Жүректі сыздатып, көкіректі қарс айыратын шығармалардың шоқтығы биігі осы əңгімелер шығар, сірə. Көлемі шағын болғанымен, əрбір сөйлемінің, нүкте-үтірінің астында ауқымы кең, ойлауға ауыр дүниелер сапырылып жатыр. Құндылықтарды қайта ой елегінен өткізіп, тебіренісің, шіркін. "Қорғансыздың күні" жинағымен танысуымды "Жетім" əңгімесінің аудионұсқасын көшеде тыңдап жүріп бастадым. Содан не керек, дереу кітабын алдым.
Бұл кітапты қолға алған сəттен бауыры бораннан босамайтын, бұдыры жоқ жалаңаш Арқалық сипатталып басталды. Табиғаттың қатал көрінісінің сипатталуы тегін емес екен: бейшара халыққа табиғат та пана болып жарытпапты. Содан барып қорғансыздар: жесір кемпір, орта буындағы жесір əйел мен жетім Ғазиза емес, ол - тегіс халық екенін аңғаруға болады. Бір жақсылықтың нышанын кездестіру үмітімен қайғы үстіне қайғы көрпедей жинплып, жүк болған кітап беттерін, кітап беттерін емес, тарих парақтарын ақтарып отқанда тасқа қашалғандай ауыр ізін қалдырды да кетті...
Қазақ жұртының жарасынан сыр шерткен шығарма өткен ғасырдың бірінші ширегінде жазылған.