Сіз отбасын құрған жансыз. Отбасын құрарда ойланып, өмірлік қадамды дұрыс басқаныңызға сенімді болғаннан кейін ғана жасауыңыз керек еді. Енді алғашқы махаббатты мәңгі ойлап, отбасының шырқын бұзу жарасар ма екен ару жанға? Өйткені, Сіз ата-аналардың, жолдас-жоралардың батасын алдыңыз, олардың Сізге ақ ниетін алдыңыз, Сіз жауапкершілікті өзіңізге жүктедіңіз. Сіз сүйген жан Сізді сүймесе, ол үшін отбасын ойран ету күнәлі болуға итермелейді. "Өзіңді сүйгенді сүй" деген тұжырым тегін айтылмаса керек. Әрине, махаббатты ұмыту қиын, бірақ ақыл мен жүрек үні үндессе, сезімге бой алдыруды жеңеді. Сіз өзіңізді сүймеген жанды қинай алмайсыз, ол да Сіз сияқты ақылы бар, сезімі бар тұлға. Менің пікірімше, Сіз жылауды тыйып, қиындықты жеңудің жолдарын, тұрмыстық мәселелерді шешудің тәсілдерін ойланыңыз. Кейін өкінесіз, өйткені біреуді жалатып тапқан бақыт Сізге қайғы сыйламасына кім кепіл?