0 дауыс
852 көрілді
Ғылымдардың патшасы не? және Не үшін?

1 жауап

+1 дауыс

Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де ақымақшылық.

Абай

Математика... Сені жұрт «ғылымдар патшасы» деп құрметтейді. Ал мен үшін сен биік шың болып алыстан көз тартасың. Кейде сенің ұшар басыңа қиялап қыран, өрмелеп жылан шыға алмай жатады. Саған талпынып биігіңе жетсе, көлеңкеде емес, күн көзі шыжғырып тұратын күнгейден көрінуі керек! Ал мен биік шыңның шынарында тұрмасам да, тырбанып алға ғана ұмтылып, өрмелеп жатқаныма мәзбін. Шыңыңа жетермін бе, әлде жетпеспін бе?

Жалпы адамзат тарихына үңілсек, математика ғылымының кіндігі де, тұсауы да кесілген жер – ертедегі Шығыс, яғни ежелгі Египетте, Финикияда, Қытай мен Индияда, екі өзен аралығындағы Вавилонда алғашқы математикалық тұжырымдар пайда болған. Сайын далада көшпелі ғұмыр кешкен біздің ата–бабаларымыз үшін де математика ғылымы жат болмаған. Қазақ – тумысынан математик, дарынды да қарымды халық. Оған ешкімнің дауы болмаса керек. Қай дәуірді алсаң да, қазақтың қайраткерлері айбынымен де, айбарымен де, ақыл-парасатымен де, қарым-қабілетімен де дараланып тұрады ғой. Ғылымды өмірінің мән-мағынасына балаған, мамандығын ар туындай ұстаған Асқар Жұмаділдаев «Қазақ балалары математикаға өте қабілетті келетіні рас. Қазақ – ілім-білімнің кез келген саласына бейім халық. Оның бір себебі – біздің ұлтымыздың өз тарихында көп сұрыпталғанынан. Небір алапатқа ұшырадық. Мұндай құбылыс адам бойында ширығуды, өмірге, қоғамға икемделе өмір сүруге деген ішкі түйсікті оятады. Ішкі түйсік логикаға, ал логика есепке жетелейді», - деген болатын. Сондай-ақ, ол ертедегі қазақ жылқышыларының алдынан ағын судай жөңкіліп өтіп жатқан үйір-үйір жылқыны көзбен «іліп» санап үлгеретіні және ойыншы жігіттердің «теңге ілу», «жамбы ату» ойындарында теңгені қапысыз іліп алу не жамбыны қағып түсіру үшін белгілі бір арақашықтықты, ағызып келе жатқан аттың жылдамдығын, қас-қағым уақытты асқан дәлдікпен есептеп әрі тепе-теңдік сақтауы қазақтың асқан математикалық интуицияға, қабілетке ие болғанын дәлелдейтіні жөнінде әдемі пікірін білдірді. Ғалым-математик өзінің осы сұхбатында батырлар жырын қызыға оқып өскен қазақ баласы ондағы бейнеленетін тұлпарлар шабысына еліктемей тұрмайтынын да айтады. «Себебі бұл – динамиканың, қозғалыстың көзге көрінбес жері, ықпалы. Динамика – математиканың қозғаушы элементі», - деп тұжырым жасайды. Асқар Жұмаділдаев ағамыздың осы ой-толғамдарының алдында мен бас ием. Сары далада ұшқан құспен, жүгірген аңмен, жауған жаңбырмен, соққан желмен жарыса өскен қазақ баласының қанында ата-бабаларынан дарыған қисын, логика, динамика бар екендігіне көзім жеткені рас.

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйсінерге жарар ол», - деп Абай атамыз айтпақшы, қазақ жерінде математиканың сүйегін кемірген ғалым ағаларымыз баршылық. Солардың ішінде ауызға бірінші түсетіні – Әлімхан Ермеков. Өткен ғасырдың басында ерекше зеректігімен көзге түскен ол – қазақ топырағында тұңғыш математик ғана емес, халқының ұлттық мүддесі үшін күрескен қайраткер.

Тарих көшінде өзіндік ізін қалдырған тағы да бір екінші тұлға – Сәдуақас Боқаев Хасенұлы. Ол – физика-математика ғылымдары бойынша қазақтан шыққан тұңғыш ғалым. Өзінің қысқа, бірақ жарқын да мазмұнды өмірінде математика ғылымын дамытуға зор үлес қосқан. Сәдуақас ағамыз, өкінішке орай, 1937 жылы репрессияға ұшырап, ажал оғына атылды. Ол атаның ғана емес, күллі қазақ халқының сүйген перзенті болып қала бермек.

Осы заманда математика ғылымының Қазақстанда дамуын, әлемдік аренаға шығуын сөз етсек, академик-ғалым, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының иегері Орынбек Жәутіков Ахметбекұлының есімі еріксіз ойға келеді. Оның физика-математика ғылымдарына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Орынбек Жәутіков – ардақты есім!

Қазіргі кезде еліміздің жас математиктері көптеген халықаралық білім сайысында жоғары жетістіктерімен көзге түссе, көш бастаған профессор-ғалымдарымыз тың ғылыми жаңалықтарымен барша әлемдік қауымдастықты таңғалдырып, қазақ халқын қуантып жүр. Солардың ішінен ең көп шәкірт тәрбиелеген ғалымдардың бірі, академик, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, әйгілі Штурм-Лиувилл операторының әмбебап формуласының шешімін тапқан Мұхтарбай Өтелбаев ерекше көзге түседі. Ал менің жан-дүниемді ерекше тебіренткені – отыз жылдан бері шешілмей келген, «Нобель» сыйлығының иегерлерінің өзі шығара алмаған Нагата есебінің түйінін тауып, айды аспанға бір шығарған Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Уалбай Үтмаханбетұлы Өмірбаев. Жанкешті еңбекқорлығы мен ұғымтал зеректігінің арқасында қазақ ғалымын бүкіл әлем мойындады. Оның ғылыми шығармашылығына пікір жазған 19 адамның 17-сі шетелдік ғалымдар. Бұл қазақ ғалымы Уалбай Өмірбаевтің және Қазақстандағы математика ғылымының жоғары әлеуетін көрсетсе керек. Сондай-ақ, Ақтөбе облысының Байғанин өңірінен шыққан математик-ғалым Кенжеғали Кенжебаев ағамызды қалай мақтаныш етпейміз!? Бүгінде ол басқарып отырған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе Мемлекеттік университеті – математика ғылымының елімізде дамуына үлес қосып отырған санаулы оқу орындарының бірі. Бұл туған жерімнің қай түлегіне болмасын мақтаныш ұялатары сөзсіз.

Сөз құраған көп қазақтың бірі болам,
Бала-шаға қамын жеген тірі болам.
Алла жалғыз, Абай жалғыз, күмәнім жоқ, 
Әл-Хорезми жолын қуған ірі болам, - деп әлемге жар салған Асқар Жұмаділдаев жайлы мақтана, жігерлене, сүйсіне сөз қозғаймын. Жомарт табиғаттың өзі жарық дүниеге тым сирек, сараң сыйлайтын дархан дарын иелері болады. «Олар – өзгелерден озық, оқшау тұратын, есімі ел аузында ертегіге айнала жаздаған, туған халқының мерейі мен мақтаны болғандай тамаша таланттар», - деп Зейнолла Қабдолов бекер айтпаса керек. Сондай сирек ұшырасатын ірі де іргелі тұлғалардың бірі – Асқар Жұмаділдаев. Ол туралы сөйлеу аса қиын. Өйткені, ол – қыр-сыры мол, жан-жақты жүйрік. Сондықтан да шығар, көптеген ғұмырнамалық кітап жазып жүрген аға-апаларымыздың осындай қазақтың маңдайына біткен дара ұлы туралы естелік кітап жазбайтыны! Бәлкім жазылар, жазылып жатқан да шығар, том болып тарихта қалар. Оның есімі қаршадайынан қазаққа таныс, ал қазір ол әлемдік деңгейде танымал. Оның әңгімесіне құлақ түрсем, бейне бір шетелдік адамды қазақ тілінде тыңдап отырғандаймын. Мені тәнті еткені – осы, яғни әлемнің айтулы елдерінде айлап емес, жылдап қызмет етсе де, ана сүтімен бойына дарыған тіліне жетік, қылаудай кір шалдырмағаны. «Ақын жанды болмаған адам математик те бола алмайды», - деп айтқан орыстың ұлы математик қызы София Ковалевскаяның осы сөзі Асқар ағамызға арналғандай.

Түнгі аспанда бір шоқ жұлдыз ерекше жарқырап көрінсе, қазақтың математик ғалымдары да әлем көгінде оқшауланып, нұрлы сәулесін шашып тұратындай маған әсер қалдырады. Олардың төккен сәулелерінің соңынан ерген шәкірттері білім мен ғылымның нәрін бойларына сіңіруде. Бұған олардың әлемдік деңгейде қазақтың намысын қорғап, жеңімпаз болып, жүздеп жүлдегер атанып, алтыннан алқа тағып келуі дәлел. Қазақ ғалымдары математика ғылымының өсіп-өнуіне үлес қосып, өзінің айшықты ізін қалдыра білді. Математиканың менің елімде өрісін тауып отыруы Қазақстанның қарқынды дамуына жол ашып, алдыңғы қатарлы экономикасы мықты ел қатарынан табылатынына сенемін. Өйткені, математика – дүниені түлететін, жаңартатын, ел мерейін өсіретін ғылым. «Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі», - деп белгілі арысымыз Халел Досмұхамедұлы айтпақшы, ғалымдарымыз еңбегімен халқымыздың зор құрметі мен сүйіспеншілігіне бөлене берсін! Жаса, жарқырай бер, математиканың жарық жұлдыздары!

...