Қазақстан жерінде құрылыс салу жоғары палеолит дәуірінде пайда болды. Қаратаудағы, Баянауылдағы, Ұлытаудағы, Маңғыстаудағы үңгірлер мен адам тұрақтары шағын топтар болып өмір сүрген, бірігіп еңбек еткен алғашқы қауымдық құрылыстар аңшылардың, кейінірек ертедегі рулық қауымдарды құрған адамдардың тіршілік жайын сипаттайды. Бұл дәуірден ортасында дөңгелек ошағы бар, тастан немесе топырақтан қаланған, аласа қабырғалы, төбесі сырықтармен жабылған алғашқы тұрғын үйлердің (Орт. Қазақстандағы Тамды, Бөрібас,
Қазақ архитектурасы. Қошқар Ата қүлпытасы. Атырау облысы
Дамсы тұрақтары) іздері сақталып қалған. Металл құралдарын пайдалану, кетпенді егіншілікке, мал өсіруге ауысу қоғамдық еңбек бөлінісінің бастамасы болды. Бақташы тайпалардың бөлініп шығуы кейінгі қола дәуірінде (Беғазы-Дәндібай мәдениеті) ұланғайыр далалық жерлерді игеруге мүмкіндік берді. Қола дәуірі тұрақжайлары тұрғын және шаруашылық бөлігі болып, қоршаумен екіге бөлінген (бұлар шаруашылыққа арналған қосымша құрылыстармен бірге дөңгелене орналасқан) тік бұрышты жеркепелер тобынан құралды. Ошақтың үстіндегі орталық кеңістік бөренелермен сатылы-үшбұрышты түрде, басқа жағы тіреулі бөренелермен жабылды, қабырғалары тақта тастан қаластырылды немесе топырақтан соғылды (Оңтүстік Қазақстандағы Атасу, Бұғылы тұрақжайлары). Кейінірек дөңгелек пішінді үйлер, оның ішінде жиналмалы киіз үйлер, төбесі түйетайлы етіп жабылған тік бұрышты құрылыстар (қыстаулар) пайда болды. Сонымен қатар қабір үстіндегі құрылыстардың пішіндері мен түрлері сараланып бөлінді. Қола дәуір сәулет өнерінің үлгісі өңделмеген тақтатастан қаланған Дың ескерткіштері кездеседі (екідың ғимараттары). Тас ғасырының мәйіт жерленген бейіттері күмбезбен көмкерілген және айналасы дөңгелене қоршалған, ортасында тас мүсіндері бар сәулетті кешендер түрінде жасалған. Қабір үстінде көлденеңі 30 м-ге жететін үлкен қорғандар (Жезқазған облысындағы Ақсу-Аюлы кешені) жиі салынған.
9 – 10 ғасырларда Қазақстанда бүкіл Орт. Азиядағы сияқты, зор сапалық өзгерістер болды. 11 – 12 ғ-ларда ол гүлдену шегіне жетті. Бұл кезеңнің қалалары 3 жеке құрылымнан тұрды: қамал, шахристан және рабат. Құрылысқа күйдірілген кірпішті қолдана бастау – сәулет өнерін дамыту ісіндегі ілгері дамуға жол ашты. Ғаныш ерітіндісін қосып күйдірілген кірпіштің өте берік болуы ғимарат төбесі құралымын жетілдіруге, үйлердің аумағын ұлғайтуға жағдай туғызды. Ғаныш ерітіндісінің тез қататын қасиеті күмбездерді шегендеусіз қалауға қол жеткізді, мұның орманы жоқ аймақтар үшін зор маңызы болды. Ерте орта ғ-лар құрылыстарындағы шаршы пішінді күмбездердің іргесі дөңгелек пішінді күмбездерге ауысуы сатылы-аркалы белдеулер арқылы жүзеге асырылды. Ғимараттардың құрылымында сегіз қырлы барабандар пайда болды. Олар ғимараттың шаршы пішінді төм. аумағының күмбездерге ауысуын оңайлатты. Желкендер сегіз бұрыштың қырларына орнатылды. Күйдірілген кірпіш бастапқыда негізгі конструкциялардың, шикі кірпіштен тұрғызылған монументті құрылыстардың (Қызылорда облысындағы бүгінгі күнге дейін біршама жақсы сақталған Сараман-Қосы мұнарасы және Бегім ана мұнарасы) алдыңғы жақ бетін қаптау үшін қолданылды. Сыртқы аумағы мұнара секілді қабір үстіне шатырлы құрылыстарды салудың ең ежелгі жергілікті дәстүрін сақтап қалған екі ескерткіштің маңызы зор (Тегіскен мазарларының солт-тегі тобы, б.з.б. 9 – 6 ғ.; Баланды күмбезі б.з.б. 4 – 2 ғ-лар).Қарахан әулеті билігі кезінде сәулет өнері барынша гүлденіп өсті. Қазақстан жерінде бұл кезеңнен Жамбыл облысындағы Бабажы қатын кесенесі (10 – 11 ғ.), Қарахан күмбезі (11 ғ.), Айша бибі кесенесі (11 – 12 ғ.), Жезқазған облысындағы Жұбан ана күмбезі (11 – 12 ғ.), Таразқаласындағы моншалар, т.б. ескерткіштер біршама жақсы сақталған, кейбіреулерінің қалдықтары бар. Айша бибі мазары мемориалдық құрылыстардың орт. білікті түріне жатады. Егер Бабажы қатын кесенесі және Қарахан мазарының тек алдыңғы беттері кірпішпен өрнектелген болса, Айша бибі кесенесі түгел әсем және сан алуан геом. және көгеріс нақышына құрылған әшекей тақталармен қапталған. Күн түскен кезде ғимарат қабырғалары алуан түспен құлпырып тұрады. Ескерткіш қабырғаларының құралымы ерекше. Қарағанды облысының Ұлытау ауданында орналасқан Аяққамыркүмбезі Орт. Қазақстанның аса көрнекті ескерткіштерінің қатарына жатады. Кейбір зерттеушілер оны оғыз-қыпшақ дәуіріне (11 – 12 ғ-лар) жатқызады. 11 – 12 ғ-лардағы ғимараттардың күмбездеп жабылу құралымдары, архит. аумақты композициямен салынуы және архит. сәндік құралдары мен пішіндері Қазақстан жеріндегі сәулет өнерінің озық үлгімен ілгері дамуына негіз болды. Орт. Қазақстан ескерткіштерінің арасында Алаша хан күмбезі (10 – 11 ғ-лар) өзінің архит. келбетімен ерекше көзге түседі. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауиханақасы 14 ғ-дың аяғы мен 15 ғ-дың басындағы сирек кездесетін бірден бір архит. ескерткіш болып табылады. Ғимаратты әсемдеуге ғанышқа, ағашқа, сүйекке ою-өрнек салу, тас пен металды көркемдеп өңдеу тәсілдері, халықтық бейнелеу өнерімен етене байланысты өрнектер үлгісі кеңінен қолданылды. Бұл тамаша ескерткіште Қазақстан мен Орта Азия халықтарының көп ғасырлық құрылыс өнерінің жетістіктері пайдаланылған. Қазақтың халықтық сәулет өнерін дамытудаескерткіштің маңызы орасан зор болды.