Алла тағала құлына тек күші жететін нәрсесін ғана міндеттейді[5]. Өйткені Ұлы Жаратушы иеміз бізге ауырлық емес, жеңілдік қалайды. Сондықтан Алла ауырған адамға ораза тұтпауына рұқсат берген.
Бұл жайында Құранда былай делінген: «Рамазан айы туғанын көрсеңдер ауыздарыңды бекітіңдер. Ал кім де кім, сырқаттанса немесе жолға шықса (аузын ашуына рұқсат) басқа күндері қаза етсін. Алла сендерге ауырлық емес, жеңілдік тілейді..!»[6]. Тағы бір аятта: «Өз-өздеріңді қауіп-қатерге итермелемеңдер», - дейді.
Осы және басқа аяттарды негізге ала отырып ғалымдар: «науқас кісінің ораза тұтпауы кейде уәжіп, кейде мубах/рұқсат болады. Егер науқас кісінің ораза ұстауы өлімге алып келер болса, бұл адамның оразаұстамауы уәжіп (міндет). Ал егер ауыз бекітуі сырқатын арттырар болса немесе жазылуын баяулатар болса бұл жағдайда ораза ұстамауына рұқсат»[7], - деп үкім шығарған. Ендеше, ораза ұстай алмайтындай сырқат болсаңыз сізге ораза ұстау парыз емес. Бірақ науқасыңыздан айығып, ауыз бекітуге шамаңыз келген кезде тұтпаған күндеріңізді қаза етіп өтейсіз. Бұл кәффарат (арасы үзілмей ұсталатын) өтеміне жатпайтындықтан, бөліп-бөліп тұтсаңыз болады. Ал, бұған да денсаулығыңыз жарамаса, онда оразаның әр күніне пидия[8] төлейсіз. Пидия төлеуге де шамаңыз жетпесе, Алла мейрімді, кешірімді. Пендеге күші жетпейтін нәрсені міндеттемейді.