Көбіне миыма симайтын дүние, бізде жемқорлықпен күресу керемет идея сияқты. Қолымызға шамды алып қоғамдағы - жемқорларды, пара сұрайтындарды, беретіндерді, сыбайластық құрғандарды құрықтап, соларды ұстауға сілтегендерді марапаттап жатамыз. Қызығы осы жерде, бізге жемқорлықпен айналысқан ұнайтын болғаны ма, жемқорларға да, соларды ұстайтындарды да?!
Ал, негізгі нәрсе жемқорлықты болдырмау, ондай әрекет-ниеттерді оятпау, заңсыз әрекеттің қатерінен гөрі заңның үстемдігін мойындау, жауапкершілігі тағдырыңды бұзатындығын түсіну сияқты ұғымдар қашан орнайды?! Олармен кім айналысады, қандай идеологиялық бағыт-бағдар бар?
Бізде барлық экономикалық реформалық бастамалар жүруде, бірақ бірде-бір бюджетті түгімен жүйелі асауды жоққа шығаратын, мемлекет пен қоғамның алдындағы жауапкершілікті күшейтетін нақты саясатты айқындайтын әрекет жоқ. Қай сала болмасын, жемқорлықтың ізі бар.
Кешегі Кеңес үкіметінде экономикалық қылмыстың салдарынан түрмеге қамалғандардың саны бірінші орында болды, дегенмен сәйкесінше баладан бастап еңкейген қарияға дейін тиісті идеологиялық бағыттағы жүйе жүрді. Бәлкім, капитализмнің дерті осы жемқорлықтың болуы заңдылық десек те, Исландия, Норвегия, Дания, Сингапур, Германия, Араб елдері сияқты нарықтық талаптағы мемлекеттерде жемқорлық жүйесі әлсіз не тіптен жоқ. Сонда сондай жәннатты орнатып отырған сол жақтағылар - не жеп, не ішіп отыр екен деймін да?!
Осыдан шығатын түйін - елімізде бәрін шетінен қылмыскер қылып тәрбиелеуден гөрі, қылмескер емес қылып тәрбиелеу қайырлырақ шығар, ол үшін механизмдер керек. Ол енді басқа әңгіме...