0 дауыс
550 көрілді
Олимпиада бәсінде допинг деген қулыққа басып, артынша қиғылық салу жарасымсыз афера. Әнұран шырқағанда алып-ұшқан көңілге, көзден парлаған жасқа обал.

Допинг спорт түрінің бәріне шақ келе бермейтіні де жақсы. Штанга көтеру, ескек есу сияқты физикалық төзімділікке әсіре тәуелді түрлерде апайтөстер жиі әшкереленіп жатыр. Бұл өте дұрыс, толықтай құптарлық қадам. Дегенмен, бұл бастамаға жүйелілік пен табандылық керек. Алып елдердің абырой-беделінің ығына өз принциптерін жыққызбай, бірі қалмай бәрі санасатын таза спорттың салтанат құрғаны жақсы. Әділетсіз спорттың - құрығаны.

Мына WADA деген мықтыға сүйсінбей болмайды. 2010 жылы Ванкуверде Ресей құрамасы командалық жалпы есепте 11 болды. Бұл фиаско, әрине. Сочиде қарымта қайтаруға айла-амалдың небір құйтырқы формаларын ойластырғанын допингке қарсы халықаралық агенттік (WADA) дәйекті түрді әшкереледі. Тіпті, бұл жымысқы пиғылдың басы-қасында ФСБ болғанын, қала берді спорт атқамінерлерінің айтағымен жүргізілген қиямпұрыс кампания болғаны мәлімделді. Ресей спортшыларының күнібұрын "сау" кезіндегі зәрі/қаны басқа қалбырға алынып, допинг қабылдап алғаннан кейін алынған сынамаларды ФСБ агенттері түн жамылып, қалбырлар сақталатын бөлмеге сырттан саңылау жасап, сол тесік арқылы таза емес сынамаларды тазасына алмастырып отырған. Нақты дәлелсіз WADA мұндайды айтпас еді. Ендігі Ресейдің байбаламы - "ойбай-ау, допинг қабылдағандар мақұл, бірақ Исинбаева сияқты "тазаларымыздың" кіршіксіз екені айдан анық қой, олардың обалына қалмасақ етті". Допингке қарсы агенттік зәразап болған-ау, жеңіл атлетикада Ресейді толықтай аластатты. Уәжі - допинг қабылдау жүйелі түрде, биліктің нұсқауымен, араласуымен және жоспарлы түрде болғаны.

Исинбаева сырықпен секіруде өзіне қарсылас шақ келтірмейтін сайыпқыран, олимпиаданың екі дүркін чемпионы. Илья Ильин сияқты ол да Риода үшінші алтынын алмаққа бек оқталып еді. Ильядан айырмашылығы сол, шынында да допинг қабылдамаған, допинг қабылдағаны расталып, алдыңғы алтындары басқа біреуге табысталып кетпеді. Тұтас дисквалификация құрбаны.
Ресей енді алтындардың бір парасын боз кілемнен күтеді.

Біздің ұлттық құрама бұл жолы ала-құла көңіл-күймен аттанды. Алтынға сөзсіз үміткерлердің біразының бұрынырақтағы шикілеу тірліктері әшкереленіп, нәтижелері жарамсыз боп жатыр. Ауыр соққы. Дәл олимпиада алдында. Есеңгіретіп тастаған мұндай жазадан кейін ақылман боп кеткен жанкүйер легі толастасын ба? "О баста ойламақ ләзім. Ни ни фига ойластырмады" деген қызба пікірлер айтылып қалды. "Допинг қабылдау да кәсіби машық. Тұтылмай жүрген елдердегідей мықты күшейткішті сатып алуға біздегілердің ақшасы жетпеді деу ақылға сыймайды" деп налиды тағы біреуі. Қалай болған күнде де, спортқа саясат кенедей жабысты. Текетірестер алда да болады. Тиісті құзыреттілер осы бастан мықты жұмыстанса екен дейсің. Бір жағынан, спорт пен мәдениеттің бір орган арқылы қадағаланғаны да кейбір спорт жанашырларының сын садағына ілініп жататыны бар.

Риода риясыз шалқимыз ба? Шәмші мен Жұмекеннің "думанды бастаған еліне қарар" ма екен телміріп олимпиадашыл ғаламшар? Сметов пен Отгонцэцэг, боксшы жігіттердің біразы жерге қарата қоймас деп қоямыз. Оларда да толқу мықты ғой, қанша дегенмен. Сағат айырмашалығы, климат өзгешелігі, тағысын тағы. Сылтау мен ақталуға себеп іздесең табасың, әрине. Алдыңғы бас бәстерде алтынға дәмеленіп үйреніп қалған жаман әдет және бар. Спортшыларымыз, бастысы, абыройдан айрылмасын. Үшінші орын алса да, қоласы алтынға бергісіз Ақжүрек Таңатаровқа ел ықыласы қашанда айрықша ғой, шіркін. Біз елде отырып тақым қысамыз, қиқу саламыз. Қолдан келгенше аянып қалмай, ел намысын абыроймен қорғау спортшыларға серт, оларды орынсыз жерден алып, жерге салмай, кез-келген нәтижені салқынқандылықпен бағамдау жанкүйер бізге серт.

Постты Бекзат Саттархановтың финалдағы керемет жеңісімен түйіндеудің реті түсіп тұр. Аллам күш-қуаттан, несібеден айырмасын!



Нұрғиса Асылбеков

1 жауап

0 дауыс
go nice very good great
...