0 дауыс
676 көрілді
Мінекей, ырыс-құттың бастауы, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы, сұлулықтың символы – көктем де келіп жетті. Жаңа күнді жаңа заман қалай қарсы алады?

1 жауап

0 дауыс
Жаңа күнді жаңа заман қалай қарсы алады?..

Мінекей, ырыс-құттың бастауы, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағы, сұлулықтың символы – көктем де келіп жетті. Керуенін шұбатып жеткен көктемнің алғашқы мерекесі – аналар күнін, арулар мерекесін жайма-шуақ көңілмен қарсы алып, қимастықпен шығарып салдық. Ендігі мереке – Наурыз мейрамы. Ақ түйенің қарны жарылған күн, Самарқанның көк тасы жібіген күн, Ұлыстың ұлы Наурызы.

Қанша жылдан бері қазақи қасиетінен жоғалтпай келе жатқан, қанша зұлмат жылдарды басынан өткерсе де, ұлт санасынан өшпеген, қазақ халқының өткенін де, болашағын да бірге өткізіп келе жатқан төл мереке, жаңа күн. Ал Жаңа күнді жаңа заман қалай қарсы алады?..

Ел басын қара бұлт шалған шақта тойлауға тыйым салынып, тасада ескерусіз қалған Наурыз мейрамы тәуелсіздігімізді алғаннан бастап тойланып келе жатыр. Осы уақыттың ішінде мерекенің аталып өту деңгейі бұрынғысынан жоғарыламаса, кемімеді деу артық емес шығар …  Иә, осы уақытта орыстың «жаңа жылы» да қатар аталып жатыр. Бірақ бұған қарап «Наурыз – мереке болудан қалыпты, өз бағасын жоғалтыпты» деу мүлде дұрыс емес. Керісінше, бүгінде төл мерекеміз бұрынғыдан әлдеқайда жоғары деңгейде тойлануда. Бүгінде көпшілік орыс мерекесімен салыстырмалы түрде ұлыстың ұлы күнін көбірек күтеді, қуана, шаттықпен қарсы алады. Жайма-шуақ көктемнің жаншуақ мерекесі қазақ елі үшін аса қымбат. Сонымен қатар, Наурыз мейрамы біздің ұлттық құндылықтарымыздың қайнар көзі. Ал ұлттық құндылықтарымыз – елдігіміздің дәлелі. Демек, ұлыстың ұлы күнінің қазақ тарихында да, мәдениетінде де, өнер, әдебиетінде де алар орны ерекше. Ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтардың қаймағы саналатын ауыл-аймақты қоспағанда, ірі қалалар мен елді мекендерде де жаңа жыл жоғары деңгейде аталып өтеді.
Наурыз – бұл жай ғана мереке емес, бұл нағыз тәлім-тәрбие, адами болмыстың символы. Наурыздағы ел-жұрттың үй-үйді аралап, бір-біріне ізгі тілектерін жаудыруы – осыған дәлел. Бұл мерекені үлкен кіші, кәрі-жастың асыға күтетіні анық.

Мен білім алып жүрген білім ордасы қазақы тәрбиенің ордасы, қара шаңырағы. Біз жыл сайын Наурыз мерекесін шат көңіл, адал ниетпен, қуана, құшақ жая қарсы аламыз. Қазақылығымызды дәріптейтін қадірлі мерекеміздің біз үшін орны бөлек. Ырыс-береке беретін, пәле-жала жерге енетін күн де алыс емес. Ұлыстың ұлы күнін бірлесіп күтейік, құшақ жая қарсы алайық деймін сөз соңында.

 

Дана Русланқызы

Салт-дәстүрге  берік қазақ қоғамы – өмір-тұрмысынан, шаруашылық-тіршілігінен  қалыптасқан,  дүниетанымынан туындаған мәдени қоғам. Ақыл-парасат пен тәлім-тәрбиеге негізделген ұлттық дәстүрдің дараланатын, ұстанымдардың ұлықталатын   айнымас жиынтығы іспеттес. Осы орайда ерекше атап өтетініміз – қазақи болмыстың айқын көрінісі – дәстүрлі мерекелер.

Сана,  тағылым,  тәрбие,  тіршілік ережесі ретінде  ел зердесіне рухани байлық  болып есептелетін  ілтипат пен ізгіліктің, ақыл мен парасаттын  мейрамы  – Наурыз. Жаңа күннің, жаңа тілектердің, жаңа үміттердің бастауы, жаңару күні. Наурыз бата беріліп, науырыз тілек айтылатын, наурыз жыр шырқалатын, наурыз жұмбақ шешіліп, үйге үт кіретін   адалдықтың мерекесі.   «Аурулар сауығамыз деп, аштар тойынамыз деп, жалаңаштар киінеміз деп күн көреміз» деген үлкен үміт, шуақтардың уақыты.

1926 жылдан бастап, тоталитарлық жүйенің ықпалымен наурыз мерекесі тойлануға тыйым салынды. Көп жылдар бойы ұмытылып, сынын жоғалтқан мереке 1988 жылдан бері қайта жаңғырып, өз дәрежесінде тойлау қолға алынды.

Құрсаулар мен бұғаулар арасынан аман өткен дәстүрлі  жаңа жыл күні қайын ата мен келiн, күйеу бала мен қайын ата арасындағы әзiл де жарасымды. Қызыр ата өз мейірімін төгетін бұл күн  таң шапағын қарсы алудан  басталады. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қағиданы берік ұстана отырып,  жан-жақты тазалап, гүл егіп, ағаш отырғызуға аса мән беріледі.   Үйдегі ыдыстар  айранға, сүтке немесе бұлақ суына толтырылады. Жастар алтыбақан құрып, тойдың сәнiн кiргiзедi. Рухани әлемімізді байыту мақсатында ақындар айтысып,  әншілер әсем дауысымен құлақтың құрышын қандырып, күйтартыс өткізіп, палуандар күресіп, шабандоздар  ат жарыстырып жатады. Ұлттық ойындардың бәрі дерлік ойналып,  халықтың қыстан құлазып шыққан көңілдері медет табады. Бойжеткендер соғымның соңғы етiн уызға салып пiсiрiп, ұнатқан жiгiттерiне тартады. «Ұйқыашардың» қарымтасына жiгiттер «селт еткiзер» рәсiмiн жасайды. Яғни, қалауынша айна, тарақ, әтiр суын сыйлайды. Ең бастысы, халықтың көңілі жаңарады.

Салт-дәстүр санадан сырт  қалып жатқан мына заманда  өгiз сойып, қазан көтермесек те   халықтық мерекемізді   көңіл-қошымызды қандыратындай өткізіп жүрген жайымыз бар.

Наурыз –  ақ түйенің қарны жарылып, жер ананың тамаша күйге еніп, айнала бақыт пен шаттыққа кенелетін күн ретінде  қасиетті болған,  бола бермек.  Ұлттық құндылықтың айнымас үлгісі  – наурыз мерекесінің қазақ қоғамына берері зор. Жаман ниеттер мен арам пиғылдардың жоғалатын уақытында дәстүрімізді жоғалтып алмайық!
...