Осыдан бірнеше ай бұрын ғаламтор желісі арқылы «Оқушыларды кездейсоқ топқа біріктірудің 17 әдісі» деген мақаланы оқыдым. Мақала ресейлік сайтта жарияланған. Оқушыларды қалай 17 әдіспен шағын топтарға біріктіруге болады екен? – деген сұрақпен мақаланы ынтаммен оқи бастадым. Қалай ойлайсыздар, қандай әдістер ұсынылған. Сіздер оны өте жақсы білесіздер деп ойлаймын. Мақалада оқушыларды осы әдістер арқылы біріктірген кезде ешкімді ренжітпей кездейсоқ топ алуға болады делінген. Әрине, оқушыларды топтарға біріктірген кезде олар өздерінің достарымен отырғысы келетіні мәлім. Топта отырған оқушылардың эмоциялық ахуалы оқып-үйренуге ықпал ететіні белгілі. Дегенмен, топқа біріккен оқушылар өздерінің неліктен осылай бірігіп отырғанын білсе, тіптен жақсы.
Мақалада оқушыларды шағын топқа карталар арқылы біріктіру, туған күндері арқылы біріктіру, аттарының бас әріптеріне қатысты, пазлдар арқылы .... Әйтеуір не керек, кездейсоқ топ құруға арналған неше түрлі әдістер.
Жалпы оқыту мен оқу процесінде неліктен топтық жұмысты ұйымдастырамыз?
Біріншіден, 21 ғасыр дағдысының бірі – ынтымақтастықта жұмыс жасай білу.
Екіншіден, адамдар қалай оқиды? Зерттеулер бойынша адамдар бір-бірімен қарым-қатынаста жақсы қолайлы сезінеді, олардың танымдық және әлеуметтік дағдылары қалыптасады және артады.
Үшіншіден, себебі «Мәңгілік ел» құндылықтарында ынтымақтастық және бірлік. Осының бәрін біле отырып, мұғалім оқыту мен оқу процесінде топтық жұмысты ұтымды қолдануға тырысады.
Топтық жұмысты ұйымдастыру туралы сөз қозғаған кезде мұғалімдер де «оқушыларды топқа қалай біріктірсем?», «топқа біріктірудің қандай жаңа әдістері бар?» деген сұрақтарды қойып жатады. Топқа біріктіру әдісін тек техникалық тәсіл ретінде қарастыратыны кездеседі. Алайда, оқушылардың оқу мақсатына оңтайлы жетуге топтық жұмысты қалай тиімді қолдануға болады? Ол үшін топтық жұмысты тиімді пайдалану үшін осы әдістер арқылы біріктірсе жеткілікті ме?
Енді оқушыларды шағын топтарға қалай біріктіруге болады?
Біріншіден, кездейсоқ топ. Топтық жұмысты орындау үшін бір топта қандай оқушылардың болатыны маңызды емес. Осы жағдайда мұғалім осы ұсынған 17 немесе мейлі 20 әдіспен оқушыларды шағын топқа біріктіреді. Топтың мүшелері кездейсоқ бірігеді. Мұғалімге сыныптағы оқушылардың бір-бірімен мейлінше араласқаны маңызды.
Екіншіден, аралас топ. Мұғалім мақсатты түрде шағын топқа әртүрлі деңгейлі оқушыларды біріктіреді. Себебі, бұл топтық жұмыс жаңа оқу мақсатына жету үшін қажетті алдыңғы білімдері мен біліктерін қайталап, бір-бірінің есіне түсіру мақсатында ұйымдастырылған. Яғни бір тақырып бойынша білімі бар балалар мен білімі аз балалар топтарға бірігеді. Мұғалім алдын ала бұл топтың мүшелерінің кім болатынын жоспарлайды.
Үшіншіден, деңгейлі топ. Мұғалім ерекшеліктеріне қарай топтарға біріктіреді. Қызығушылығы бір оқушылар бір топта немесе жоғары деңгейлі, орта және төмен деңгейлі оқушылар. Оларға арнайы тапсырмалар дайындалады. Бұл топтық жұмысты жоспарлау кезінде мұғалім неліктен оқушыларды дәл осылай біріктіретінін және неліктен осы тапсырмаларды беретінін нақты түсінеді.
Төртіншіден, қалаулы топ. Мұғалім оқушыларға өз қалаулары бойынша отыруға мүмкіндік береді. Мұғалім оқушылардың бір-бірімен қарым-қатынасын білу үшін бұл әдісті пайдалану болады. Сыныпта қандай да бір топтық жоба жұмыстарын жасау керек болған кезде бұл әдісті қолдану тиімді болар деп ойлаймын.
Бесіншіден, қыз-ұл деп бөлуге болады. Бұл әдіспен оқушыларды біріктіру мұғалімге қыз балалар мен ер балалардың оқудағы ерекшеліктерін терең зерттеуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Құрметті әріптестер, осы әдістерге қатысты қандай ойлар айтасыздар. Және өздеріңізде қандай тағы да басқа әдістер бар, сол туралы ой бөліссеңіздер.