгенді көкейге тоқып, көп үйреніп ізденудің арқасында талай айтыс-тартысқа түсіп, жалықпай жаттығу арқылы жетілетін өнер. Шешендік өнердің қиындығы туралы Бұқар жырау: ...Көш бастау қиын емес – Қонатын жерде су бар. Қол бастау қиын емес – Шабатын жерде жау бар. Шаршы топта сөз бастау қиын – Шешімін таппас дау бар, – деп дұрыс аңғартады. Нағыз шешен үшін сөзге шебер болу жеткіліксіз. Табанда тауып сөйлейтін тапқыр, топ алдында тайсалмай, мүдірмей сөз бастайтын батыл, сөз сайысында саспайтын сабырлы болуы қажет. Шешендік сөздерге тән ерекшеліктер. Біріншіден, қазақ шешендерінің сөздері жазбаша емес, ауызша айтылып дүниеге келеді де, одан кейін бірден-бірге жатталып, ұрпақтан-ұрпаққа жетеді. Екіншіден, айтыла келе бастапқы нұсқа қалып өзгертіліп отыруы мүмкін. Үшіншіден, шешеңдік сөздер кейінгі айтушылар тарапынан қажетіне қарай өзгеріп қолданылып отырған. Шешендік сөз ақындар айтысы сияқты сөз тартысы дау үстінде, ел тағдыры талқыланған ұлы жиын кеңес кезінде, оңаша ой толғау не сұхбат, әңгіме-дүкен барысында арнау, сәлем, өсиет түрінде де өмірге келген. Шешендік сөздер көбінесе түсінік сөзден басталады. Түсінік сөзде айтылмыш шешендік сөздің немен байланысты, қандай жағдайда туғандығы мен кім айтқаңдығы баяндалады. Шешендік сөздің, айтылар ойдың негізі – мазмұн. Сөз нақтылы, нені айтса да сендіретіндей, иландырып қарсыласын мойындататындай дәлелді айтылған. Жазба әдебиетіміз дамыған кейінгі дәуірде шешендік сөздер саптан шыққан жоқ. Заманға сай жаңа мазмұн, жарасымды тұр тапқан шешендік сөз нұсқалары көбейді. Шешендік сөздің шыны – айтыс. Мұнда ауыз әдебиетіне тән барша қасиеттер тоғысқан. Шешендік сөздер мән-мағынасының тереңдігімен ғана емес, сондай-ақ тақырыбының кеңдігімен де ерекшеленеді. Шешендер сөзі – халқымыздың тілдік қазынасы. Ол көркем әдебиетіміздің қалыптасып дамуына белгілі дәрежеде үлес қосқан ақын-жыраулардың арнау, толғау сөздеріне ұқсас болып келеді. Ертеден-ақ, халқымыздың өзіндік басқару жүйесі болды. Ел қамын жеген ерлері, сөзін сөйлеген, әділін айтқан шешендері, білімпаз билері болды. Би – халықтың көкейіндегісін айтқан, ойын жарыққа шығарған әділет жоқшысы. Қазақтың атақты билері Төле, Қаз дауысты Қазыбек, Әйтекеден қалған сөз дәстүрі ғасырлар бойы үзілген емес. Ш.Уәлихановтың: "Би атағын беру қазақта халық тарапынан бір сайлау арқылы немесе халықты билеп отырған өкімет тарапынан бекіту арқылы болған емес, тек сот ғұрыптарына әбден жетік, сонымен қатар тілге шешен қазақтар ғана бұл құрметті атаққа өз бетімен ие болған. Би атағын алу үшін би болам деген қазақ өзінің заң ісіне жетіктігі және шешендік қабілеті бар екеңдігін халық алдында сан рет көрсетуге тиіс болған. Ондай адамдардың атағы бүкіл қазақ даласына тез жайылып, олардың аты жұрттың бәріне мәлім болып отырған", – деген сөздерінен би – халықтың көкейіндегісін айтқан, жарыққа шығарған әділет жоқшысы екенін танимыз. Кезінде Ахмет Байтұрсынов: "Әділ билердің қолындағы билік қазақтың неше түрлі дертін жазатын жақсы дәрі еді", – деді. Демек бұл қастерлі мұра – шешендікпен айтылған билер сөзі ұмытылмайды, қай кезде болса да халық жадында.

Дереккөзі: https://www.******.com/kz/shygarma/2317-taza.html#read
© www.******.com

Ұқсас сұрақтар

0 дауыс
0 жауап
Филология 23.02.2017 Университет, колледж сұрақ қойды
0 дауыс
0 жауап
...