Ертеде Такэтори деген қария өмiр сүрiптi. Ол күн сайын тауға бамбук кесуге барады екен. Бiрде қария әдеттегiдей ағаш кесiп жатқанда, бiр бамбуктен нұрлы сәуле жарқ ете қалады. "О, тоба!" деп, таңданған Такэтори бамбукты жарып қараса, iшiнде сәби бар екен. Қария шұғылалы сәбидi ағаштың iшiнен шығарып алып, үйiне әкеледi. Шалының ерекше бала тауып алғанына кемпiрi де таңданып, қуанады. Екеуi нұрлы бөбектi мәпелеп бағады. Қариялар сәби сыйлаған қасиеттi бамбуктiң қуысынан күнде жарқ-жұрқ еткен алтын теңгелердi алып тұрады. Сөйтiп қария дәулеттi адамға айналады. Шұғылалы сәби өсiп, бойжетедi. Ай десе аузы, күн десе көзi бар ғажайып бiр сұлу қыз болады. Қариялар оны Кагуяхимэ (Ай нұрынан жаралған қыз – Ш.Ж.) деп атайды. Токиодан 1990 жылы шыққан "Нихонмукашибанаши" кiтабын оқып отырып, қазақтың "Оғыз қаған" жыры есiме түстi: "Күндерде бiр күн Оғыз қаған бiр жерде Тәңiрге жалбарынды. Қараңғылық түстi. Көктен бiр жарық түстi. Күннен аян (жарық), айдан көгiлдiрлеу едi. Оғыз қаған келiп көрдi. Осы жарықтың арасында бiр қыз бар едi, жалғыз отырар едi. Жақсы көрiктi бiр қыз едi. Оның басында оттай жарқыраған бiр меңi бар едi, алтын қазықтай едi. Осы қыз сондай көрiктi: күлсе Көк Тәңiрi күлер едi, жыласа Көк Тәңiрi жылар едi. Оғыз қаған оны көргенде есi қалмады, сүйдi, алды" ("Оғызнаме". Алматы 1986. 27-28 б.) Оғыздың үш ұлы – Күн, Ай, Жұлдызды дүниеге әкелген де осы нұрлы ағаштың iшiнен шыққан ару. Ары қарай жыр не дейдi? "Бiр күнi Оғыз қаған аңға кеттi. Бiр көл ортасында алдынан бiр ағаш көрдi. Бұл ағаштың қауашағында бiр қыз бар едi, жалғыз отырар едi. Жақсы көрiктi бiр қыз едi. Оның көзi Көктен көгiлдiр едi. Оның шашы өзеннiң ағысындай, оның тiсi iнжудей едi. Сондай көрiктi едi. Оны көргенде жер бетiндегi жұрт айтушы едi: ай, ай, ах, ах өлермiз деп, сүттен қымыз боп кететiн. Оғыз қаған оны көрдi де, есi шығып жүрегiне от алды". Сөйтiп Оғыз қаған ағаштың қуысындағы нұрлы қызды алды. Одан Көк, Тау, Теңiз – үш ұл туды. Күншығыс фольклорындағы Ай, Күн, Жұлдыз, Көк, Тау, Теңiзбен байланысты мифтер өте көп. Қазақтың Оғыз жырының фрагменттерi жеке-жеке аңыздарға арқау болғаны өз алдына, "Оғызнаменiң" мазмұны жапонның көне мифтерiнде өз қалпында баяндалған. Қаһарманы Оғыз қаған деп аталмаса да, жырдың желiсi қаз-қалпында сақталуының өзi ежелгi дәуiрдегi бiр рухани бастауға жетелейдi.