1725 жылы Әбілқайырдың қол астындағы сарбаздардың соны 50000-ға жетіп, қазақтар жаудың басып алған жерлерін азат етуді бастады. Осы жылы басқыншыларға қарсы алғаш рет үлкен тойтарыс берілді. Отырар, Шымкент, Түркістан, Сайрам төңірегін жаудан азат етуде қазақ сарбаздары асқан ерлік көрсетті. Қаратау тауларының Теректі алқабындағы Садырбұлақ өзенінің төңірегіндегі қалмақтардың қолын Үлкентұр тауына қуып тығып, жойып жіберді.
Мәшүр Жүсіп Көпейдің жазбаларында 1725 жылы Бұхара жақтан қайтып келе жатқан Орта жүз қазақтары Шақшақұлы Жәнібектің қолбасшылығымен Шұбаркүл
көлінің маңында жоңғарларды талқандады делінеді. Шәкәрім Құдайбердіұлы да бұны растайды. Осы жеңістен кейін Ақтасты өзені маңында кездескен қазақ сарбаздары жаудың тас-талқанын шығарды. Бұл шайқаста Әбілқайыр ханның, батырлар Тама Есет, Тама Жантай, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай қолдары бірлесіп жауға соққы берді. Шайқас болған жер «Қалмаққырылған» деген атқа ие болды. Одан кейін қазақтар Сырдарияның төменгі ағысы ғана емес, Мұғалжар тауларының бір бөлігін жоңғарлардан азат етті.