0 дауыс
14.2k көрілді
Қыз сыны. Балабақшада қыз сынын ұйымдастыру сценарий керек?

1 жауап

0 дауыс

"Қыз сыны" байқауының сценарийі

Жүргізуші: Қайырлы күн, байқауымыздың қонақтары! Сіздермен бүгінгі мерекеде қаышқаныма қуаныштымын! Бүгін - ерекше күн. Баршамыздың да көңіл күйіміз көтеріңкі әрі қобалжудамыз. Бүгінгі ұйымдастырылып отырған "Қыз сыны" байқауын ашық деп жариялаймыз!

"Қыз сыны" байқауының қатысушыларын қошеметпен қарсы алыңыздар! (Көңілді әуен ойнап, қыздар ортаға шығады)

Жүргізуші: Сүйкімді арулар, ортада тұрған гүлден бір-бір күлтеше жұлып алыңыздар! Күлтешенің артында жазылған нөмір сіздердің реттік нөмірлеріңіз болмақ. (Қыздар гүл күлтелерін жұлып, өз нөмірін айтып, дайындалуға кетеді)

Жүргізуші: Нөмірлер белгіленді. Олай болса, байқауымыздың кезеңдерін атап өтейік. Біздің сайысымыз 6 кезеңнен тұрады. 

1. "Таныстыру"

2. "Би өнері"

3. "Сәнді киім"

4. "Мен өскенде..." тақырыбында ой қозғау

5. "Сыңғырлаған дауыс"

6. "Мен - әртіспін"

Жүргізуші: Барлығы түсінікті болса, сайысымыздың бірінші кезеңін бастаймыз! 

І кезең "Таныстыру". Қатысушылар шығып, өлең жолдары арқылы өзін-өзі таныстырады.

Жүргізуші: Тамаша! Қатысушыларымызбен таныстық. Ендігі кезек әділқазы алқасында. Қандай баға қоясыздар?

ІІ кезең "Би өнері". Қыздар би билеп, өнерлерін көрсетеді.

Жүргізуші: Екінші кезең де аяқталды. Әділқазы алқасы мүшелері қандай баға берер екен?

(Баға беріледі). Өте жақсы көрсеткіш, қыздар! Ендігі үшінші кезеңге кезек берейік!

ІІІ кезең "Сәнді киім". Байқау қатысушылары сәнді көйлектерін киіп, сән көрсетеді.

Жүргізуші: Неткен сұлулық! Біздің қыздарымыздың барлығы ең жоғары бағаларға лайықты. Әділқазы алқасы келіседі ме екен? (Баға беріледі) Би биледік, сән көрсеттік, ендігі, аруларымыздың арман-мақсаттарын білетін уақыт та келген сияқты.  Келесі кезең - "Мен өскенде..."!

IV кезең "Мен өскенде...". Бүлдіршіндер өздерінің арман-мақсаттарын айтады. 

Жүргізуші: Мұндай дара да дана қыздардың дәл біздің балабақшада тәлім алатынына қуаныштымын! Армандарың алысқа жетелесін, қыздар! Әділқазы алқасының бағасын білейік! (Баға беріледі) Енді ару қыздарымыздың әнінен ләззат алайық! Бесінші кезең - "Сыңғырлаған дауыс".

V кезең "Сыңғырлаған дауыс". Байқауға қатысушы өнерпаздар ән айтады. 

Жүргізуші: Беу,шіркін! Қарап тұрсам, біздің қыздарымыз Бибігүл, Роза апаларының ізін басып, тамаша әнші болатын сияқты. Бүлдіршіндерімізідің әні барлығыңызға ұнады ма?Әділқазы алқалары қандай баға берер екен? (Баға беріледі) Ендігі, байқауымыздың ақтық кезеңіне де кезек келді. Аруларымыздың жан-жақты дарынды екенін байқадық. Ал әртістік шеберліктер қандай екен? Бірге тамашалайық! Ақтық кезең - "Мен - әртіспін".

VI кезең "Мен - әртіспін". Сынға түскен бүлдіршіндер түрлі рөлдерді сомдап, әртістік шеберліктерін көрсетеді.

Жүргізуші: Біздің сайысқа қатысушы бүлдіршіндеріміз сондай өнерлі екен. Өнерімен баршамызды тәнті еткен қыздарымызға әділқазы алқасының мүшелерінің берген бағасына назар аударайық! (Баға беріледі) Олай болса, керемет кешіміз де өз мәресіне жетті. Өнер көрсетілді, бағалар берілді. Қорытындысын бірге берейік! Әділқазы алқасының төрайымын ортаға шақырамыз! 

(Байқау нәтижесі айтылып, бүлдіршіндер марапатталады)

Жүргізуші: Сүйкімді арулар, сіздерді құттықтаймын! Құрметті, қонақтар, бізбен бірге болып, байқауға қатысушыларымызға қолдау көрсеткендеріңізге рахмет! Кешіміз аяқталды! Сау-саламат болыңыздар!

...