Марат МЕКЕБАЕВ, дәрігер травматолог:
— Қазақ халқы әрдайым әйел баласын, ананы қадір тұтып, құрметтей білген. Бүгінде қыз келіншектер жұмысбасты болып, үй тірлігінен қол үзе бастады. Еріне әйелі тәуелді болғысы келмейді. Ондай отбасылар көбіне ажырасып тынады. Кешке жұмыстан шаршап келгенде алдынан күлімдеп әйелі, еркелеп балалары шықпаған отбасында қандай береке болсын?
Жалпы адам қоғамдық жұмыста өзін еркін сезіну үшін оның арқасүйер отбасы болуы керек деп ойлаймын. Әйел жалғыз болса, еркін жұмыс істей алмайды. Себебі оның артында қолдайтын ешкімі жоқ. Отбасылы әйел өзін еркін сезініп, жақсы басшы бола алады. Жақсы әйел билік басында жұмыс істеп отырған кезде бала тууды, отбасын құруды ұмытпайды.
Мен әйелдің дәрігер, мұғалім, бюджеттік салада жұмыс істеуіне қарсы емеспін, алайда биік мансапқа ұмтылуын қолдамаймын. Жалпы, «әйел теңдігі» мәселесі деп қанша пікір айтылғанмен, шындығында келгенде жаратылыс тұрғысынан әйел мен еркек тең емес. Әрқайсысы өзіне тән қасиеттерімен ерекшеленеді. Әйел денедегі жүрек болса, еркек сол денедегі ақыл іспетті. Жүрек ақылсыз, ақыл жүрексіз өмір сүре алмайды. Жүректі ақылдан жоғары, ал ақылды жүректен артық деп айту мүмкін емес. Сондықтан, әйел еркектен жоғары немесе төмен деп айту, дұрыс айтылған пікір емес.
Дана Байгожина, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың магистранты
— Тарихы сан ғасырлардың қойнауына кететін еліміздің арлы-бергі тарихына қарайтын болсақ, халқымыздың басып өткен жолдарын айқындауға септігі бар үлкенді-кішілі деректердің саны қаншама? Кемеліне келген елдер өз тарихының әрбір бетін қастерлейді. Сол сияқты, біздің тарихымызда да үлкен бір «заңдылық» бар. Тоқсан тарау тағдыр, танымы терең тарих. Танымды тарихымыздың өткеніне зер салып қарасақ, қазақ қоғамында небір батыр аналар мен қыздар болған. Қазақ келешек ұрпақтың тегін ойлап, жеті атаға дейін қыз алыспаған. Демократиялық мемлекетте гендерлік саясат болуы заңдылық. Қазақтың саналы азаматтары қашанда қызды жоғары бағалап, мәпелеп өсірген. «Алып анадан туады» демекші, біздің қайсар аналарымыз талай-талай таланттарды дүниеге әкелді. Қазақ әйелін ешқашан төмендетіп көрмеген, сонда біз қалай теңсіздік деп айта аламыз? Гендерлік саясатты қолдаймын немесе қолдамаймын деген пікірдің өзі дұрыс емес. Талантты, білімді әйел ешқандай тосқауылға қарамай, отбасын құрып, билік басында отырып, керек десеңіз министр қызметін де атқара алады. Сондықтан әйелдердің теңдіктен бос қалады деген бос сөз, жарысудың қажеті жоқ. Әрине, Еуропаға еліктеп, қыз-келіншектердің барлығы саясатқа араласса, отбасының бере- кесін кім сақтайды, балаларды кім тәрбие- лейді? Дегенмен, ел болатын халық түбін ойлайтыны белгілі. Бастысы — елдің ертеңін жасайтын бүгінгі жас ұрпағымыздың тәрбиесі мен білімінің деңгейі. Негізгі тәрбиешісі- отбасы. Батыс Еуропа елдерінен жақсы, қажетті нәрселерін ғана алуымыз қажет. Керісінше олар біздің мәдениетімізді, салт- дәстүрімізді, тәрбиемізді үйренсін. Лауазымы жоғары әйелдер елдің мақтанышы, қоғамның айнасы болуы керек. Қандай әйел басшы болса да өзінің міндетін ұмытпасын. Біз бұрынғы ата-бабалардан ақылды емеспіз. Ата-бабаларымыздың қанымен қол жеткізген кең-байтақ еліміздің жеріне иелік ететін ұрпақ санын көбейту керек.
Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА, саяси ғылым-дарының докторы, доцент:
— Алдыңғы қатарлы елге ұмтылған қоғамда гендерлік теңсіздік және теңдік мәселесі де «ұлттық идеяны» айқындаушы факторлар қатарында. Қазақ қоғамы үшін қолдау тауып та, сыналып та жатқан кереғар пікірлердің алмағайып түсуіне ықпал етіп отырған мәселе – осы. Әйелдер мәселесі тарихи жағынан алғанда да, бүгінгі шынайы уақыт шеңберінен алғанда да бұқаралық санаға әсер ететін, қоғам дамуына да ықпалды көпшілік құбылыстар қатарында. Қазақ қоғамы үшін гендерлік саясат мәселесі ұлттың менталитетіне, елдік сананың ерекшеліктеріне қарай күштеп, таңып енгізу артық. Әрине, шығыс елі, сондай-ақ халқының басым бөлігі мұсылмандар саналатын Қа- зақстанда гендерлік саясат батыста дамыған, оларды мынадай үлгісі бар деп толықтай соны көшіруге, не еліктеуге мүлдем болмайды. Қазақ тарихында, ұлт мәдениетінде, салтында, дәстүрінде әйел адамның, қыз баланың қоғамдағы орны ең алдымен отбасындағы орнымен қадірлі саналған. Сол үшін де әйелдерді жаппай гендерлік саясатқа таңып үлкен саясатқа, мемлекеттік қызметке не қаржы, өндіріс, коммерция т.б. салаларында да алатын орны мен абырой ерекше. Дегенмен дамыған демократиялық елдердің құндылықтары, атап айтқанда әйелдерге қатысты саясатына еліктеуден гөрі, өзімізге жақын ұлттық саяси ұстаным, өте білікті де аса нәзік саясат дұрыс деп санаймын. Яғни әйел адам қоғамымыз үшін болашақ ұрпақты жалғастырушы ана, мемлекет өміріндегі жауапты қызметкер, отбасындағы аяулы жар екендігін біз ешқашан науқандық саясатқа айналдырмауымыз қажет.