0 дауыс
712 көрілді
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты жазушы Кеңес Юсупов өмірбаяны керек? Жазушы Кеңес Юсупов Сіләмханұлы өмірбаяны?

1 жауап

0 дауыс

БОЛСА ДА ӨЗІ МЕРГЕН АЗ АТАДЫ...

Әдетте, адаммен тез шүйіркелесіп, көңіліңнің кілтін оңай таба білетін адамның жан сырына үңілу оңай сияқты көрінеді. Бірақ бұл сыртынан пішілген тон іспетті үстірт пікір. Ондай жандардың шын сыры көңілдің терең қатпарында жатады. Өзінен гөрі өзгенің жоғын жоқтап, мұңын мұңдауға бейім келеді. Ескеріп-елеп жатса, сый көрсетсе, тасып кетпейді. Тасада қалса, тағы да реніш тұтпайды. Бірақ өзінің мұратына берік. Тайсақтамайды. Қызыл қайыңның безіндей шымыр да жеңіл, ешкімге өкпе-базына да артпайды, салмақта салмайды. Және сені еркінсітіп билеп-төстеуге де ерік бермейді. Қазақша ұғыммен айтсақ, мысы басып тұрады.

Азды-көпті араласқан он-он бес жылдың ішінде жазушы Кеңес Юсуповтың осы мінезден танғанын өз басым байқағаным жоқ.

Өмірдің сан қиысында сынға түскен шағын көрсем де ала жіпті аттағанын не жолда жатқан суыртпақты елеусіз қалдырғанын аңғармаппын. Қашан да таза, қашан да қарапайым, қашан да зиялы, қашан да қатты жаңғақ сияқты шымыр. Тіршіліктегі тұрмысы қилы-қилы мұқтаждықтан арылмаса да шағынғанын да байқамайсың. Алайда ішінде бір алаңның жүргенін сезінесің. Түбі бір үлкен кетікті бүтіндейтін кірпіш екенін біледі. Қаланса да сол арадан қайтып саңлау қалдырмайтындай боп бекуі үшін аңысын ұзақ аңдып, іштей тастүйін сайланып жүргені анық. Оны жасырмайды өзі, Бірақ қашан, қай уақытта? Оны ешкім тағы да айта алмайды. Тек үлкен бір құдіретті адамның тапсырма беруін күтіп жүргендей. Әйтеуір Кеңес ағамыздың көкірегінде бізге беймәлім бір шымырлаған мазасыздық бар,

Ер жігітің кемел кезінде айтылатын жомарт теңеулерге жүгінбей, суыртпақтап қана сөз тартқанымыз тосын да шығар. Бұл тілекті кім білдірсе де Кеңес Юсуповты көз алдына елестеткенде және аз да саз шығармаларын оқығанда арзан сырғытпадан бойын тарта отыратыны анық. Қазақ қаламгерлерінің арасында шығармасының мінезі оның иесіне тартқан саяқ жазушының бірі де осы ағамыз. Қанша рет асқақтау сөйлеуге оқталсаң да «сабыр, сабыр» деп өзіңе жымия қарап тоқтау салғандай болады.

Жазғаны әлі Одаққа мүше болмаған жас таланттың жариялап үлгерген дүниелерінен аз Кеңес Юсуповты ешкім де еріншек немесе қалам қуаты кайтқан деп айта алмайды. Ол сирек жазбайды, күн сайын қолынан қаламы түспейді. Бірақ әуелі өзін, содан кейін сөзін шымырлатқанның үстіне шымырлата береді. Балталық темірден – біз, астаулық ағаштан – ұршықтың сабын шығаратын кірпияз зергердің мінезі бар. Олақтық емес. Себебі, ол соншама мол дүниені игергенде мынау балтаға лайық не балтаның сабы шығатын нәрсе екен деп қарамайды, керісінше соның бойындағы қорытпаларды қалай ажыратып тебен шығарсам екен деп қиналады.

Азаптың азабы. Азапты сатып алған деген осы шығар. Онсыз тағы да көңілі көншімейді.

Мәселе, өзіңде жоқты іздеп, тырмысуда емес, артығын жона білуде. Аламан бәйгеде үстіне қалыңқы шан тисе кірпиязданып қалатын, өйтіп алған бәйгеден гөрі бойын таза ұстағанын қош көретін жүйріктер болады. Кеңес ағамыз да сол сияқты. Бәйге үшін, абырой үшін аласапыранға ермейді. Өзінің көкірегіндегі әбден иі қана шыңдалған шындықты шымырлатып жеткізу үшін қалам ұстайды. Өзін өзі қатты тежеп, тиесілі сыбағасынан қағылса да сол мінезінен әзірше жазған жоқ. Мұндай мінез біз білетін жазушының ішінде екі-ақ адамда бар. Бірі – Кеңес, екіншісі – Төлен Әбдіков. Іс басында отырғанын пайдаланып пікірімізге қиянат жасамас деп ойлаймыз. Шындық солай. Түбінде бір айтылуға тиісті ғой. Менің ойымша осы жасқа келгенше Кеңес Юсуповтың да естіп отырған алғашқы жылы сөздерінің бірі. Тұңғыш кітабы шығар шықпастан творчестволық портрет күтіп жүрген не оны әлдеқашан шығартып қойған бауырларының өжеттігіне сүйінем. Шіркін, кішіпейілділіктің кейде өстіп сызылып жүріп кешігіп қалатынына налимын. Дегенмен, әркімнің маңдайына жазылғаннан артық сыйдың өзі де рәсуа олжа ғой.

Елуді еңсергенше шығарған «Ақиқат сапары» мен «Қарашадағы көктем» атты екі жинақтың жалпы көлемі жиырма баспа табақтан аспайды. Алайда баспасөзде ең алғаш жарық көрген «Бәдәуи» мен «Желқайық» әңгімесі ізетті оқырманның көңілінде. Қабылқақ – Бәдәуи, Қабылқақ – Ләухилардың шағын әлемі бір күнгі тірліктегі бір мінезімен-ақ үлкен философиялық емеуірін тастайды. Өзен кемесінің капитаны Тұрсын мен жас теңізші Ғазиздің арасындағы үміт жібінің өзі («Қарашадағы көктем») өлшеулі тірліктің тініне құрылған. Тақырыптың өзі қатпар-қатпар оқиғаға лайық болғанымен жазушы оның сыртқы жалған қабыршағын сылып, кәдімгі тіршілік қалпына түсіріп, сол арқылы адам өміріне кешігіп келетін қуаныштың дәмін сезіндіреді. Кейінгі жылдары жалт ете қалған «Көрші-көрші», «Адал нан» атты әңгімелерінде Кеңес Юсупов бұрынғы ізденісін одан бетер тереңдетіп, бір күнгі көңіл-күй, мінез арқылы халықтық құлықты ашуға ден қойыпты. Артық сөз, кесек оқиға жоқ. Өзі жиі айтатын интеллектуальды прозаға мүлдем бейіл бергені байқалады. Ұстаз тұтатын К. Паустовскийдің бойындағы романтика Кеңес ағамыздың жүрегінен әлі өшпепті.

Бұл әлі шығармашылық арыны басылмаған, ұлы аламан бәйгеге қатысуды армандап, қара терін ғана алып жүрген жастық буырқаныстың барын байқатады. Кім том-том таңдамалысымен, кім он беттік әңгімесімен ел есінде қалады, оны ашып айту қиын. Ал Кеңес Юсуповқа келетін болсақ, өзінің жетінші атасы айтқан мына сөзге лайық іс бітіреді деп ойлаймын. Үлкен әкесі:

Болсам да өзім мерген аз атамын,

Шүрегей үйрек емес, қаз атамын,

- деген екен бір құрдасына. Сол сияқты, өзге бір адам, мысалы өзіміз апыр-топырын шығарып бір демалыста тәржімалап тастайтын Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» шығармасын екі жыл аударған Кеңес ағамыздың нысанасын ұзақ тандап, қиуын тауып бір-ақ рет ататын машығы барын ескерсек, шындық туралы шымыр сөзін келер күндердің сыбағасына қалдырып жүргенін аңғару қиын емес. Адырнадағы оқ атылмай қалмайды. Тек түлеуінен жаңылмасын дейміз. Үлкен тілек осы.

Тұрсын ЖҰРТБАЕВ.

Құттықтаймыз!

Жазушы Кеңес Юсупов 50 жаста

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты жазушы Кеңес Юсуповқа 50 жасқа толуына байланысты құттықтау жолдады. Онда былай делінген:

«Құрметті Кеңес Сіләмханұлы, Сізді Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының секретариаты, барша қаламдас достарыңыз жарты ғасырлық мерейтойыңызбен қызу құттықтайды.

Сіз көркем әдебиет табалдырығын оқырмандарыңызды елең еткізген сыршыл әңгімелеріңізбен 1959 жылы аттадыңыз. Одан кейін өміршең творчествоңызды журналистік қызметпен ұштастыра жалғастырдыңыз, Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар»), «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егеменді Қазақстан») газеттерінде, «Жұлдыз» журналында ұзақ жылдар бойы әр түрлі қызмет, сондай-ақ Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы қызметтерін атқардыңыз. Қазір Қазақ КСР Президенті және Министрлер кабинеті аппаратының Жалпы бөлімінің референтісіз.

Сіздің «Ақиқат сапары» («Жалын», 1977), «Қарашадағы көктем» («Жалын», 1980) әңгімелер мен повестер жинағыңыз, орыс тілінде жарық көрген «Бір құшақ дала гүлі», «Охапка полевых цветов». («Жалын», 1983) кітаптарыңыз кезінде жұртшылық жүрегіне жол тауып, оқырмандардан тиісті бағасын алды.

Сіз аударма саласында да сапалы еңбек етіп келесіз. Г. Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын, болгар жас жазушыларының «Гүлжазира» әңгімелер жинағын қазақ тілінде жатық сөйлеттіңіз.

Қадірлі Кеңес Сіләмханұлы, ердің жасы – елуге келіп, творчестволық толысқан шағыңызда, Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық соны табыстар тілейміз».

Ұқсас сұрақтар

0 дауыс
0 жауап
0 дауыс
1 жауап
0 дауыс
0 жауап
+1 дауыс
1 жауап
...