Былтыр желтоқсан айында АҚШ президенттігінен үміткерлердің бірі, миллиардер Дональд Трамп Президент болса АҚШ-қа мұсылмандардың кіруіне тиым салатынын айтқан болатын. Бұл пікірі түрлі саясаткерлердің сынына да ұшыраса да Трамп өз ұстанымынан таймаған. Мұсылмандарға қарсылық оның сайлау алды кампаниясының басты ұстанымына да айналғандай. Бұл мәселе оның бәсекелесі Х.Клионтонге түрткі салған. «Республикалық партияның өкілі АҚШ президенті болмауы керек. Өйткені ол өз ұстанымы арқылы мұсылмандарды арандатады» дейді, экс-мемлекеттік хатшы. Х.Клинтон сондай-ақ, «Дональд Трампты терроризм мақсаттарына жету үшін пайдаланып жатыр» деген пікірде. «Islam-today»-дің ақпараты бойынша, экс-мемлекеттік хатшымен қатар қазіргі Президент Барак Обама да Трамптың мұсылмандарды ел территориясына кіргізбеу жөніндегі ұсынысына қарсы. «АҚШ-қа мұсылмандардың кіруіне тиым салу терроризм мәселесін шешпейді, керісінше қоғамдағы ретсіздікке әкеліп соғады. Орландо, Сан-Бернардинодағы лаңкестер де АҚШ азаматтары еді ғой» деген уәж айтты Обама. Ал шотландиялық ислам дінділер Трампты өз елдеріндегі мешітке кіріп шығуға шақырды. Шотландиядағы мұсылмандар қауымдастығының таратқан мәлімдемесінде «АҚШ президенттігінен үміткер Д.Трамп сөз сөйлеген сайын мұсылмандарға тиіседі, жалпы ол мұсылмандар туралы көбірек білу үшін біздің мешітке шақырамыз» делінген. Маусым айының басында ислам дінділерге қатысты кезекті қарсылық сөзін айтқан Трамп мұсылмандардың сот қызметін атқаруына болмайды деген мәлімдеме жасады. Оның бұл пікірі республикалық партияның өзге мүшелерінің наразылығын тудырғанға ұқсайды. «Американың мұсылмандардың құқығын қорғау ұйымы Дональд Трамптан мұсылмандардың намысына тиетін сөздерді айтқаны үшін көпшіліктің алдында кешірім сұрауын талап етіп, мәлімдеме жасады» деп жазады «IBTimes». Осындай қарсылықтар көбейген соң ба, Президент тағынан үміткер Трамп былтырғы ұстанымынан бас тарта бастағандай. Саясаткердің көмекшілері «Ол жалпы мұсылман емес, терроризм ошағына айналған елдердің өкілдеріне қатысты айтқан еді» деп, Трампты ақтаған ақпарат таратты. Бірақ сол «терроризм ошағына айналған елдердің» аты аталмаған. Сондай-ақ, телеарналардың біріне берген сұхбатында Трамп АҚШ-қа терроризм ошағына айналған елдердің өкілдерін де кіргізуге болатынын, тек ол үшін жақсылап тексеру керек деген ұсыныс айтты. Құрама Штаттарға кіретін мұсылмандар қалай тексеріледі, ол жағы да беймәлім. 13 маусымдағы Орландодағы террактіден кейін АҚШ саясаткері Президент болып сайланса, терроризмді түбегейлі жою керектігін түсінгенге дейін иммиграцияға шектеу қоятынын және терроризммен мықтап күресетінін жеткізді. Саясаткердің осындай құбылмалы пікірлерінен кейін «Трамп Президент болып сайланса мұсылман қауымына қауіп тудыра ма?» деген сұрақ туындайды. Бұл мәселенің анық-қанығы қараша айындағы сайлаудан кейін белгілі болады.
Материал qamshy.kz сайтынан алынды