Бізтұмсық башықшыға ұқсайды (Егерде дәл соның өзі болса)
Бізтұмсық балшықшы ( Recurvirosta avocetta ) - балшықшылардың ең ірілерінің бірі (биіктігі - 46 см шамасында, 300 г-ға жуық). Басында, мойнының сыртқы жағында, қанатында қара таңбасы бар, ұзын, қара, жоғары қарай имек бізтұмсықты, қардай аппақ әдемі құс. Құстың атауы да соған негізделген. Негізгі қорегі - шаянтәріздестер және су бунақденелілерінің дернәсілдері. Таяз суға басын түбіне дейін батырып, жан-жағына қозғап, тұмсығына іліккендердің барлығын соқыр тәуекелмен жинақтау арқылы қоректенеді. Дегенмен өзендік үйректер тәрізді денесін жоғарғы бөлігін суда ұстап, қорегін одан шығарып, судың терең қабатынан да қорегін табады. Бүкіл Еуразияның тұзды дала көлдерінің жайдақ жағасын кездейсоқ мекендейді. Бізтұмсық балшықшы қолайлы жағдайда - өсімдікке тапшы немесе өсімдігі жоқ жазықтықтағы тұзды және тұздылау суқоймалары болған кезде бүкіл Қазақстанда ұялайды. Алайда олардың саны барлық жерде аз. Қауымшыл құс, шағын шоғырлар түзіп, ұялайды. Ұялаудан тыс кезеңде де топтасып жүреді. Ұяларын жерге, таяз шұқырға орналастырады. Дегенмен, егер ызар (грунт) ылғалды немесе батпақты болса, онда ұяны құрылыс материалымен кейде 20 сантиметрге дейін ызар бетінен жоғары көтереді. Салындыда сирек секпілді сары 3-5, көбінесе 4 жұмыртқа болады. Ересек құстар ұясы мен балапандарын жан аямай қорғайды. Бізтұмсық балшықшылар балапандары қанатына көтерілген кезде топ түзіп, үлкенірек суқоймаларға, сондай-ақ өздері қыстайтын жаққа - Каспийдің оңтүстігіне жылыстайды. Қазақстанда наурыздан қыркүйекке дейін кездеседі.