0 дауыс
56.8k көрілді
1.Мағжан Жұмабаевтың, ''Батып Баян'' поэмасының тақырыбы мен идеясы. 2.Осы поэмадағы кейіпкерлер 3.Кейіпкерлерге мінездеме. 4.Кейіпкерлер портреті 5.Көркемдеуіш тілдік құралдар (теңеу,эпитет т.б)

1 жауап

0 дауыс

«Батыр Баян» поэмасы - Мағжанның ақындық алып құшағын, қуатты суреткерлік талантын  мейлінше  танытқан поэма. Ұлттық эпостық және лирикалық дәстүрді жаңа көркемдік жан- жақты байытқан бұл поэма ақының поэтикалық мәдениетінің барынша толысып биік дәрежеге көтерілгендігін ерекше  танытты. Бұл поэманың жаңалығы Баянның  бейнесін  сомдады. Оның  портреті даму  үстінде  біртіндеп  айқындалды.  Поэмада  көтерілген тақырып - ұлттық  тақырып. Қазақ елінің ғасыр бойы көксеген арманы. Елім деп  еңіреген  перзентінің  кеудесін  жарып  шыққан  ыстық  сезімі.

Мағжан поэмасының табиғилығы соншалық- оқиға әбден шиеленіскенде Баян оңашаланып, өзімен-өзі  болып, істеген әрекетінің дұрыс бұрыстығын таразылайды. Жүрек сырын жайып салады. Бір ойы екінші  оймен  таласып, істеген ісінің ұшығына  жете  алмай, күманы молайып, арпалысатын кейіпкер, осы –Баян.

Сюжеттік-композициялық  талдау:

1. Шығарманың басталуы.

« Батыр  Баян» поэмасы Мағжан ақынның көңіл-күй сезімін  толғаудан басталады.

Жүрегім,  мен зарлымын жаралыға,
Сұм  өмір абақты  ғой  саналыға.
Қызыл  тіл, қолым  емес  кісендеулі,
Сондықтан  жаным  күйіп  жанады  да,- деп  ашынған  ақынның  ішкі  монологынан  басталатын  поэма  бірден  кесек-кесек  ой  ағытады. «Сұм өмір абақты ғой саналыға» деп  қызыл  империяға  ашықтан-ашық  айып  тағады. «Қызыл  тілім  кісендеулі»  деп  тіл  бостандығының  жоқ  екеніне  тоқталып « қызыл сұм»  деген көріктеуші және «кісендеулі» деп кейіптеу  арқылы  ақын  поэманың  тілдік  қуатын  арттырады. «Сұм  өмір күшті  уын аяды ма?»- деп  өзінің ауыр  тағдырын  қоса  жырлайды. Уақыт  өтер  ақынның  жолы « қанды  ор  боп  қалады»  деп  ақын  күңіренеді,  толғайды  көзіне  жас  алады.  Азаматтан  дос  таба  алмасаң,  қаламыңмен сырлас- дейді.  Ендеше,  ақында  қаламымен  сырласады.

Оқушылардың пікірі:

- Көкшенің  ғажайып  дидарына  көз  тоқтатып, қызықтайды. Көкшенің  жүрегі , жаным жаралы, деген метафоралық  тіркестер  арқылы  шығарманың  қуатын  арттыра  түседі.

- Поэманың  көкжиегі  біртіндеп  кеңейіп,  тарихқа  ауысады. Көкше бір сәт қазақтың ығайы мен сығайы  бас  қосқан  өлкеге  айналып жайнап  сала береді.

2. Шығарманың  дамуы.

-  Абылай  сөзінде Баян  жай  адам  емес.  Ханның  қанаты  екеніне  көзіміз  жетті.

- Ақын  бұл  жерде  Баянды Абылай  ханның сүйікті  батыры, қалың  жауға  қаймықпай барар  жолбарысы  дей  отырып, «сұңқардай, жолбарыстай,  аш  бөрідей »деген теңеулер  арқылы  ханның  батырға деген  ерекше  ілтипатын  көрсетеді. Ақын өзіне дейінгі  көркем  әдебиет дәстүрлеріне  сүйене отырып, психологиялық тәсілдерін  қолданады.

3.Шығарманың  шиеленісуі.  Ноян  бейнесі.

Интерактивтік тақтадан Ноян мен Толқыншаштың суретін көрсете отырып талдаймыз.

Қалмақ  аруы- Толқыншаштың  портретіне  көз  жіберу.

Сол сұлу, сұлу  екен  атқан  тандай,

Бір  соған  бар  сұлулық  жиылғандай,

Лебізі- жібек  лебі, жұмбақ  желі,

Кәусардай........ адам  қалар  қанбай,

Шын  ер  ғой  Батыр  Баян  алып  қайтқан

Еліне  сол  сұлуды  естен  танбай,- деп  ақын  психологиялық портрет - сұлудың   көркін, көзқарасын,   сөйлеу  мәнерін  суреттеу  арқылы  оның  әйелдік  нәзік  қасиетін  жеткізе  білген. Автор  Толқыншаш  бейнесін  ары  қарай  әр  қырынан  аша  түскен. Сұм  қыздың сақтығын  Ноянмен  терең  сайда  кездескен  сәтте  ерекше  суреттейді.

- Ақын   бұл жерде  қалмақ қызының  сұмдығы  мен  жас Ноянның  ақылсыздығын суреттей отырып, махаббат  үшін  елінен  безген, Отанын  сатқан, сатқындық пен  жексұрындықты  Ноян  бойына  жинақтайды.

- Екі  жас  аттарынан  ұшып  түсті, Бір-бірін құшып түсті,-  дей  отырып батырдың  ішкі  ойын  тереңдете  түседі. Қара  жер  де  екі  жастың  қанын  ішті,- деп  батырдың  жан  күйін   шебер  суреттейді. Батырдың  іс-әрекетін «Жаралы  жолбарыстай, арыстандай, желдей  ұшып,  сұңқардай  сорғалап» деген  теңеулер арқылы  айшықтайды.

4.Шығарманың  шарықтау  шегі.

- Баян ішкі монологы арқылы өзінің іс-әрекетін саралайды.  Ойы  екіге  бөлінеді. Бірі айыптайды. Екіншісі-ақтайды.Сол садақты тартқанда қолым неге сынып қалмады?-деп өзін-өзі айыптаса, -Жоқ,  жоқ,  әлде  өлтірдім  бе?

 Інімді  алты алаштың  намысы  үшін ,- деп,  өз  кінәсынан  арыла  бастайды.

   Алашта  өткен  екі  арыстан Ер  Көкше  мен Ер  Қосайдың  ұрпағымыз. Солардан  тараған  Сары  мен  Баян  барыстай  ойын  салған  сары  далада,- дей  отырып,  Ер  Баянның  інісі  Ноян  атадан  азып  туып,  бір  қыз  үшін  қалмаққа  құл  болды. Алашқа  бұдан  артық  шер  барма?- дейді.

 Ақын  Баянды  уақ  руының  ғана  батыры  емес  отаншылдық  биікте  самғаған  қыран  дей  отырып,  батырдың  ерлігін  ғана  емес,  жан  тазалығы  мен  ізгілігінде  көрсетеді. Себебі, Ноян - тұтқын  қызға  ғашық. Сезімнің  құлы.  Ал, Толқыншаш  туған  еліне  қайтуға  асық,  сананың  құлы. Қалмақ  қызы  отанына  оралу  үшін өзін  құрбандыққа  шалуға, жанын  беруге  белін  бекем  буды. Баян  да  қызға  ғашық, ал  туған  жеріне тіптен  ғашық. Оны  қызғаныштан  өлттірген  жоқ.

5.Шығарманың  шешімі.

Поэманың  екінші  тарауында  Баянның  ерлік  қылықтары,  іс-әрекеті  баяндалады.  Баян  бұл  жерде  өзінің  кінәсінан  арылу  үшін  Ноян  мен  қалмақ  қызын  есіне  алып  отырып, ауыр  дерттен  арылмақ  болып,  жауға  қарсы  щаппақ  болып Абылайға  келеді.Ордаға  жақындағанда  топ «Баяндап»  қарсы  алды. Бұлда  батырға  көрсетілген  ерекше  құрмет.

- Сонымен  Абылайда  екі сөз. Топ  келісіп  тарайды. Жұмсақ  жаздың  түбінде  ер  тұрманын  даярлап, ер  демалады.

 - Баян-  дара  туған тұлға. Ол  ерік  өзіңде, біз  неге  болса  да  дайынбыз  дейтіндерге  жатпайды. Абылайдың  шешіміне  қарсы  шығады. Ханға  қарсы  шығады, Абылайға  бағынбау  ниетінен туған  жоқ,  ханды  қателіктен  сақтандырады. Абылай-  ақын  идеал  көретін  мемлекет  қайраткері,  ел  көсемі. Батыр  да  ел  көсеміне  қарсы  шықпайды. Пікір  айтады.Келер  күнді  күтті. Жаудан  хабар  болмады. Шынымен  алданып  қалдық  па?-деп кең  ойлы  Абылай  ойланды.

- Сонымен , Қонай  сөзінен  соң Абылай  елге  қайтуға  жиналды.

- Баян оған көнбеді.Ақын Баян  бастаған батырлардың екпіндері  оттай  ойнап, Іле  өзенін  жайлап  жатқан  қалың  жауға « Абылайлап»  ат  қойды  деп  суреттейді.» Жүз  жолбарыс,жүз бөрі» деген  алмастыру, «жолбарыстай,  ақсұңқардай,  өрттей « деген  теңеулер  арқылы  поэманың  қуатын  арттыра  түседі.Сонымен  Баян  бастаған  мың  сан  қалмаққа  лап  қойды. Олардың  екпініне  шыдамай,  қалмақты  қара  басты. Аз  қазақ  көп  қалмаққа  ойран  салып,  көк  аспан  қара  түтін  шаңға  айналды.

 Слайд арқылы  суреті көрініп тұрады. Мұғалім қортындылайды.

Қалың  қол  ортасында  Батыр Баян

Баянның  батырлығы  алашқа  аян.

Екі  көз  екі  қызыл  шоқ  боп  кеткен

Аузынан  көбік  болып  бұрқырап  қан.

Оң солға  алдаспанды  сілтілегенде

Бұлақтай  қалмақ  ханын бұрқыратқан,- деп ақын  Баянның  қандай  шайқастағы  көзсіз ерліктерін бейнелейді. Оның батыл қимылдарымен жан әлеміндегі арпалыстары ерекше  суреттеледі.  Айқас –сөзге, сөз-айқасқа айналғандай асқан ерліктің тұтас бітімін тұрғызғандай, қайғы-қасірет күйін сөз өрнегімен ой шыңына жеткізгендей. Баянның соңғы демі біткенше, жалғыз өзі шабысады. Есіл ер  жаумен шайқаста дүние салады. Жау масайрады. Мейрімсіз қанішерлер батырдың өлігін де қорлап, басын кесіп алып, найзаға іліп, оңды-солды бұлғайды. Қос қоңтайшы Ұса Серен қуанып, қалмаққа алғыс айтады. Бірақ Абылайдан сескеніп, Қытайға ауып кетеді.  Сонымен Баян кім?

Ү.Кейіпкерлері Баян-Абылай бастаған ел азаттығы жолындағы күрескерлердің жиынтық бейнесі, елім деп еңіреген ерлердің бейнесі.

Баян бойындағы адамгершілік қасиеттері:   (Слайд арқылы көрсетіледі.)

А.Батырлығы алашқа аян, елдің еркесі. 

Ә.Ханның қанаты.

Б.Жаны таза, өзгеге зорлық жасамайды.

В.Намысшыл, Отан үшін інісінің опасыздығын кешірмейді.

Г.Ұлт қаһарманы, отаншылдық биігінде самғаған қыран.

Ғ.Дара тұрған тұлға

Д.Абай армандаған, Мағжан қостаған, «ақыл,қайрат,жүректі» бірдей ұстаған толық  адам.

...