2001 жылғы қыркүйектің 11-і күні терроршылар қастандығынан қаза тапқан барша құрбандардың алды жарық, арты қайырлы болсын!
Терроризм - жек көру сезімінің, кекшілдіктің, ксенофобияның, төзімсіздіктің әбден асқынып, ракқа айналған соңғы стадиясы. Бұл дерт адам санасына мысқалдап енеді. Басқа бір адам баласын өзіңе ұқсамағаны үшін ғана, өзің құсап сөйлемегені үшін ғана, өзің сияқты құлшылық қылмағаны үшін ғана, өзіңдей киінбегені үшін ғана, өзің тәрізді ойламағаны үшін ғана жек көріп тұру - осы дерттің бастапқы симптомдары. Бұл дерттің бактериялары, әсіресе, діни айтыс-тартыста тез жетіліп, көбейеді. Теологиялық ағымдардың бір-бірінің діни сезімін құрметтемеуі, кекетіп-мұқатуы, сакральдық ритуалдарын құбыжық етіп көрсетуі, атрибуттарын абсурдқа айналдыруы, рухани жетекшілерін келемеждеуі әлгі дертті өршіте түседі.
Өркениетті кісі қарсы ұшырасқан жаннан "зиянды мәдениет", "теріс діни ағым", "опасыз этникалық азшылық", "қызылкөз этникалық көпшілік", "саудагер халық", "бөтен менталитет" өкілін емес, ең әуелі өзі сияқты адамды көруге тырысады. 2001 жылғы қыркүйектің 11-і күні шабуылға ұшыраған Нью-Йорктің ДСҰ ғимаратындағы Marriot қонақ үйінен әріптестері мен қонақтарды жанұшыра сыртқа шығарып, ешкімді бөле-жармай құтқарып жүріп өзі қаза тапқан йемендік мұсылман жігіт Абдул Салам Малахидің ісі - осындай адамдықтың мысалы. Өнеге аларлық әрекет.